Қазақ даласы, оның ішінде Баянауыл өңірі, қашанда біртуар тұлғаларға кенде болған емес
Қазақ даласы, соның ішінде Баянауыл өңірі, қашанда біртуар тұлғаларға кенде болған емес. Дегенмен, жүйрікте де жүйрік бар. Сол сом тұлғалардың арасында тәңірі өлшеусіз өнер мен телегей-теңіз білімдарлықты қатар сыйлап, тылсым дүниенің сан қатпарлы құпиясын көңіліне түйдіріп, ғайыптан болжап сөз айтар әулиелік дарытқан даралар да бар. Олардың халқымыздың сан ғасырлық тарихындағы орны тіптен ерекше, тіптен бөлек.
Солардың біз білетін бірегейі — Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Жұртшылық оны ең алдымен айтқаны айна-қатесіз келетін көріпкел әулие ретінде таниды. Бұл — заңды.
Көрегендікке куә бір оқиға
Мәшекең көзі тірісінде-ақ «зират үйін» салдырып, қабірін қаздырып қойған деседі. Сонда: «Мұныңыз қалай? Артыңызда ұрпағыңыз бар, сізді құрметтейтін халқыңыз бар емес пе? Олай-бұлай бола қалса, ел қатарлы ақ жуып, арулап қоймай ма?» — дегендерге: «Солайы солай. Ұрпақ та бар, ел де бар. Тек... Ол кезде ‘балапан басына, тұрымтай тұсына’ деген кезең болады. Көресіңдер де көнесіңдер» — деп жауап берген екен.
Мәшекең 1931 жылдың күзінде дүниеден өтті. Ал сол жылы басталып, 1932 жылы жалғасқан аштықта халықтың қынадай қырылғанын еске алсақ, оның көрегендігіне таңданбасқа лаж жоқ.
Өсиет және оның бұзылуы
Айтылатын дерек бойынша, Мәшекең: «Мен өлгеннен кейін денем қырық жылға дейін бұзылмайды» деп, өзін ашық жерлеуді өсиет еткен. Артында қалғандар бұл өсиетті бұлжытпай орындап, жиырма бір жыл бойы тек шыжыған жаз айларында ғана үстіне жабылған ақыретін ауыстырып отырған екен.
Осыны көзі көргендердің соңғыларының бірі — ақынның немересі Сүйіндік Шарапиденұлы — Мәшекеңнің мүрдесі сол қалпында сақталғанын айтады. Алайда солақай саясаттың сойылын соққан әсіре коммунистер ақын айтқан мерзімге он тоғыз жыл қалғанда «ақыреттік үйін» айуандықпен талқандап, мүрдені мәңгілік топырақпен тұмшалап көміп тастаған.
Есте қалған сөз
Осы сүреңсіз кезеңді еске ала отырып, ақынның елге танылған немересі, филология ғылымдарының докторы, жазушы Қуандық Пазылұлы Мәшһүр Жүсіп атасының 140 жылдық тойында: «Кесенені талқандаушылар халық қарғысына ұшырады. Халық Мәшһүр Жүсіпті қастерлеуін ешқашан тоқтатқан жоқ. Соның бір дәлелі — Сарыарқаның әр үйінің төрінде Мәшһүр Жүсіп суретінің ілулі тұруы» — деп тебірене сөйлеген еді.
Бір ауылдағы бір кітап
Ғалым ағамыздың осы сөзі көз алдыма әр үйдің төрінде Мәшһүр Жүсіптің түрлі-түсті суреті ілулі тұратын шағын ауылды елестетті. Шоман аталатын сол ауылда аралас тауар сататын жалғыз дүкен болушы еді.
Бірде сол дүкенге жолым түсіп, әртүрлі аяқкиімдердің арасынан қағазы әбден сарғайып кеткен кітапты байқап қалдым. Бұрын бұл дүкеннен кітап көрмеген соң ба, әлде кітаптың тым ескіленгеніне таңдандым ба — әйтеуір, көз алмай қадалып қалыппын.
Әлтай ақсақалдың кеңдігі
Сатушы Әлтай ақсақал кітапты қолына алып: «Кеше ревизия жасағанда шықты. Қоймада жата беріпті. Ревизорлар сат деп осы жерге қойғызды. Бағасы да қымбат емес, алам десең ала ғой» — деді.
Қызығып тұрсам да, сатып алатын ақша менде қайдан болсын. Күмілжіп, бұрылып кете бергенімде: «Мә, ақшасыз-ақ ала ғой. Әкеңе сәлем айт» — деді.
Бұл жоғары сыныпқа арналған әдебиет оқулығы екен. Ертеде шыққан сол кітапта «Қыз Жібек», «Алпамыс», «Қобыланды» секілді лиро-эпостық жырлармен қатар Мәшһүр Жүсіптің бір өлеңі де берілгені есімде қалыпты.
Ол кезде біз — мектеп оқушысы, алдың-ұлдың бала едік; Мәшһүр Жүсіптің кім екенін қайдан білейік. Тек әкем ақынның атын атап, өлеңін оқығанда: «Алда, жарықтық-ай…» — деп терең күрсінгені жадымда қалған.
Қазақтың ұлы ойшылы, көрнекті ақыны, әдеби мұра жинаушысы Мәшекеңнің есімімен, өлеңімен алғашқы таныстығым — міне, осылайша ойламаған жерден басталған еді.
Тыйымнан танымға дейін
Кейін жұмыс жағдайымен көшіп-қонып жүргенде әлгі кітап қолды болды. Одан соң Мәшекеңнің өлеңдерін 1983 жылы жарық көрген «ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті» атты кітаптан, араға алты жыл салып «Бес ғасыр жырлайды» жинағынан қайта ұшыраттым.
Ал филология ғылымдарының кандидаты Нартай Қуандықұлының «Мәшһүр шығармаларының зерттелуі» еңбегіне жүгінсек, ақын мұрасын зерттеу 1940-жылдардың аяғында дағдарысқа ұшырағанын көреміз. Уақыттың сіреу мұзы, жас ғалымның айтуынша, тек 1983 жылы ғана сәл жібіген.
Өзекті өкініш және ұсыныс
Соғыстан кейін өсіп-өнген біздің ұрпақ Ахмет Байтұрсынұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабай, Міржақып Дулатұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы секілді алыптардың жыр мәйегіне еркін қанып іше алмады. Тұнығына түсіп, кәусарынан сусындауды тағдыр бізге нәсіп етпеді. Өкінішті-ақ.
Өткенге салауат, тәубе дейік. Аталған алыптардың (Мәшһүр Жүсіптен басқасы) еңбектері мектеп оқулықтарына енгізілді. Сол қатарда Мәшекеңнің болмауы — қынжылтарлық.
Мәшекеңнің еңбектерін мектеп оқулықтарына енгізіп, шәкірттерге оқытып-үйрететін кез жетті деп білеміз. Бұл — бір жағынан қазақ әдебиетіндегі ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы оның лайықты орнын қалпына келтіретін әділетті қадам болса, екінші жағынан жас жеткіншектің ақын мұрасымен мектеп қабырғасынан танысып өсуіне жол ашар еді.
Осы орайда облыстық мәдениет және білім беру мекемелері жыл сайын Мәшһүр Жүсіп шығармашылығының апталығын өткізіп, ақын өлеңдерін оқитын оқушылар байқауын, жазба ақындар мүшәйрасын ұйымдастырса, бұл — ұлы бабамыздың өнеріне көрсетілген лайықты құрмет болмақ.
Сүлеймен Баязитов