Тең сөзі
Мұқағали поэзиясы — махаббат пен сенімнен тұратын, адамның ішкі рухын оятатын, тозбас қуатқа айналған әлем. Махаббат пен сенімнің өзі ерлік пен жүректілікті қажет етеді. Ақынды құдіретті ететін де — сол ерлік. Ә. Тәжібаев айтқандай, Мұқағали — өз дәуірінің сыршыл да биік болмысты ақыны.
Сөз патшасы — өлең. Өлеңнің өмір туралы сурет пен ойды кестелеу мүмкіндігі шексіз.
Кешегі Абайлар мен Қасымдардың жолын жалғастырған, табиғаты терең Мұқағали шығармашылығына оқырман ықыласы қашан да ерекше. Ол халқын жүрегімен қалтқысыз сүйді, халқы да оны шексіз сүйді, сүйеді.
Мұқағали — лирик ақын, адам жанының да, табиғат жүрегінің де жаршысы. 9-сыныптағы қазақ әдебиеті сабағын ақынның жырларымен бастау менің қалыпты дағдыма айналды. Мақсатым — Мұқағали поэзиясы арқылы оқушы жүрегіне әдебиет әлемінің ғажайыбын таныту, көп байқала бермейтін әдеби-теориялық иірімдерге бойлату, әдебиетті ғылым ретінде бағалайтын деңгейге жеткізу.
Бүгінгі оқушының бір бөлігі кітап оқу дағдысынан алыстап, ғаламтордың тұтқыны болып отырғаны жасырын емес. Сондықтан әдебиетті баланың көзімен қалай түсінетінін зерттеуге бет бұрдым. Мұқағали жырлары еңбектеген жас пен еңкейген кәріге дейін аузынан түспейтін ұранға айналғаны да белгілі.
Сабақтағы үш сатылы жұмыс
1-саты
Әр сабақта ақын жырларын өзім оқып, оқушыға оқыттым. Бұл — алғашқы қадам: мәтінмен тірі байланыс орнату.
2-саты
Оқушылар өлеңдерді тақырыптарына қарай топтастырды: табиғат, Отан мен туған жер, достар, туған-туыс, поэзияға арналған жырлар.
3-саты
Поэмаларды жаттатып, «Жалғастыр» стратегиясымен (бірінен кейін бірі іліп әкету тәсілі) есте сақтау қабілетін күшейттік.
Осылайша оқушылар ақын жырларын зерттеуге үйренді, троп түрлерін ажыратуға машықтанды. Сынып болып ортақ тақырып таңдап, Мұқағали поэзиясын бір бағытта жүйелі зерттеуге кірістік. Зерттеу тақырыбы: «Мұқағали Мақатаев жырларындағы теңеулердің жасалу жолдары».
Теңеу ұғымы және оның қызметі
Теңеу — заттың не құбылыстың ерекше белгілерін тікелей тізбелемей-ақ, оны басқа затпен немесе құбылыспен салыстыра суреттеу.
Қыр мұрының — таулардың сілеміндей, Нұр-ғұмырың — баулардың тілегіндей. Қарашы әне, майысқан аппақ гүлді, Дәл өзіңнің нәп-нәзік білегіндей!
Ұлт тілдерін дамытып, өркендетуге жан-жақты мән беріліп отырған кезеңде тілдік құбылыстарды ұлттың ойлау жүйесіне тән ерекшеліктер мен заңдылықтар негізінде зерделеу айқындала түседі. Көркемдік танымның аса қуатты құралдарының бірі ретінде теңеулерсіз көркем әдебиетті елестету мүмкін емес.
Бұл бағытта теңеулерді терең зерттеген Т. Қоңырұлы, Ө. Айтбайұлы, Б. Қалиев, Қ. Жұмалиев, Р. Нұрғалиев, Б. Манасбаев еңбектеріндегі тұжырымдарды басшылыққа алдық.
Қазақ тіліндегі теңеу жасаудың төрт тәсілі
1) Синтетикалық тәсіл
- -дай, -дей, -тай, -тей; -ша, -ше жұрнақтары арқылы
- шығыс септік жалғауы арқылы: -нан/-нен, -дан/-ден, -тан/-тен
2) Аналитикалық тәсіл
- сияқты, секілді шылаулары арқылы
- бейне көмекші сөзі арқылы
3) Синтаксистік тәсіл
- тең сөзі арқылы
- ұқсау сөзі арқылы
- құдды сөзі арқылы
4) Аралас тәсіл
- синтетика-аналитикалық: бейне + -дай/-дей; бейне + -ша/-ше
- синтетика-синтаксистік: бейне + тең; бейне + ұқсас
Мұқағали тіліндегі теңеудің өзгешелігі — теңестірудің тура әрі айқын көрінуі. Ақын теңеулерінде өткір ой мен әсерлі бейне астасып жатады: екі нысанды теңестіріп, ортақ белгі тудыра отырып, бір мағынаны дәл таңбалайды. Әр теңеу — ақынның сол сәттегі көңіл күйі мен ішкі әсерінің көрінісі.
Топтық зерттеу: қызығушылықты арттырған әдіс
Теңеу жасауды сырттай қарағанда жеңіл деуге болады. Алайда нағыз теңеуді қалыптастыру үшін метафорадағыдай салыстыру мен ұқсатудың бір бөлшегін ғана емес, тұтас сәйкестікті табу қажет. Сондықтан оқушыларды теңеудің түрлеріне қарай төрт топқа бөліп, бір деңгейдегі тапсырманы төрт бағытқа ұсындым. Бұл тәсіл олардың қызығушылығын айрықша арттырды.
Мысал: көркем бейнені бірден таныған сәт
Бұққан қоян секілді қыстау жатыр, Бұғып алып таудың бір қойнауына.
Бұл жолдарда ақын қыстың күні аппақ қар басқан қыстауды көз алдына тұтас көрініс етіп әкеліп, оны «бұққан қоянға» теңеу арқылы әсерлі суреттейді.
Күрделі теңеулерде ортақ белгі бірден байқалмайды. Оны тану үшін өлеңді тұтас оқып, автордың айтпақ ойы мен сезімін аңғару маңызды. Мұқағалидың күрделі теңеулері сырттай алыс тұрған құбылыстарды жақындастырып, салыстыру арқылы жаңа мағына өрістетеді.
Осы қиындықты еңсеру үшін Айгүл Әмірбекованың «М. Мақатаевтың бейнелі сөздер сөздігі» жинағын әдістемелік құрал ретінде ұсындым. Онда теңеулер екі топқа жіктеледі: дыбыс арқылы қабылданған теңеулер және көру арқылы қабылданған теңеулер.
Дыбыс теңеулері
Санада сақталған дауыстарды басқа дыбыстармен ұқсату арқылы жасалады.
Жетім жүрек бөрінің қаншығындай ұлиды. Жүрдек пойыз ботасыз өлген інгендей боздай берсін.
Көру арқылы қабылданған теңеулер
Адамның сыртқы болмысын санада сақталған басқа көріністермен теңестіру арқылы беріледі.
Қарғаның валетіндей едірейіп, Қасыңа мына біреу қайдан келген?
Гармоньның қатпарындай қырлары, Бір созылып, біресе қымтанады.
Тәсілдер бойынша нақты мысалдар
Синтетикалық тәсілге мысал
Үзіліп түскен алмадай, Үзіліп көңіл қалған-ай, Арыма басқан таңбадай, Арылмай қойды-ау дау-дамай! Тасыған көңіл арнадай, Таусылып бүгін қалған-ай! Қиылып қалған құрақты, Қиын да болар жалғау-ай!
Мұнда ақын кіршіксіз көңілдің кірлеуін «үзіліп түскен алмаға», бітпейтін дау-дамайды «таңбаға» теңеп, адам көңілінің арнадай тасуы мен суалуы мүмкін екенін көркем өрнектейді.
Аналитикалық тәсіл: «сияқты», «секілді»
Бірде олай ауытқып, бірде бұлай, Бір байламға келе алмай жүргенім-ай, Таулы аймақтың ауасы секілденген, Аумалы да, төкпелі күндерім-ай.
Байтақ ел, балауса тау, бозаң далам, Секілді бәрі менен көз алмаған, Кең дүние, кенде етсең сыбағамнан, Шырылдаған сәбидей мазаңды алам.
Алғашқы үзіндіде ақын өзінің құбылмалы күндерін таулы аймақтың тұрақсыз ауасына теңеп, логикалық дәлдікке сүйенеді. Екіншісінде елдің, таудың, даланың назарын «көз алмай тұрған адам» бейнесіне ұқсатады.
Аналитикалық тәсіл: «бейне» көмекші сөзі
Тірілтті сәуле, бірікті жалқық, Бейне бір сурет жасалды адам. Жайлы бір жылу суретті шарпып, Қимылдап кенет жан бітті оған.
«Бейне» мағынасы жағынан «сияқты», «секілді» сөздеріне жақын, бірақ ол теңеуге түсетін сөзден бұрын келеді және көбіне поэзия тілінде қолданылады.
Синтаксистік тәсіл: «тең»
Қалып қойдым, түсе алмай, шың басында, Кеш те келді, айналды түн басуға. Шың басынан түсе алмай әуреленем, Бір минутым тең болып бір ғасырға...
Синтаксистік тәсіл: «ұқсау»
Танымай тұрмын, таба алмай тұрмын сені мен, Жанарың ұқсас, жаным-ау, қайдан көріп ем? Ақырғы рет адасып келіп сенімен, Сырласу үшін, мұңдасу үшін келіп ем.
Келісетін мемлекеттер елшісіне ұқсаған, Қабақ бағып, қыл үстінде біз отырмыз — үш адам.
Синтаксистік тәсіл: «құдды»
Күздің салқын күні батты, Күрең тартты жер беті. Тауларда өркеш бұлттар жатты, Құдды қыстың келбеті.
Аралас тәсіл: екі амалдың тоғысуы
Дұшпаным емес, туысым, Пышақтады неліктен? Тұншықтым, бітіп тынысым, Тең болып бейне өлікпен.
Ақ гүлді қызықтым да алдым жұлып, Орнаттым, үйге әкеліп орнын құрып. Бейне бір күнәсіз зат күлімдейді, Тұрғандай жүрегімнің сырын ұғып.
Мұнда теңеу бірнеше тәсілдің қабаттасуы арқылы жасалып, образдың әсерін күшейтеді: теңестіру нақты ғана емес, эмоциялық кеңістік те тудырады.
Қорытынды: теңеудің көркемдік қуаты және оқушының өсуі
Мұқағали Мақатаев поэзиясында қазақ тіліндегі теңеу жасаудың барлық тәсілдері көрініс тапқан. Ақын теңеулерінің мағыналық-логикалық байланысы күрделі: теңеу тек аталып қана қоймай, образ болып көз алдымызға келеді. Сондықтан Мұқағали поэзиясының көркемдік сырларының бірі — теңеулердің шебер қолданылуы.
Оқушы санасына поэзияның тылсым құдіретін сіңіру үшін поэзияға жанрлық әрі теориялық талдау жасатудың маңызы зор.
Топтық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде оқушылардың тек Мұқағали жырларына ғана емес, қазақ және әлем поэзиясына да қызығушылығы артты. Олар арнайы күнделік жүргізіп, ақын шығармаларымен сырласа, мұңдаса білді. Зерттеуге тереңдеген сайын ұсыныс айтып, пікірталас құруға, өз ойын дәлелдеп қорғауға дағдыланды.
Бұл бағыттағы ізденісті әдебиет теориясының өзге де салаларына жанрлық талдау жасау арқылы кеңейтуге толық мүмкіндік бар.