Байқап қалды, залым

Қарызға алынған орденнің «құдіреті»

Әскери прогимназияның мұғалімі, коллежский регистратор Лев Пустяков досы поручик Леденцовпен көрші тұратын. Жаңа жыл күні таңертең сол көршісіне барды. Әдет бойынша жаңа жылмен құттықтағаннан кейін ол именшектей сөйлеп кетті:

— Мынадай бір шаруа болып тұр, Гриша… Өте қарыздар болмасам, мазаламас та едім. Бүгінге ғана маған «Станиславыңды» бере тұршы, қалқам. Спичкин көпестің түскі тамағына барушы ем.

— Ол итті өзің де білесің ғой: орденді көрсе өледі, мойнында не өңірінде бірдеңе салбырап тұрмаған адамды кісі есебіне алмайды. Оның үстіне байдың екі қызы бар… Настя, білесің ғой, және Зина… Саған досым деп айтып отырмын… Өзің де түсініп тұрған шығарсың, сүйікті досым. Бір жақсылық етіп, орденіңді бере тұршы!

Пустяков мұның бәрін тілі күрмеле, есік жаққа жалтақтай қарап, қысыла тұрып айтты. Поручик әуелі оны сөккенімен, ақыры көнді.

Жалған салтанаттың алғашқы дәмі

Күндізгі сағат екіде Пустяков арбакештің арбасында, ішігінің өңірін сәл қайырып тастап, омырауына қайта-қайта қарағыштап, Спичкиннің үйіне қарай келе жатты. Алтын жалтыратып, құбылтып, омырауына таққаны — біреудің «Станиславы».

«Тіпті, мерейің тасиды екен! — деді ішінен мұғалім, тамағын кенеп қойып. — Сәл-ақ зат, көп болса бес сом тұратын шығар, ал құдіреті қандай зор!»

Үйге жеткен соң ішігінің өңірін айқара ашып, арбакештің ақысын асықпай төледі. Өз байқауынша, погондарын, түймелерін, «Станиславын» көргенде арбакештің өзі абдырап қалды. Пустяков кісімси қақырынып, үйге кірді.

Үстел басындағы қысылу

Алдыңғы бөлмеде ішігін шешіп жатып, залға көз тастады. Ұзын үстелдің айналасында он бес шақты адам тамақтанып отыр екен. Әңгіме, ыдыс-аяқтың сылдыры араласып жатыр. Үй иесінің дауысы шықты:

— Ол кім қоңырау қаққан?

— Уа, Лев Николаевич! Рахым етіңіз. Сәл кешіктіңіз, дегенмен оқасы жоқ: тамақты енді ғана алдымызға алып жатыр едік.

Пустяков төсін керіп, басын жоғары ұстап, екі қолын уқаластыра залға кіріп келді. Бірақ кірген бетінде-ақ құты қашты: үстел жанында, Зинамен қатар француз тілінің мұғалімі Трамблян отыр екен.

Егер французға орденін көрсетсе, толып жатқан қолайсыз сұрақ туады да, өмір бойы масқара болып, абыройы төгіледі — Пустяков мұны бірден ұқты. «Орденді жұлып алып қашсам ба?» деген ой келгенімен, ол мықтап қадалған, ал қашудың да реті жоқ еді.

Сонда ол оң қолымен омырауындағы орденді басып, бүкшиіп, отырған жұрттың бәріне қолапайсыз тағзым етті де, ешкімге қолын берместен, қызметтес француздың тура қарсысындағы бос орындыққа барып отырды. Спичкин оның қысылған түріне қарап, «ішіп келген-ау, сірә» деп ойлап қалды.

Аштық, иіс, және «оң қол» мәселесі

Пустяковтің алдына бір тәрелке сорпа келді. Ол қасықты сол қолымен алды да, бірақ сыпайылардың арасында сол қолмен ішу ерсі екенін есіне түсіріп, әлгіде ғана тамақтанып келгенін, енді тәбеті жоғын білдірді:

— Жаңа ғана ішіп шығып ем… Мерси-с… Ағамның үйіне, протоиерей Елеевтікіне сәлем бергелі барып ем… не ет деп… тамаққа қара деп болмады.

Ал шындығында, аш келген Пустяковтің іші иттей ұлып, тұла бойын ашу-ыза кернеді: сорпаның дәмді иісі мұрынын жарып барады, буға піскен бекіренің де буы бұрқырайды. Оң қолын босатып, орденді сол қолымен басайын десе, ол одан сайын ыңғайсыз.

«Сезіліп қалар… Ән салғалы тұрған адамдай, қолымды төсіме айқара созғаным болар. Құдай-ай, ас тезірек бітсе екен! Трактирге барып-ақ тамақтанар ем!»

Үшінші табақ қайтқанда ол французға көз қиығын тастады. Трамблян да әлденеге қатты қысылып, үнсіз отыр екен. Бір-біріне көз тастап алғаннан кейін екеуі бұрынғысынан бетер абыржып, көздерін бос тәрелкеге қадады.

«Байқап қалды, залым! Түрінен танып отырмын. Бұл өзі өсекші еді. Ертең-ақ директорға жеткізеді!»

Тост, абыржу, және ашылып қалған таспа

Төртінші, бесінші табақ та желінді. Сол кезде ұзын бойлы, орақ мұрынды, жаратылысынан көзі сығырайған біреу орнынан тұрды да:

— Э-а-э… эм… мына отырған ханымдардың гүлдене берулері үшін ішіп қоялық!

Жұрт жапырлай тұрып, бокалдарын көтерді. Даурыға шыққан «ура» үйдің бөлмелерін жаңғыртты. Пустяков та орнынан тұрып, рюмкасын сол қолына алды. Сол кезде еркектердің бірі:

— Лев Николаевич! Қиын да болса, мына бокалды Настасья Тимофеевнаға апарып беріңізші. Ішкізбей қоймаңыз!

Бұл жолы Пустяков қанша қысылса да, оң қолын босатуға мәжбүр болды. Қызыл таспасы жиырылып қалған «Станислав» жарыққа шығып, жарқырай қалды. Мұғалімнің жүзі бозарып кетті. Ол басын төмен салбыратып, француз жаққа тайсала көз тастады.

Трамблян оған «Ә-ә, солай ма еді!» дегендей таңырқай қарап тұр екен. Бірақ келесі сәтте оның жүзі жымия бастады, қысылған кейпі де тарқап бара жатты.

Күтпеген құтқарылу: француздың да «айыбы» бар

Сол кезде үй иесі французға бұрылып:

— Юлий Августович! Мына бокалды иесіне апарып беріңізші!

Трамблян бокалға батылсыздау қол созған сәтте… Пустяков оның омырауындағы орденді көріп қалды. Оның ордені «Станислав» емес — тіпті Аннаның өзі екен!

Демек, француз да жұртты алдап отыр. Екеуінің де «мінәсі» бірдей болса, енді кім кімге шағымдансын?

Пустяков қуаныштан күлкісін тежей алмай, орнына шалқая отыра кетті. Енді «Станиславты» жасырудың қажеті жоқ еді.

Жалған мәртебенің тәтті кегі

Мұғалімнің төсіндегі орденді көріп Спичкин:

— А-а-а… Ым!..

деп үлгергенше, Пустяков өзі сөйлеп кетті:

— Иә! Тіпті, ғажап емес пе, Юлий Августович! Мерекелердің алдында марапатқа тіпті аз адам ұсынылған екен ғой. Біздегі сонша халықтың ішінен сіз екеуіміз ғана алыппыз! Тіпті, ғажап!

Трамблян разы кейіппен басын шұлғып, үшінші дәрежелі Анна жарасқан сол жақ өңірін ілгері ұмтылдыра түсті.

Астан кейін Пустяков барлық бөлмені аралап, бикештерге орденін көрсетті. Іші әлі де қарыны ашып, ішін жылан жалап бара жатса да, өзін көңілді, еркін ұстады.

Трамблян Спичкинмен ордендер туралы әңгімелесіп тұрғанда, Пустяков ішінен ғана: «Әттеген-ай, мұны білгенде Владимирді тағып келетін едім ғой. Қап, білмей ұтылып қалдым-ау!» — деп өкінді.

Оны қинағаны — тек осы ой. Басқа жағынан ол өзін толық бақытты сезінді.

Аударған: Р. Ахмедов