Алғашқы ұстаз

Қалдырған ізің мәңгілік… «Шын асылды тот баспайды» — дейді халық мәтелі. Бұл естелік Бостандық ОЖББ мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болған, марқұм ұстазым Алтынай Абашқызына арналады.

Алғашқы ұстаз — жүрекке жазылған есім

«Алғашқы ұстаз…» Осы екі сөзді естіген сәтте-ақ бар жан-дүниең ақтарыла түсіп, ой теңізіне қиял кемесімен балалық атты әдемі әлемге қалай сүңгіп кеткеніңді де аңғармай қаласың. Себебі алғашқы ұстазыңды есіңе алғанда, ең әуелі көз алдыңа құлдыраңдаған сәби шағыңдағы алғашқы мектеп — үлкен орданың есігін именіп ашқан мезет келеді. Жүрегің дүрсілдеп, алдыңда мейірлене күлімдеген, жылы жымиған апайыңның жүзіне балалық сақтықпен көз тастап, өз таным-түсінігіңше «зерттей» бастайсың.

Ұстаздың бар болмысы — тұлғасы, жүріс-тұрысы, сөз саптауы, дауыс ырғағы — бәрі-бәрі балалық пәк жүректің түкпірінен орын алады. Арада сынаптай сырғыған зымыран уақыт өтеді: мектептегі бал-дәурен күндерің сыңғырлаған күміс қоңыраумен бірге қол бұлғап қоштасып, өмір айдынына қанат қағасың. Жігіттік, бойжеткендік, кемел шақтың өлшемдері ғұмыр беттеріне өз өрнегін салғанда, бір сәт кейін қарап, тәтті естеліктерге толы аялдамаларға ойша қайта ораласың.

1977 жылдың 1 қыркүйегі: алғашқы қадам

Мұның бәрін айтып отырғаным — мен де сол балалық шаққа саяхат жасап, алғашқы ұстазымды еске алғым келеді. Мен 1977 жылы 1 қыркүйекте Бостандық орта мектебінің 1-сыныбының табалдырығын аттадым. 1 «Б» сыныбындағы 27 шәкірттің бірі едім.

Әлі есімде: гүлді кофта, қара белдемше киген, шашын желкесіне әдемілеп түйген апай бізді сапқа тұрғызып, алғашқы қоңырау салтанатынан кейін сыныпқа кіргізді. Мектепке жетектеп әкелген әке-шешемізге тығыла отырып, апайға сәл қорқынышпен, жүрексіне қарағанымыз да есімде. Ал апайымыздың мейірімді, қоңыр үні бізді баурап әкетті.

Бұл кісі — біздің алғашқы ұстазымыз, Алтынай Абашқызы Дүйсенова еді.

Алтынай апайдың өнегесі: білім мен өнердің тоғысы

Алтынай десе, алтын айдай еді-ау, аяулы ұстазым! Ол бойындағы бар ерік-жігерін аямай, шәкірттерін білім әлеміне қызықтырып оқытып қана қоймай, өнерге де жанын салып үйрететін. Мектептегі барлық шараларға бізді өзі дайындайтын: көркемсөз оқысақ — дауыс ырғағы мен мәнеріне, би билесек — қимылдың үйлесіміне, ән салсақ — әуен мен ырғаққа қатаң талап қоятын. Соның бәрін жалықпай қайта-қайта түсіндіріп, үйрететін.

Үзілістегі тәрбие, сабақтағы шеберлік

  • Үзілістерде қызықты ойындар ойнатып, көңілімізді көтеретін.
  • Ертегі мен әңгіме кітапшаларын таратып, кітапқа құмар қылатын.
  • Сурет пен еңбек сабақтарында ойыншық жасап, ою ойып, әдемілікке баулитын.
  • Әр баланың бойындағы ұяң талантты оята білетін.

Апайымның тапқырлығына, бәрін білетіндігіне, қолынан бәрі келетініне ерекше таңғалатынмын. «Мен де апайым сияқты боламын» деген балалық арманым дәл сол кезден бастау алды.

Өнердің өзегі — ұстаздың өзінде

Алтынай апайдың өн бойына талай өнер тоғысып еді. Мектеп ұжымы мерекелік концерт қоятын болса, ол хорда дирижёр болып та, домбырамен ән салып та, бишілер ансамблінде билеп те, көркемсөз оқып та жүретін. Қай-қайсысы да қолынан келетін.

Мектепті бітіргеніме отыз жыл өтсе де, Алтынай апайдың кейбір сөздері, жүрісі, ән айтқандағы дауысы кейде құлағыма келгендей болады. Бұл — шәкірт жүрегінен ұмытылмастай орын алған ұстаз тұлғасының ұлылығы емес пе?

Мақтанғаным емес, апайым жаттатқан кейбір әндер әлі есімде. Кейде өз балаларыма «мұны бізге апайым үйреткен» деп айтып берсем, олар сенер-сенбесін білмей таңырқайды. Бұл да ұстаз еңбегінің бала санасына өшпестей жазылатынының айғағы.

Кездесу: студенттік шақтағы бір сәт

Әлі есімде: Орал педагогикалық училищесінде студент болып жүргенімде ауылға келгенде апайыма сәлем беруге арнайы бардым. Ол мені қуана қарсы алып, досындай жақын тартып, ақылын айтып, өзі оқыған училищесі мен өзін оқытқан ұстаздары туралы сұрастырды. Сөйлесіп отырғанда, өзі де студенттік шағына қайта оралғандай бал-бұл жанған еді.

Қоштасар сәтте мені құшақтап: «Айналайын, аман жүр. Мені есіңе ала жүр, ұмытпағаныңа ризамын», — деді. Апайымның жанары сондай нұрлы, шуақты, мейірімге толы болатын.

Арада қанша жыл өтсе де, алғашқы ұстазымның аялы үлкен көздерін, бидай өңі мен шашын түйген келбетін мәңгі ұмытпаймын. Алтынай Абашқызы — менің идеалым болып қала береді.

Ұстаздың ізі — шәкірттің жолы

Бүгінде мен де сол балалық арманым орындалып, талай шәкірттің алғашқы ұстазы атандым. Бірақ өзімнің алғашқы ұстазымдай қаншалықты бола алдым — оны білмеймін. Өйткені алғашқы ұстазым мен үшін қайталанбас, сан қырлы дарын иесі, білімдар, ғазиз жан еді.

Егер ұстаздық еңбегімде сәл биіктен көрінер болсам, оны сіздің жемісіңіз, сіздің жетістігіңіз деп білемін, аяулы ұстазым. Өкініш пен қуаныш алмағайып араласқан мына өмірден сіздің ерте кеткеніңіз — өте өкінішті. Әйтпесе, сіздің алар асуыңыз бен шығар тауыңыз бұдан да биік боларына кәміл сенемін.

«Шәкіртсіз — ұстаз тұл» дейді дана халқымыз. Бүгінде сіздің ізіңізді алдыңыздан түлеп ұшқан қаншама шәкіртіңіз жалғастырып жүр. Олар барда — сіз де барсыз, ұмытылмайсыз. Сіздің адами болмысыңыз бен дегдар тұлғаңыз ешқашан аласармай, рухыңыз мәңгі биікте болады, асыл жан, аяулы ұстаз.

Бұл жазба — сізге деген шәкірттік ескерткішіміз болсын.

Өзіне деген шәкірттік сағынышпен еске алған 1977–1980 жылғы шәкірттеріңіз атынан — Темірғалиева Меңдігүл Мұханбетжанқызы.

Сатыбалды ЖОББ мектебі, Казталов ауданы, Батыс Қазақстан облысы.