Ұстаз - анам, мектебім
Тәрбие сағатының мақсаты
Білім негізі бастауыштан қаланатынын ескере отырып, оқушылық өмірдің алғашқы баспалдағы аяқталған сәтте бүлдіршіндердің аяулы ұстазымен қоштасу рәсімін ұйымдастыру. Бастауышта алған білімдері мен өнерлерін көрсетуге мүмкіндік беру. Ұстаз еңбегін қадірлеуге, жан-жақты білім алуға және саналы азамат болып қалыптасуға тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
- Ұстаз, мектеп, Отан туралы даналық сөздер жазылған плакаттар
- Балалардың қолөнер көрмесі
- Қабырға газеті, буклеттер
- Шарлар, гүлдер
Тәрбие сағатының барысы
Сахналық ахуал
Көңілді әуен ойнап тұрады.
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! Кеше ғана білім ордасына тарыдай болып еніп, жан-жағына таңырқай қарап, жүрексіне табалдырық аттаған кішкентай бүлдіршіндеріміз бүгін бой түзеп, ойына сана қосып, еліміздің саналы азаматтары болуға қадам басқалы отыр.
«Қош бол, бастауыш мектеп!» атты ертеңгілігімізге қош келдіңіздер! Әр шаңыраққа береке, бірлік, табыс тілей отырып, мерекемізді бастауға рұқсат етіңіздер.
Музыкалық бөлім
Музыка әуенімен вальс билеп, 5–6-сынып оқушылары шығады.
Жүргізушілердің құттықтауы
1-жүргізуші: Хамзина Арай
Армысыздар, мұғалімдер — әз жандар!
Білім іздеп инемен құдық қазғандар.
Сан ұрпақты тәрбиелеп, оқытқан,
Өмір деген үлкен жолда тарландар.
Бүгін, міне, қоштасады бастауышпен балбұлақ,
Әніменен, жырына, тарландарым сал құлақ.
Кеше сәби, бүгін міне — жас ұлан,
Лаулап жансын болашағың шамшырақ!
2-жүргізуші: Қадырбекова Айдана
Қош келіпсіз, ақ жаулықты аналар,
Жүздеріңнен мейірім мен нұр тамар.
Алдарыңызда жауқазындай құлпырған —
Біз, алаңсыз балғын шақты балалар.
Қош келіпсіз, өр тұлғалы әкелер,
Қыран құстай болашағын мәпелер.
Бүгін, міне, бастауышпен қоштасады,
Азамат боп — кешегі сәби-еркелер.
Екі жүргізуші бірге: Қош келіпсіздер, құрметті қонақтар!
Түлектерді ортаға шақыру
Сахналық әрекет
Музыка әуенімен оқушылар қол бұлғап ортаға шығады.
4-сынып оқушылары (бәрі бірге)
Мектеп — кеме, білім — теңіз,
Барар жерге тез жетеміз.
Адаспаймыз ұлы жолда,
Ұстаз берген білім қолда.
Жүргізушілердің баяндауы
1-жүргізуші: Осыдан төрт жыл бұрын бүгінгі кейіпкерлеріміз біреуі анасымен, біреуі әкесімен, енді біреуі ата-әжесімен қол ұстасып мектеп табалдырығын аттаған еді.
2-жүргізуші: Олар алғашқы күннен бастап ұстаздарымен танысып, партаға қалай отыру керектігін және мектеп ережелерін үйренді.
1-жүргізуші: Қолдарына қалам ұстап, «А» әрпінен бастап 42 әріпті таныды; 1-ден 100-ге дейін, кейін 1000-ға дейінгі сандарды еркін санай алатын деңгейге жетті.
2-жүргізуші: Осы төрт жылда талай нәрсені бойымызға сіңірдік. Бүгін — соның айғағы: бастауыш мектеппен және бізге білім нәрін сыйлаған аяулы ұстазымызбен қоштасу сәті.
Оқушылардың өлеңдері
1-оқушы: Ажар
Бізді үйреттің білімге жалықпастан,
Рақмет, ұстазым, көзімді ашқан.
Біз — шәкірт, біз — Отанның болашағы,
Білімнің басқышына қадам басқан.
2-оқушы: Шерхан
Өзгеріп жатыр бүгін қала, қырым,
Құп алып бара жатыр болашаққа
Аяулы жеті жасар балалығым.
3-оқушы: Әділет
Мен бүгін бұрынғыдан саналымын,
Қоңырау боп күмбірлейді жаңа күнім.
Дәптердің жазылмаған ақ парағы —
Ақ көйлек жеті жасар балалығым.
4-оқушы: Айзат
Өмірімнің көктемін
Сенде өткізем деп келдім,
Алтын-ұя мектебім!
5-оқушы: Диана
Армандарым көп менің,
Атқарамын деп келдім,
Асыл — анам, мектебім!
6-оқушы: Данияр
Өнерпазың көп сенің,
Өнер табам деп келдім,
Өз бесігім — мектебім!
Ән
«Бастауыш мектеп» әні хормен орындалады.
Алғашқы ұстазға тілек
1-жүргізуші: Ал балалар, осы білім ордасына келгенде алдымыздан күлімдеп қарсы алған алғашқы ұстазымызға қандай тілек айтамыз?
7-оқушы: Талғат
Сен менің әкемдейсің, анамдайсың,
Мен үшін армандайсың, алаңдайсың.
Ұстазым, сенен артық ақылшым жоқ,
Адалдық пен парасаттан жаралғансың.
8-оқушы: Нияз
Көңілін әр шәкірттің таба алатын,
Кеуделерге намыс отын жаға алатын.
Өзіңдей болса, шіркін, барлық ұстаз —
Жез таңдай, күміс көмей, сөзі алтын.
Оқушының арнауы
Білім алған өзіңнен — дәрігер, ұшқыш, не ғалым,
Саған ыстық сезіммен қарайды жұрт, мұғалім.
Мен де өзіңді әрдайым қамқорым деп ұғамын,
Күліп атқан таңдайын — жарқынсың сен, мұғалім.
Ән
«Балдаурен» әнін Қасымова Дамира орындайды.
Оқушының сөзi: «Ұстаз!» — осы бір сөздің өзінде қаншама мән-мағына, құдіретті күш, қасиетті ұғым жатыр. Ұстаз алдынан өтпейтін ешкім жоқ. «Мұғалім — мектептің жүрегі», — деген Ыбырай Алтынсарин. Жүрексіз өмір болмаса, мұғалімсіз білім мен тәрбиенің де жүзеге аспайтыны белгілі. Қоғам қайраткерлері, данышпандар, қарапайым еңбеккерлер, арман қуған жеткіншектер — бәрі де бір адамға қарыздар. Ол — Ұстаз! Сондықтан ұстаз еңбегі — ұлы еңбек.
Барлығы бірге: Алғыстарым көп менің. Ұстаз — анам, мектебім!
Ән
«Мұғалім — ол біздің…» әні орындалады.
Қонақтардың құттықтауы
2-жүргізуші: Бүгінгі тойымызға көрші мектептерден де оқушылар келіпті. Ендеше, қонақтарға сөз берейік. Ду қол шапалақпен қарсы алайық!
Өнер көрсету
Айдабол мектебінің оқушылары. «Аппақ гүлдер» әнін Ағыбайова Дина орындайды.
Құттықтау
Викторовка орта мектебінің құттықтауы: «Қуыршақтар» биі (8-сынып оқушылары) және «Құтты болсын, ағажан, қуанышың» әні.
Көріністер мен өнер нөмірлері
3-оқушы
Ұстаздардың бар айтқан ұлағатын ұғыңдар.
Сөйтіп әрбір сабақтан сәл есейіп шығыңдар.
Көрініс
«Мақта қыз бен мысық» көрінісі.
4-оқушы
Жастың өсті санасы, елжірейді жүрегі.
Бастауышқа барған бала алғыс айтып жүреді.
Би
Шығыс биін Кайкенова Виктория орындайды.
5-оқушы
Көлге айналған бұлақтың,
Том-том болған кітаптың
Басы болған — Бастауыш!
Ән
«Мектебім» әнін Хамзина Камила орындайды.
6-оқушы
Қоңырау сыңғырла, асыға,
Үн қосқан қиядан асуға.
Білім ал, еңбек ет, жас ұлан,
Өрле сен, биік шың басына.
7-оқушы
Жадыраған жаздай жылы жаны бар,
Жақсылықтың шырағы боп жағыlar.
Қадірлі ұстаз, гүлмен бірге жолдаған
Шәкіртіңнің жүрек сөзін қабыл ал.
8-оқушы
Әліппемен аштым өмір есігін,
Тербетемін білім бөбек бесігін.
Өмір деген өрлі өзенге шомылып,
Жаттап өстім ұстазымның есімін.
Хор
«Әрқашан күн сөнбесін!» әні орындалады.
Құттықтау және марапаттау
1-жүргізуші: Нұр жүзінен жылы шуақ төгілген, шәкірттерін сүйген таза көңілден. Тағлым беріп жас ұрпаққа қашанда, өз соқпағын тапқан мынау өмірден…
Құттықтау сөзі және оқушыларды марапаттау үшін мектеп директоры Хамзина Мария Жақсылыққызына сөз беріледі.
Ата-аналарға сөз
2-жүргізуші: Ана жанын ана болсаң ұғарсың, алдыңдағы — биік құз бен шың. Балаң үшін кеуде керіп қуанып, балаң үшін биіктен де құларсың. Сөз кезегін ата-аналарға береміз.
Мұғалімнің қорытынды сөзі
Құрметті оқушылар! Міне, алғашқы басқыш — бастауыш мектепті аяқтап, орта буынға көшкелі отырсыңдар. Қалың көпшілік — ата-аналар мен ұстаздар қауымы — «Не білді, нені үйренді, білім мен тәрбиені қалай меңгерді?» деп, сендерге сын көзбен қарап отыр.
Балалар, сендер осы сыннан сүрінбей өттіңдер. Жоғары сыныпқа барғанда да алған білімдеріңнің сапасын сақтап, үнемі жақсы оқып, тәуелсіз еліміздің тірегі болатын азамат болып өсіңдер!
Ата-аналарға айтарым: қырандарыңыздың білім қанаты талмасын, тек биікке самғасын!
Алдарыңда ұзақ жолың бар,
Оқумен өсіп толыңдар.
Қиындыққа мойымай,
Аман-есен болыңдар.
Дәстүр
Ата-аналар шашу шашады:
Шашу, шашу шашайық,
Ақ сандықты ашайық.
Бұл мереке, бұл тойдың
Бастаңғысын жасайық.
Осылайша бастауышпен қоштасу ертеңгілігіміз аяқталады. Қош бол, бастауыш мектеп! Алға — жаңа белестерге!