Ана тілі - кімнің тілі

Қарағанды облысы, Қарағанды қаласы, №48 жалпы орта мектебі

Бастауыш сынып мұғалімі: Омарбекова Алия Жексембековна

Көптілділік — Қазақстандағы халықтар достығының негізі

Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл — қазақ тілі. Мемлекеттік тілді білу — әрбір азаматтың парызы. Бүгінгі таңда қазақ тілін үйрену Қазақстанда өмір сүрудің маңызды шартына айналды. Осы сабақта оқушылардың тіл үйрену барысында жеткен бірқатар нәтижесін көрсетіп, сөз мәдениетін дамытуға бағытталған тапсырмалар орындалады.

Сабақтың мақсаты

  • Мақал-мәтелдерді дұрыс қолдануға үйрету, сөздік қорын молайту.
  • Патриоттық тәрбие беру, ойлау қабілетін дамыту.
  • Қазақ тілін құрметтеуге баулу.

Көрнекіліктер

Қабырға газеті, буклет.

«Ана тілі — азығым. Таусылмас қазығым»

Сабақ барысы

Ұйымдастыру кезеңі

Мұғалім оқушыларға төмендегі сұрақтарды қояды:

  1. Ана тілі — кімнің тілі?
  2. Тілді адамдар ең алдымен кімнен үйренеді?
  3. Қазақ тілі бүгінде қандай мәртебеге ие?
  4. «Қазақ» сөзінің мағынасы қандай?

Кіріспе сөз

Мемлекеттік тілді меңгеру — әр азаматтың міндеті. Қазақ тілін үйрену арқылы біз қоғамдағы бірлікті, өзара сыйластықты және ортақ құндылықтарды нығайтамыз. Бүгінгі сабақта оқушылардың тілдік сауаттылығын арттырып, мақал-мәтелдер мен әдеби мәтіндер арқылы ой өрісін кеңейтеміз.

I бөлім. Ойын: «Кім табады?»

«Қоржынның» ішіндегі сұрақтарға жауап беру.

  1. Қазақ тілі қандай тіл?
  2. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін қашан алды?
  3. «Тіл туралы» Заң қашан қабылданды?
  4. «Тіл туралы» Заң неше тараудан тұрады?
  5. Қазақ тілі қандай әліпбилік негізде құрылған?
  6. Қазақ тілінде неше дауысты дыбыс бар?
  7. Қазақ тілінде неше дауыссыз дыбыс бар?
  8. Қазақ тілінде неше жуан дауысты дыбыс бар?
  9. Қазақ тілінде неше жіңішке дауысты дыбыс бар?
  10. Қазақ тіліндегі дауыссыз дыбыстар нешеге бөлінеді?

II бөлім. Әдеби монтаж

Дина

Әрбір тілде сөйле — әлемді таң қылып,
Ана тілін білмей өскен — әңгүдік.
Өсер балаң, байтақ дала тұрғанда,
Қазақ тілі жасай берсін мәңгілік!

Нұртас

Ана тілің — арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!

Ақбота

Қазақ осы — «Өнер алды — тіл» дейтін.
Қазақ осы — қарасың ба, ақсың ба, қоңырсың ба,
Жатырқамайтын, бауырына басатын.
Қазақ осы — ашық-жарқын қабағы,
Қонақ келсе, құрақ ұшып қалады.

Шоқан

Сүйемін туған тілім — анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

Ақбота

Туған тілім — тіршілігімнің айғағы,
Тілім барда айтылады ойдағы.
Өссе тілім — мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім — мен де бірге өшемін.

Мейірлан

Туған тілім — бабам тілі, өз тілім!
Туған тілім — анам тілі, өз тілім!
Туған тілім — далам тілі, өз тілім!
Туған тілім — адам тілі, өз тілім!

Туған тілде сыры терең жаным бар,
Туған тілде әнім мен сәнім бар.
Туған тілім тіл болудан қалса егер,
Жүрегімді суырып-ақ алыңдар!

Ернұр

Бір ауыз сөз үйреніпсің бүгін де,
Сөйлеп тұрсың менің ана тілімде.
Қазақ болып туған соң, бөбегім,
Қазақ болып өлген жақсы түбінде!

Мәдина

Қазақ тілі! Ол — менің ана тілім!
Қазақ тілі — байсалды баба тілім!
Сол байлықтан аз емес алатыным.

Айгүл

Қуан, далам, қуанатын күн бүгін,
Серпіп таста, мұңды жүрек түндігін.
«Тіл туралы» Заңым енді күшіне,
Паш еткендей, кескен дала кіндігін.

Қазақ тілі — борандатқан дауыл күй,
Қазақ тілі — өлең-жыр мен ән мен күй.
Байқасаңдар, қазақ тілі осындай —
Аққан судай, ескен желдей табиғи.

III бөлім. «Жалғасын тап»

Мұғалім мақалдың басын айтады, оқушылар жалғастырады.

  1. Арқанның ұзыны жақсы, тілдің қысқасы жақсы.
  2. Ең тәтті де — тіл, ең ащы да — тіл.
  3. Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі.
  4. Жақсы жолдас — жанға серік, жаман жолдас — малға серік.
  5. Тіл тас жарады, тас жармаса — бас жарады.
  6. Шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ.
  7. Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді.
  8. Оқу — білім бұлағы, білім — өмір шырағы.
  9. Білім қымбат, білу қиын.
  10. Білім таппай мақтанба, өнер таппай баптанба.

Ойын: «Асық шашар»

Бес оқушы ортаға шығады. Кімге асық жетпесе, сол оқушы мақал-мәтел, жұмбақ немесе өлең айтады.

Жұмбақтар

Ой маржанын тере білген,
Әр жазушының, әр ақынның
Әр сөзінен нәр аламын —
Ана сүті... ана тілім.

Сөзі дана, үні жоқ,
Сөйлемейді — тілі жоқ.
Қолыңа алсаң — шешен,
Ақылы асқан көсем — кітап.

Тіл — ырысың, өрісің де,
Тіл — көктегі ғажап күнің де.
Ғажапсың сен мен үшін де —
Бабам тілі... қазақ тілі.

Ән: «Ана тілім»

Анамның тілі — айбыным менің,
Қазақтың тілі — айбыным менің.
Сүйемін байтақ елімді туған,
Сүйемін мәңгі өмірді думан.

Көркем оқу

М. Шахановтың «Төрт ана» өлеңінен үзінді.

Қорытынды

Хор

Менің елім — Қазақстан

Ана тілін құрметтеу, мемлекеттік тілді меңгеру және көптілділік мәдениетін қалыптастыру — ел бірлігін нығайтатын ортақ құндылық.