Жәнібек көшіп келген жоқпа

Жаздың лебі және жайлауға көшу

Қыс өтіп, жайдары жаз байтақ қырға келіп жеткен шақ еді. Қойлы ауылда тұратын біз үшін жаздың орны бөлек болатын. Ең бастысы — жайлауға көшу. Жайлау көбіне көл жағалауына қоныс тебетін.

Бір күні сырттан енген әкем бәйбішесіне: «Жездең Ықылас өзі баққан сиырларын осы ауылға қарай беттетіп келеді, қарсы алуға дайындал» — деді.

Аздан соң бір табын сиыр көлге келіп түсіп, бақташысы сыртта қарсы алып тұрған бізге қарай беттеді. Бұл — Ықылас, яғни шешеміздің жездесі еді. Амандықтан кейін: «Сендерге қоныс жайлы болсын деп айта келдім» — деді.

Жәнібектің елге оралуы: сағыныш пен қуаныш

Үлкендердің әңгімесінен ұққаным — Ықыластың Жәнібек атты баласы Қарағандыдан елге көшіп келмек екен. Мұны естігенде шешем қатты қуанды: «Айналайын-ай, ақыры ат басын елге бұратын болған екен» — деді көзіне жас алып.

Қарағандыдағы еңбек жолы

Ел аузындағы сөзге қарағанда, Жәнібек Қарағандыдағы шахтада, кейін кәмпит шығаратын өндірісте жұмыс істеген. 1952 жылы Қарағанды қаласындағы өрт сөндіру бөлімінде қызмет атқарып, кейін Ленинградтағы өрт сөндірушілердің бір жылдық оқуын аяқтаған соң, Қарағанды қаласы өрт сөндіру қызметінің инспекторы болып тағайындалған.

Ықаң қауқылдап: «Жәнібек үйленген, кішкентай немерем бар» — дегенде, шешемнің толқығаны тіптен күшейді. Себебі Жәнібек — апасы Торғайдан қалған жалғыз ұл еді.

Торғайдың тағдыры мен мінезі

Торғай кейін Қабден есімді азаматқа тұрмысқа шыққан. Ол жақтан қалған Сапкен нағашысы Қайырбектің қолында өсіп-ер жетті. Кейін Атымтай атты азаматқа тұрмысқа шықты. Бұл күні Атымтай да, Сапкен де өмірден озған. Артында қалған жалғыз ұлы Сапарбек үйлі-баранды болып, Кенжекөл ауылында тұрып жатыр.

Шешем Шалатайдың айтуына қарағанда, Торғай өте пысық, еті тірі жан болғанға ұқсайды. Өзге ауылдас қыз-келіншектермен бірге Қызыл отау жанынан ұйымдастырылған сауат ашу мектебінде оқып, жазу-сызуды меңгерген. Осы білімнің өзі оның ерте көзге түсіп, ел ісіне араласуына жол ашып, ауылдық кеңестің хатшысы болып жемісті еңбек етуіне мүмкіндік берген.

Жәнібек аға ауылдасы Тыйыштаттың айтуынша, анасы Баянда алғаш ұйымдастырылған балабақшаның меңгерушісі болғанын мақтанышпен еске алып отырады.

1985 жыл: көштің келуі және тың дәуірінің рухы

Ауыл арасы шалғай болғандықтан, көп жаңалық дер кезінде жетпейтін. Әкем: «Бір колхозда тұрғанмен, сіз мына жақта, біз ана жақта — естімей қалған шығармыз. Қуанышың құтты болсын» — деп отырды.

Сол күннен бастап шешемнің құлағы жездесінің ауылында болды: әлдекім сол жақтан келе қалса, «Жәнібек көшіп келді ме?» — деп сұрайтын.

Ақыры Жәнібек әкесінің ауылына көшіп келді. Бұл — 1985 жыл еді. Ол уақытта «тың» деген ұғым көп қазақтың жүрегін елең еткізетін. Мүмкін, дәл сол кезең Жәкеңнің Қойтаста ашылған трактористер курсына түсіп, жаңа мамандық таңдауының да бір себебі болған шығар.

Еңбекпен танылған есім

Техниканы меңгеру — сенім сыналған сәт

Тың игеру жылдарында жергілікті ұлт өкілдері аз еді. Сол себепті еліміздің әр түпкірінен келген жұрт мал бағумен күн көріп отырған қазақтарға менсінбей қарайтын кездер де болды. Тіпті «бұлардан техника тілін меңгеретін адам шығады» дегенге сенбейтін.

Трактор курсын бітірген Жәкең солардан қалған тозығы жеткен темір тұлпардың тізгінін ұстады. Тыңға алғаш түрен салған күннен-ақ, оның жұлдызы оңынан туғандай еді: техникаға икемі, тиянақтылығы, жан сала еңбек етуі бірден байқалды.

Қырғындағы қызыл қырман

Егін орағы басталған тұста Жәкең Қырғындағы қызыл қырманға меңгеруші болып тағайындалды. Бұл — тыңның әлі эрозияға ұшырамаған құнарлы кезеңі, өнімділігі жоғары шақ болатын.

Қызыл қырмандағы еңбек күндері қызып жатты. Жәкең өзін іскер ұйымдастырушы ретінде танытты. Бұған оның өрт сөндіру инспекторы ретінде адамдармен тіл табысу мәдениетін меңгеруі де ықпал еткен болар. Қалай болғанда да, сол тұста оның есімі ауыл еңбеккерлері арасында құрметпен атала бастады.

Үш жылдан кейін Жәкеңнің отбасылық өмірінде үлкен өзгеріс болды: сүйікті жары Үкітай марқұм дүниеден өтіп, Жәкең Мәрия жеңгейге үйленді. Сөйтіп, ол қаракесек елінен жан дүниесін түсінер жар ғана емес, жақын-жуық, қайын жұрт та тапты. Мәрия жеңгейдің ағалары Біләл, Қабжан, жеңгелері Томаш, Қапиза және балдыздары жас шаңырақтың берік болуына ақыл-кеңестерімен көмектесті.

Қарға тамырлы қазақ: туыстықтың түйіні

Қазақ «қарға тамырлы» деп бекер айтпаған. Көп ұзамай Мәрияның Майқайыңда Зәбира атты нағашы апасы тұратыны белгілі болды. Оның жұбайы милиция капитаны, тергеуші Қинаят Қатиетов екенін естіген жұрт: «Бұл Қайырбек Бәженеевтің жақын туысы емес пе?!» — десті.

Бір жолы қылмыскерді індетіп Қойтасқа келген сапарында Жәнібек Қинаятты бірден танып, сәлем берді. Ол да жылы қабылдап: «Сенімен бажа болған екенбіз ғой» — деп күлімсіреді.

Араға көп салмай Зәбира да келіп, сіңлісі Мәрияның жаңа ортада өз орнын табуына қатысты ақыл-кеңесін аямады. Ағайын арасында Зәбираның жастығына қарамастан, сол жылдардың өзінде-ақ ерекше құрметке ие болғанын да айта кеткен жөн.

Южный совхозы: сенім, жауапкершілік, нәтиже

1963 жылы бұрынғы «Большевик» колхозының орнына Южный совхозы құрылды. Шартараптан келген қоныстанушылар аз болған жоқ. Бір күні Жәкеңді совхоз директоры М.Е. Предохо шақырып, жаңадан ұйымдасып жатқан шаруашылыққа іскер мамандар керек екенін, сондай-ақ жұмысшыларды партия саясатын жүзеге асыруға жұмылдыру үшін жұмысшылар комитеті құрылатынын айтты да, соған жетекшілік етуді ұсынды.

Жұмысшылар комитеті төрағасы

Көп ұзамай ауыл еңбеккерлерінің алқалы жиынында Жәнібек Ықыласұлы Бәженеев Южный совхозының жұмысшылар комитетінің төрағасы болып бір ауыздан сайланды. Бұл — үлкен сенім еді.

  • Социалистік жарысты ұйымдастырып, жеңімпаздарды анықтауға күш жұмсады.
  • Ауырған адамдарды шипажайға жіберу, баспанамен қамту сияқты әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысты.
  • Еңбек адамдарының мұң-мұқтажын тыңдап, ортақ іске жұмылдыра білді.

1970 жылы директор Жәкеңді қайта шақырып: «Үшінші бөлімшенің шаруашылығы біршама құлдырап кетті, соны басқаруға сізді жіберсем қалай қарайсыз?» — деген ұсыныс жасайды. Жәкең бұл жұмысты да ойдағыдай атқарды.

Бөлімшені көтерген кезең

Ол тұста бөлімшеде 1500 бас ірі қара бар еді. Мал басын жем-шөппен қамтамасыз ету, қора-қопсыны, бақташылар тұратын үйлерді қыстыққа жөндеу сияқты науқандар үздіксіз жалғасатын. Бөлімшенің 5 мың гектар егістік алқабында бидай, арпа, қарақұмық өсіріліп, орақ жұмыстары бірін-бірі ұштастыра жүргізілді.

Бірте-бірте жұмыс ілгері басты. Мемлекетке сапалы, семіз ет, сүт, май тапсыру жолға қойылды. Қырғын учаскесі — бөлімшенің құнарлы егістік жері саналатын. Егін егу технологиясын дұрыс сақтау нәтижесінде бөлімше дихандары әр гектардан 10–12 центнер өнім алуға жетті. Ол жылдары бұл — жоғары көрсеткіш.

Қоғамдық сенім және әріптестер

Жәкеңнің еңбектегі табыстары елеусіз қалған жоқ: бөлімше еңбеккерлері оны ауылдық кеңестің депутаты етіп сайлады. Ол совхоздағы еңбек мәселелерін көтеріп, шешуге белсене араласты.

Жәкең сол жылдарды сағынышпен еске алып, өзімен қанаттас болған пікірлестерін мақтанышпен атайтын: Ғаббсаттар Сарбасов, Әбілә Сабденбеков, Серік Анафин, Сағадат Ысқақов.

Адалдық — өмірлік ұстаным

1975 жылы отбасы жағдайына байланысты Жәкең Жосалы совхозының Қызылтау бөлімшесіне қоныс аударып, мұнда екі жылдай бөлімше қоймасының меңгерушісі болды. Бір айта кетер жайт: Жәкең қайда қызмет атқарса да, адалдығымен ерекшеленді. Ол ішіп-жемге, қоғам мүлкін талан-таражға салуға жол бермейтін. Бұл — өзіне де, өзгеге де қойған талабы еді.

Кейін совхоз директоры Тоқтыбай Бралинұлы Құлшыманов Жәнібек Ықыласұлын совхоз орталығындағы орталық қойма меңгерушілігіне шақырды. Он бес жылдай бір орында табысты еңбек еткен Жәкең зейнетке де абыроймен шықты. Қызылтау жерінде балалары өсіп, ержетті.

Ол жылдары Жәкең Қапен Төлеубеков, Марат Әшімов, Қоқан Закарьянов, Бақыт Аязбаев секілді елге белгілі азаматтармен қатар еңбек етті. «Ел дәулетін еселеуге шамамыз жеткенше үлес қостық», — деп отырады.

Еңбектің бағалануы

Үкімет наградасы ол кезде екінің біріне бұйыра бермейтін. Жәкеңнің адал еңбегі аудандық партия комитетінің грамоталары мен мақтау қағаздарымен аталып өтті. Ең бастысы — зейнеткерлікке шыққанда совхоз директоры Қапен Төлеубекұлы арнайы бұйрықпен еңбегін бағалап, автокөлік мінгізді.

Ықылас ақсақал туралы ел аузындағы екі әңгіме

1982 жылғы сәуірде Жәкеңнің асқар тауы, әкесі Ықаң, 84 жасында өмірден озды. Осы орайда Ықаң туралы ел ішінде айтылатын екі әңгімені еске алудың жөні бар. Ол кісі өте момын, еңбекқор жан еді. Тірісінде-ақ есімі ауыл арасында аңыздай тараған.

Иттер талатқан ет және «құдай сақтап»

Бір сапарға әзірлік жасап, қойын сойып, етін терісінің үстіне жайып қояды. Шай ішуге үйге кіріп шықса, қораның есігі аңырайып ашық жатыр екен. Жүгіріп барса, ауыл иттері етті паршалап тастаған. Тек жоғарыға ілінген төс пен қора бұрышына тасталған бас қана аман қалыпты.

Ықаң бәйбішесіне жүгіріп келіп: «Иттер қойдың етін түгелге дерлік талап кетіпті. Тек ренжи көрме: құдай сақтап басы, құдай сақтап төсі қалыпты» — деген екен.

Көк бұқа және зейнетақыға жол

Тағы бір әңгімеде, өзі бағып жүрген табындағы көк бұқа сүзіп, ауыр халде аудан орталығындағы ауруханаға түседі. Дәрігерлер емдеп жазып қана қоймай, жасы жеткен адам ретінде зейнетақысын рәсімдеуге де көмектеседі.

Өмір бойы колхозда еңбек етіп, зейнетақының жөн-жосығын да біле бермеген Ықаң алғашқы зейнетақысын алғанда: «Е, жаратқан, бергеніңе мың шүкір… шытырлатып ақша санатқан көк бұқаға да, үкіметке де, дәрігер балаларға да көп рахмет» — деген деседі.

Бұл әңгімелер Баянауыл ауданының Жұмат Шанин атындағы ауылында әлі күнге дейін айтылады. Бұл — табиғаттай таза, аңқау да аңғал, бірақ еңбегімен ел есінде қалған Ықылас ақсақалға көрсетілген құрметтің бір белгісі болса керек. Ауыл ақсақалды қадірлеп, соңғы сапарға лайық шығарып салды. Ол кезде Ықаңның сегіз немересі бар еді.

Бүгінгі күн: ұрпақ жалғасы және береке

Қазір Жәкең Екібастұз қаласында тұрады. Бәйбішесі Мәрия жеңгеймен бірге Алланың берген ырысын бала-шағасымен бөлісіп, берекелі ғұмыр кешіп отыр.

Балаларының жолы

  • Ләззәт пен Берікбай — қатардағы шаруа адамдары.
  • Фаризат жоғары оқу орнын бітіріп, Екібастұз қаласының мәдениет бөлімін ұзақ жыл басқарды; қазір Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратында қызмет етеді.
  • Алиасқар — полиция полковнигі; Екібастұз қалалық ІІБ бастығының бірінші орынбасары болған, қазір Баянауыл аудандық ішкі істер бөлімін басқарады.
  • Ерсін — елімізге белгілі «Богатырь» көмір разрезінде техникалық қызметкер.
  • Еркін мен Серікбай — Екібастұз қаласының ішкі істер басқармасында полиция офицерлері.
  • Гүлзат — Павлодар облыстық «Қазақтелекомда» инженер-техник.
  • Қайыргелді — өмірге құштар, қайратты азамат.
  • Кенже қызы, ағылшын тілі маманы Гүлдана — Қазақстан Республикасының кардиохирургия орталығында қызмет атқарады.

Сонымен қатар, Жәкең мен Мәрия жеңгей балалары мен келіндерінен он төрт немере, үш жиен, жеті шөбере сүйіп отыр.