Алладан кешірім тілеп, Одан дүние - ақіретімізге пайдасы тиер нәрселерді сұрау

Қадір түнінің мың айдан артық екендігі «Қадір» сүресінде анық баяндалған. Бұл түні жасалған құлшылықтар 83 жыл бойы жасалған мінәжаттың сауабына тең. Ал бұл түнді жіберіп алған адам көп жақсылықтан мақұрым қалатынын ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) ескертеді:

«Рамазан айында мың айдан артық бір түн бар. Кім оның жақсылығынан мақұрым қалса, шын мәнінде (көп нәрседен) мақұрым қалғаны.»

Ардақты Пайғамбарымыздан (с.а.у.) риуаят етілген хадис мағынасы

Неліктен «Қадір түні» деп аталады?

1) Тағдыр белгіленетін түн

Бұл түні келесі жылға қатысты өмір мен өлім, ризық-несібе, әр адамның тағдыры белгіленеді.

2) Қасиетті әрі ұлық түн

Мың айдан артық бұл түн — өзге түндерден қадірі асқақ, берекесі мол, орны ерекше ұлық түн.

Сахабалар мен ғұламалардың түсіндірмелері

Тәпсір кітаптарында сахаба Абдулла ибн Аббастың (р.а.) мына сөзі келтіріледі: Қадір түнінде сол жылғы жақсылық пен жамандық, ризық-несібе, өмірдің мөлшері тағдырға жазылады (Лаухул махфуз). Тіпті сол жылы қажылыққа кім баратыны да белгіленеді.

Сондай-ақ, Хасан, Мүжәһид және Қатәдә да: «Қадір түні сол жылы болатын барлық істер, ненің жаратылатыны, қаншалықты ризық-несібе берілетіні, өмір сүру уақыты белгіленеді», — деп айтқан.

Жаратушы Иеміз «Духан» сүресінде Құранның берекелі түнде түсірілгенін айтып, әрі қарай: «Сол түні барлық дана істер белгіленеді», — деп, Қадір түнінің осы екі мағынаны да қамтитынына назар аударады.

Берекелі түннің сауабынан құр қалмау үшін не істеген абзал?

Қадір түнін барынша мәнді өткізу үшін төмендегі сауапты амалдарға ден қойған жөн.

  1. 1

    Намаз оқу

    Тәһәджүд намазын, қаза намаздарын және түрлі нәпіл намаздарды оқу — Қадір түнін көркем өткізудің ең маңызды амалдарының бірі.

    Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім Қадір түнінің қасиетіне сеніп, сауабына үміт етіп намаз оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі», — деген.

  2. 2

    Құран оқу

    Бұл түн — Құран түскен түн. Сондықтан Құран оқу, мағынасына ой жүгірту және оқыған аяттарды өмірге ұстаным етуге талпыну аса құнды.

  3. 3

    Кешірім тілеп, пайдалы дұғалар жасау

    Алладан кешірім сұрап, дүние мен ақыретімізге пайдасы тиетін игі тілектер тілеу — Қадір түнінің мәнін аша түседі.

    Айша (р.а.) анамыз сұраған дұға

    «Аллаһуммә иннәкә ғафуун тухиббул ғафуа, фағфу ғанни».

    Мағынасы: «Уа, Жаратушым! Шынында Сен кешіруді жақсы көресің. Мені кешіре гөр».

    Атақты хадисші Суфуанус Сәури: «Бұл түні дұға етіп, Алладан кешірім сұрап, тілек тілеу — мен үшін намаз оқудан да қайырлырақ. Егер Құран оқып, артынан дұға етсе, тіпті жақсы», — деген. Өйткені бұл түн — көп дұға жасап, кешірім тілейтін түн.

  4. 4

    Ел-жұртқа амандық, мұсылман үмбетіне жәрдем тілеу

    Дұғамызда елімізге амандық, жұртымызға тыныштық, жүректерімізге иман тілеп, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінде жәбір көріп жатқан мұсылман бауырларымызға Алладан жәрдем сұрауды ұмытпайық.

  5. 5

    Терең ой жүгірту (тафаккур)

    Алланың ұлықтығы, Исламның ұлықтығы, Құранның ұлықтығы туралы ойлану, айтылған уағыз-насихаттарды көкейге түю — жүректі жұмсартып, ниетті түзететін сауапты амал.

  6. 6

    Зікірді көбейту

    Төмендегі зікірлерді көбірек айту да — Қадір түнінің берекесін арттыратын ғибадат:

    • Субханаллаһи уә бихамдиһи
    • Субханаллахил Ғазим
    • Астағфирулла
    • Әлхамдулилла
    • Аллаһу әкбәр
    • Лә иләһә иллаллаһ

Осы сауапты амалдарды ықыласпен орындап, бір түнде-ақ 83 жылдық сауапты қоржынға жинауға тырысайық, құрметті мұсылман қауым. Алла істеген қайырлы істерімізге еселеп сауап жазсын!