Сізге қайсысы жақын
Бұл кеңестер әдебиет пәнін бесінші пән ретінде таңдаған түлектерге арналған. Әдебиетке дайындалу біреулер үшін — ләззат, енді біреулер үшін — азап; ал кейбірі жалқаулықты жеңе алмай дағдарады. Себебі бұл пән, көбіне, әдебиетті сүйіп оқитын адамға ғана «ашылады». Егер әдебиетті жақсы көрмесеңіз, жоғары балл жинаймын деу — өзіңізді алдаумен бірдей.
ҰБТ-ны жақсы тапсырдыңыз делік. Бірақ одан кейінгі оқу мен кәсіби жолдың басым бөлігі шығармашылықпен, көркем мәтінмен, ойлаумен байланысты болатынын ескерсек, әдебиетке немқұрайлы қарау үлкен нәтижеге кедергі болуы мүмкін. Сондықтан сіз бұл пәнді жан қалауыңызбен таңдады деп қабылдаймыз.
Төменде «Әдебиетке қалай дайындаламын?», «Дайындықты неден бастаған дұрыс?», «Жоғары балл жинау мүмкін бе?» деген сұрақтарға нақты бағыт-бағдар береміз. Бір маңызды ескерту: бұл әдіс биылғы бітірушілерге арналмаған. Әдебиет уақыт пен тұрақты оқуды талап етеді, сондықтан алдағы бір айдың ішінде бұл жүйені толық орындап шығу қиын.
Дайындықты қашан бастау керек?
Мен өзім дайындық кезінде ешкімнің көмегіне жүгінбедім. Шын ниетпен кіріссеңіз, пән мұғалімінсіз де, репетиторсыз да нәтижеге жетуге болады. Ең дұрысы — дайындықты маусым–шілде айларынан бастау.
Негізгі қағида
ҰБТ сұрақтары оқулықтарға сүйеніп жасалатындықтан, 5-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі әдебиет оқулықтарын түгел қолыңызға алыңыз.
Оқулықпен жұмыс: жүйелі конспект
5-сынып кітабынан бастап әр тақырып бойынша конспект жасаңыз. Әр авторға жеке бет арнаңыз да, сол бетке жыл сайын оқыған шығармаларын, негізгі кейіпкерлерін, автордың туған жылы мен туған/қайтыс болған жерін, қысқаша өмірбаянын реттеп жазып отырыңыз.
Осы тәсілді үзбей жүргізсеңіз, қыркүйекке дейін кемінде жеті сыныпқа арналған жинағыңыз дайын болады. Бұл — кейінгі қайталауды айтарлықтай жеңілдететін «жеке базаңыз».
Көркем шығарманы міндетті түрде толық оқыңыз
Әдебиет — ең алдымен оқу. Қысқаша мазмұнға сүйену немесе біреуден естіп алу жоғары нәтижеге жеткізбейді. Егер оқулықта тек үзінді берілсе, шығарманы толықтырып, толық нұсқасын оқыңыз.
Әр сыныпқа арналған хрестоматияларды да оқыңыз. Себебі сұрақтар тек кейіпкер атын сұрамай, оқиға желісінің нақты бөлшегіне дейін барады. Мысалы: «Жусан иісіндегі» Аянның екінші рет аяғын қай жерде шығарып алғаны сияқты детальдар кездесе береді.
Әр автор бойынша шағын зерттеу жасаңыз
Кейде оқулықта айтылмаған немесе назардан тыс қалатын деректер сұрақ болып келеді. Мысалы, «Шәкәрімнің сүйегі қай жерде?» деген тәрізді мәліметтер, білім алған орындары, алғашқы ұстаздары туралы сұрақтар да кездеседі.
Тәжірибелік кеңес
Әр авторға арналған бетте «оқулықтағысы» және «қосымша дерек» деген екі бөлек бөлім қалдырып, ақпаратты шатастырмай жинаңыз.
Әдебиет теориясы: терминдерге жеке дәптер
Терминдер үшін бөлек дәптер арнаңыз. Терминдерді әліпби ретімен жазып, әрқайсысының анықтамасын белгілеңіз: аллегория, ассонанс, әсірелеу және т.б. Қай тілден енгеніне, бастапқы мағынасына да мән беріңіз.
Мақсат
Терминді шығармадан «көзбен көріп», тез таба алатындай деңгейге жету.
Мысалы, ҰБТ-да мынадай тапсырма келуі мүмкін:
«Астындағы бурылдың,
Жоғарғы ерні көк тіреп,
Төменгі ерні жер тіреп...»
(«Қобыланды батыр»)
— қандай көркемдеу тәсілі қолданылған? Мұнда дұрыс жауап: гипербола (әсірелеу).
Сұрақ кітапшалары: қате арқылы өсу
Сұрақ кітапшаларымен жиі жұмыс жасаңыз. Бұрынғы жылдардың мүмкіндігінше көп нұсқасын жинаңыз. Сол кітапшалардағы сұрақтарды белгілеп, қателерді қайта-қайта талдаңыз.
- Қате кеткен және алғаш рет кездескен сұрақтарды арнайы дәптерге тізіп отырыңыз.
- Сол тізімді жүйелі түрде қайталап, жаттап алыңыз.
- Дайындықты «бір рет қарап шығу» емес, тұрақты әдетке айналдырыңыз.
Есте сақтау тәсіліне қарай жоспар құрыңыз
Әр адам ақпаратты әртүрлі қабылдайды: бірі жазу арқылы, бірі оқу және көру арқылы жақсы есте сақтайды. Өзіңізге қай тәсіл тиімді екенін анықтап алыңыз.
Егер жазу арқылы есте сақтасаңыз
Оқыған шығармаларыңыздың қысқаша мазмұнын, маңызды оқиғаларын, кейіпкер есімдерін арнайы дәптерге жазуды әдетке айналдырыңыз.
Егер көру/оқу арқылы есте сақтасаңыз
Үнемі кітап оқуға ден қойыңыз: бағдарламадағы шығармаларды толық оқып, авторлар мен терминдерді қатар меңгеріңіз.
Қорытынды
Мектеп бағдарламасына енетін шығармаларды толық оқып, авторлар мен терминдерді жүйелі түрде қайталасаңыз, әдебиет сіз үшін қиын пән болмайды. Мен дәл осы әдіспен дайындалып, ҰБТ-да әдебиеттен 24 балл жинадым. Сізге де сәттілік тілеймін!