Қазақ хандығының бастан кешкен қиындықтары

Жақып Аяулым, 10-сынып оқушысы · №6 «Талап» орта мектебі · Талап ауылы, Жезқазған қаласы

Жетекшісі: Алибаева Гүлденсін

«Қазақ» ұғымының рухани салмағы

«Қазақ» сөзі қазақ жерінде өмір сүретін әр адамға ерекше рух беретіні сөзсіз. Қазақ — намысы мен абыройын, елі мен жеріне деген сүйіспеншілігін бәрінен жоғары қоя білген дара халық. Бүгінгі бейбіт өмірге қол жеткізу жолында халқымыз тартқан қиянат пен қиындықты сөзбен толық жеткізу оңай емес.

Еліміздің шаңырағының биіктеуі, керегесінің нығаюы — ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы төккен қаны мен терінің, көз жасының нәтижесі. Келер ұрпақ, яғни біз, мұны ұмытпауымыз керек.

Ғасырлар бойы егемен ел болу үшін жалғасқан қантөгістер бүгінгі тәуелсіздігіміздің, қарқынды дамып келе жатқан жас та болса қуатты мемлекетке айналуымыздың тарихи негізі болып отыр.

Тарихқа көз жүгіртсек: бірлік пен тыныштық әрдайым болған жоқ

Бір сәт өткен күндерге көз жүгіртсек, бүгінгідей тұрақты бейбіт өмір, тыныштық, ымыра мен бірлік үнемі болмағанын көреміз. Кең байтақ, құнарлы жерімізге көз тіккендер шекарамызды бағындыру мақсатында талай соғыстар жариялаған.

Сол кезеңдерде ата-бабаларымыздың, халқымыздың ардақты батырлары мен көреген хандарының ерлігі мен даналығының арқасында бүгін біз еңсемізді тіктеп, еркін тыныстап отырмыз.

Ерлік

Ел қорғаған батырлар халық рухын көтеріп, ұрпаққа үлгі қалдырды.

Даналық

Көсем хандардың шешімі мен бірлікке ұйыстыруы елді сақтап қалуға ықпал етті.

Үміт

Қанша ауыр кезең болса да, халық рухы жасымады, ертеңіне сенді.

Қазақ хандығы бастан өткерген қиындықтар мен қасіреттердің шексіз екенін ескерсек те, халқымыз ешқашан рухани күйреп, ертеңінен түңілмеген. Ол — бойында қуат пен қайрат, жігері мол кемел халық.

Әскер құрылымы және жауынгерлік рух

Ол заманда қазақ хандығының әскери құрамы көбіне жауынгерлерден тұрған. Әр отбасынан қару ұстай алатын ержүрек азамат шықса, бұл отбасының абыройын арттырған. Ұзаққа созылған соғыс жылдарында елді зар илеген талай шайқаста байрақ көтеріліп, рух оянған.

Рәміздің мағынасы

Әрбір жауынгер үшін ту мен рәміз — рух пен батылдықтың символы болды. Шайқас майданында ту көтерілген сәтте, ол әр қазаққа сарқылмас күш сыйлайтындай қасиетті белгі саналған.

Байырғы әскери рәміздер: түрлері мен қызметі

Байырғы әскери рәміздер әскери белгілер ретінде қолданылып, түрлі мағына мен ұғымды білдірген. Оларды шартты түрде төмендегідей топтастыруға болады:

  • Киелі рәміздер — әскердің қасиетті белгісі ретінде табынған бейнелер.
  • Әскери дәреже мен лауазым белгілері — бас киім, дулыға, ат әбзеліндегі нышандар.
  • Айырым белгілер — өз әскерін жаудан ажыратуға арналған түсті таңбалар.

Ертеде әскер қосындары соғысқа өздері киелі санайтын бейнелерді рәміз ретінде көтеріп шыққан. Оны ұрыста күш беріп, жеңіске жеткізеді, қауіп-қатерден қорғайды деп ырым еткен. Мұндай бейнелер көбіне металдан соғылып, алыстан көрінсін деп қанық түсті матадан тігілген туға бекітілген. Тудың жоғарғы жағына қасиетті аңның құйрығы байланып, ағаш сапқа тігінен не көлденеңінен қондырылған.

Туды қорғау — әскердің міндеті

«Туда әскердің киесі мен күші бар, тудың құлауы — әскердің жеңілуі» деп түсінген. Сондықтан әрбір жауынгер, тіпті тұтас қол туын сақтап, қорғауға міндетті болған.

Түстер символикасы және тарихи деректер

Әр әскер қосынының туы өз түсімен ерекшеленген. Жалпы әскерлік ту көбіне үлкен, үшбұрышты етіп жасалған. Алыстан анық көрінуі үшін ашық көк, қызыл, сары, жасыл, ақ түсті маталар қолданылған, кейде бір туда екі-үш түс қатар пайдаланылған.

Ақ түс

Тазалық пен әділдіктің нышаны.

Қызыл түс

Ерлік пен қайсарлықтың белгісі.

Жасыл түс

Жаңғыру мен өркендеудің нышаны.

Жазбаша және ауызша деректерде Қаракерей Қабанбай батырдың ақ туы, Абылай ханның жасыл туы болғаны айтылады.

«Жалау» және айырым белгілер дәстүрі

Бұрын арнайы әскери киім болмағандықтан, өз әскерін жау әскерінен ажырату үшін жауынгерлер дулығаға және найзаға түсті айырым белгі таққан. Мұны жалау деп атаған. «Жалаулы найза қолға алып» деген тіркес те осы дәстүрден шықса керек.

Әр әскери бөлім жауынгерлері жалауды бір түстен таққан кезде, қолбасшы олардың қимыл-әрекетін алыстан бақылап, басқарған. Жалау шаңға, қашықтыққа қарамай көрінуі үшін көбіне ашық, шаңқан түсті матадан тігілген. Айырым белгілер найза мен бас киімнен бөлек жеңге, иыққа да тағылған. Мысалы, Кенесары хан сарбаздары мұндай белгілерді киімнің жеңіне таққан.

Тарихи жалғастық

Айырым белгі тағу дәстүрі уақыт өте Еуропа елдеріне де тараған. Бүгінде оның жұрнағын жауынгердің бас киіміндегі әскер түрін білдіретін түсті жиектен көруге болады.

Байрақ, ту, жалау: атаулардың орны мен эволюциясы

Әскери рәміз ретінде ең алғаш пайда болған байрақ уақыт өте қолданыстан шыға бастады. Қасиетті әскери атрибут — жауынгерлік ту қазіргі заман армиясында орнықты. Ал кейінірек қалыптасқан жалау әскери айырым белгі ғана емес, әртүрлі ұйымдардың, мемлекеттердің, қоғамдардың нышаны ретінде кеңінен қолданылатын рәмізге айналды.

Ескі әскери рәміздердің ұмытылуына және сыртқы пішініндегі ұқсастыққа байланысты түркі тектес халықтар тілінде ту, байрақ, жалау атаулары бір-біріне синоним ретінде жиі қолданыла береді.

Байырғы әскери белгілер қатарына хандардың, патшалардың, қолбасшылардың дәреже нышаны ретінде бас киімге не дулығаға тағылатын құс қауырсыны — жыға, сондай-ақ аттың тұрманына тағылатын шоқ та жатады.

Қорытынды: рәмізге құрмет — елге құрмет

Әскери рәміздер жауынгерлер арасында әрдайым ерекше құрметке ие болған. Оны қадірлеу — рухты күшейтіп, жеңіске жетелейтін күш деп білген. Қазақ елі сарбаздары мен батырларымен мақтанған, олардың қайсар жүрегінің арқасында бүгін біз тәуелсіз, терезесі өзге елдермен тең мемлекетте өмір сүріп отырмыз.

Бүгінгі Қазақстан — мақсатын айқындаған, бәсекеге қабілетті елдермен иық теңестіруге ұмтылған жас та қуатты мемлекет. Әр азаматтың бойындағы елге, жерге, тарих пен рәміздерге деген сүйіспеншілік ана сүтімен дарып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасады.

Санат: KZ портал · Қазақша рефераттар жинағы