Есептің кілті - формула
Математика — көптеген түлек үшін қиындық тудыратын пән. Бұл пәннің тапсырмаларын жаттап алудың қажеті жоқ: оларды түсініп, шешу керек. Ал дұрыс шешімге келу үшін жүйелі білім мен тұрақты тәжірибе қажет.
Мақсат — дайындықты тиімді ұйымдастырып, уақытыңызды үнемдеу және ҰБТ тапсырмаларына сенімді жауап беру. Төмендегі кеңестер осы жолда көмектеседі.
ҰБТ-ға математикадан дайындалудың 8 кеңесі
-
1) Сабыр, жігер және табандылықты қалыптастырыңыз
Жақсы баллдың негізі — мінез. Бастаған істі тастамаңыз. Бір есептің ортасына келгенде қиналсаңыз немесе шешу жолын білмесеңіз, оны тастап кетпей, соңына дейін жеткізіңіз. Қажет болса, пән мұғалімінен сұраңыз: ҰБТ-да дәл сол типтегі тапсырма келуі мүмкін.
-
2) Формулалар қорыңыз міндетті түрде болсын
Есептің кілті — формула. Кейбір оқушылар жазу арқылы жақсы есте сақтайды. Егер сізде де осы қасиет болса, негізгі формулаларды жиі көшіріп, жеке дәптерге жүйелеп отырыңыз.
- Жаныңызда сапалы есептер жинағы мен оқулықтар болсын.
- А. Бейсековтың есептер жинағымен дайындалу да нәтиже береді.
- Өткен жылдардағы сұрақ кітапшаларындағы есептерді міндетті түрде қарап шығыңыз.
-
3) Тест шешу — ең тиімді әдіс
Тест тапсырмаларын шешуден асқан әдіс жоқ. Неғұрлым көп шешсеңіз, соғұрлым тәжірибе жиналады. ҰБТ форматындағы тапсырмалармен тұрақты жұмыс істеу қажет формулаларды бекітуге көмектеседі. Есептеу процесін жылдамдатуға да көңіл бөліңіз — уақытты үнемдейсіз.
-
4) Калькуляторсыз есептеуді әдетке айналдырыңыз
Әр жағдайда калькуляторға сүйену қауіпті. ҰБТ кезінде калькуляторды пайдалану мүмкіндігі болмай қалса, көп уақытыңызды жоғалтасыз. Сондықтан негізгі амалдарды, ықшамдауды және жуықтауды калькуляторсыз орындауға дағдыланыңыз.
-
5) «Жауап қуалау» тәсілін меңгеріңіз
Оқушылар арасында кең таралған «жауап қуалау» әдісі бар. Оны дұрыс қолдана білсеңіз, тәжірибеңізге қарай кейбір тапсырмаларда 4–5 есептің жауабын жылдам табуға көмектесуі мүмкін.
-
6) Ең басты ереже — өзіңіз шешіңіз
Біреу шешу әдісін түсіндіріп берсе немесе дайын шешімді ғана қарап шықсаңыз, көп жағдайда терең меңгермейсіз. Ең пайдалысы — есепті өзіңіз қиналып шығару. Сол кезде тәсіл де, жауап та жақсы сақталады. Дегенмен, тұйыққа тірелсеңіз, ұстаздың көмегіне жүгінген дұрыс.
-
7) Әлсіз тұстарыңызды нақтылап, солармен жұмыс істеңіз
Қай есептерді оңай, қай есептерді қиналып шығаратыныңызды өзіңіз-ақ байқайсыз. Міне, дәл сол қиын есептермен және түсініксіз тақырыптармен жүйелі түрде жұмыс істеңіз. Проблемалы сұрақтарға жауап іздеуді әдетке айналдырыңыз.
-
8) Қиын есепті ертеңге қалдырмаңыз және күнделікті норманы бекітіңіз
Қиын есеп кездессе, кейінге қалдырмай, сол күні шешу жолдарын қарап шығыңыз. Түсініксіз формулаларды бөлек жазып, пән мұғалімімен нақтылап алыңыз. Күніне кемінде 50 есеп шешуді тұрақты әдетке айналдырсаңыз, нәтижеге ықпалы айқын болады.
Ескерту: төмен балл үшін жауапкершілік ең алдымен өзіңізге байланысты. Болашақта өзіңізді кінәлі сезінбеу үшін дайындықты бүгіннен мұқият бастаңыз.
Сұрағыңыз бар ма?
Егер ҰБТ-ға дайындық бойынша сұрақтарыңыз болса, төмендегі пікір қалдыру бөлімінде жазыңыз. Сұрақтарыңызға жауап беруге тырысамыз.