Сая Молдайып, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Екібастұзда алғаш қазақ тіліндегі «Отарқа» газетін ашуға ұйытқы болған Аманкелді Қаңтарбаевтың есімі аймақ жұртшылығына, әсіресе қолына қалам ұстаған қауымға жақсы таныс. Себебі ол қаламгерлігімен ғана емес, әділдікті ту етіп көтеріп, қай ортада да ой-пікірін бүкпесіз айтатын турашылдығымен, ең бастысы ұлтжандылығымен ел жадында қалған гуманист азамат еді. «Еді» деп айту да қандай ауыр…
Оның ана тіліміздің өркен жаюы, ұлттық руханият пен игілік үшін атқарған еңбегін ойласам, Ахмет Байтұрсынұлының мына жолдары еріксіз еске түседі:
«…Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтын да мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса ұқпасын, жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін».
Расында, ол елдің ертеңі үшін қызмет етті: денсаулығын да, тіпті бар өмірін осы жолға сарп етті. Сондықтан оның орны биік — әрі сол биікте қала бермек. Бірақ тағдырға дауа жоқ: қаламгер келместің кемесіне мініп кетті…
Енді міне, қаламдастары, әріптестері, журналистикаға өзі баулып, тәрбиелеген шәкірттері толғанып, естелік жазуға мәжбүр. «Өткен күнде белгі бар» деген осы шығар.
«Отарқаның» әр саны — бір дәуірдің тынысы
Газеттің әр нөмірі жарық көрген сайын, оқырманның оң лебізі жеткен сайын, таралымы артқан сайын көңіл марқайып, жұмысқа құлшына кірісетін едік. Тың тақырып іздеп, жазып, газет бетінде жариялауға ұмтылған, ізденіске толы сол күндер бүгінде тарихқа айналыпты.
Сол істің басында әрдайым Аманкелді Қаңтарбаев тұрды. Биыл Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінің жарыққа шыға бастағанына ширек ғасыр — 25 жыл толмақ. Сондықтан А.Қаңтарбаев туралы сөз қозғағанда, оның туған перзентіндей болған осы басылымның қалай ашылғанын, халыққа танылуына қандай еңбек сіңіргенін айтпай өту мүмкін емес.
Екібастұзда қазақ тіліндегі газет ашу — тәуекелі мол қадам
Кеңестік тоталитарлық жүйе салтанат құрған шақта балабақшадан бастап мектеп, оқу орындары, мекеме, кәсіпорын, өндіріс, әкімдік — бәрі-бәрі орыстанып, қазақ тілі мүлде ұмытыла жаздаған Екібастұз сияқты қалада қазақ тілінде газет ашу ісін алғаш қолға алғандардың бірі — Аманкелді Қаңтарбаев еді.
Машақаты мен кедергісі таудай, абыройынан азабы басым бұл істі айтуға оңай. Ал сол жылдары бұл — жасанған жауға жалаңаш қолмен қарсы шыққандай батыл қадам болатын. Дегенмен алған бетінен қайтпайтын, мінезі тура, намысы биік Аманкелді аға сірескен мұзды мұзжарғыштай жарып өтті.
Тарихи алғышарттар: тіл мәртебесінің көтерілуі
Ұлттық сана-сезімді оятқан 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін, 1989 жылдың күзінде қабылданған «Тіл туралы заң» және қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болуы ел ішіндегі көптеген тарихи өзгеріске жол ашып, ана тіліміздің мерейін өсірді.
Сол кезеңде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып қызмет атқарған Өзбекәлі Жәнібеков сияқты ұлтжанды азаматтардың тілге жанашырлығы да игі ықпалын тигізді. Нәтижесінде жер-жерде қазақ тіліне деген көзқарас түбегейлі өзгерді.
«Вперед — Алға»: қайта құру кезеңіндегі шешімдер
Павлодар облыстық партия комитеті бұрын орысша жазылып, кейін қазақшаға аударылып жүрген Ақтоғай (бұрынғы Краснокутск), Ақсу (бұрынғы Ермак), Май, Лебяжі, Екібастұз аудандық газеттерін 1990 жылдан бастап қазақ тілінен орыс тіліне аударып шығатын етіп қайта құру туралы қаулы қабылдады. Осылайша Екібастұз ауданына тарайтын «Вперед — Алға» газетінің негізгі нұсқасы қазақша болып, орыс тіліне аударылып басылатын болды.
Редакторлыққа тағайындалған күн
Ол кезде Аманкелді Қаңтарбаев облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетінің Екібастұз қаласы мен Екібастұз, Баянауыл аудандары бойынша меншікті тілшісі еді. Ол кейін сол бір күндерді жиі еске алатын:
«Мені облыстық партия комитетінің идеология хатшысы Алма Әжібаева шақырып, қайта-қайта “Вперед — Алға” газетіне редактор боласың деді. Қарсыластым: сексенінші жылдары осы газеттерде редактордың орынбасары болдым, тәжірибелі журналистер жоқтың қасы, материалдық база да нашар еді. Бірақ үш рет шақыртып, “партия қайда жұмсаса, сонда барасың” деп міндеттеді. Амал жоқ, келістім. 1990 жылдың 9 қаңтарында редактор болып тағайындалдым».
Алғашқы кадрлар және алғашқы сынақ
Жаңадан құрылған газетті аяғынан тік тұрғызу үшін Аманкелді аға Май аудандық «Шамшырақ» газетінде қызмет ететін тәжірибелі журналист Серік Мұхтаровты және Екібастұз ауданы Ақкөл орта мектебінің мұғалімі, ақындық талабы бар Жассерік Сәдуақасовты жұмысқа шақырады.
Аудандық партия комитеті «пәтер мәселесін шешуге көмектесеміз» деген уәдесінде тұрмай, ақыры Серік Мұхтаров басқа жаққа кетіп қалады. Белді маманнан айырылғанына қарамастан, «Алға — Вперед» газеті тоқтамай шығып тұрған. Алайда ең үлкен өзгерістер мен жарқын жаңалықтар әлі алда еді…
Сая Молдайып, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.