- Өз үйіме қайтамын

— Өз үйіме қайтамын! — деді бала.

Айнала тұрғандар баланың сөзіне жамырай күлісті.

— Әй, өз үйіңде не бар?! — деді күліп, осы жерде тұрған үлкен апайлардың бірі.

— Не бар өз үйіңде?

— Өз үйімде атам бар! — деді бала.

— Атаң деген отырған жоқ па мұнда?! — деді әлгі апай дауыстап.

Ол сәкінің үстінде отырған баланың нағашы атасын нұсқады. Бала басын шайқады:

— Жоқ. Ол менің атам емес. Өз үйімде менің өз атам бар!

Жұрт тағы да ду күлді. Жиенінің сөзіне сәкінің үстінде отырған кісі де күліп жіберді:

— «Жиен ел болмайды» деп осыдан айтылған ғой. Өзімнің де ұлдарым үйленер. Өзімнің де «аталап» жүретін немерелерім болар.

Тойдың думаны мен баланың таңдауы

Әлгі апай баланы тағы да райынан қайтармақ болды:

— Әй, мұнда той болғалы жатқан жоқ па?! Нағашы әпкеңді ұзатқалы жатырмыз ғой.

Тәтті-пәттінің бәрі осында, кәмпиттің небір түрі де осы жерде. Көңілді музыка ойнап тұр. Қызықтың бәрі осында емес пе?

Қазір құдалар келеді, әпкеңді ұзатып алып кетеді. Қалмайсың ба?!

Бала тағы да басын шайқады:

— Жоқ! Өз үйіме қайтамын!

Неге ол асықты?

Баланың өз атасы сырқаттанып қалып, құдасының тойына келе алмай қалған еді. Ауылынан кісі әкеліп тастауға келген көліктің жүргізушісін таныған бала көлікті тоқтатып: «Мені де ала кет» деп өтінген болатын.

Бала енді анасына бұрылды:

— Мама, киімдерімді пакетке жинап берші. Мен өз үйіме қайта берейін! Ал сен тойды өткізіп, сосын-ақ келерсің.

Үлкендер баланың сөзіне тағы да күлді.

Тәрбиенің ізі

Осы үйдің бойжеткендерінің бірі күліп тұрып, әңгіменің төркінін ашты:

— Мұның бәрі әке-шешемнің өз тәрбиесі. Олар өз тәрбиесінің жемісін көріп отыр.

Үлкен әпкем тұрмысқа шыққан соң бір күні үйге қыдырып келді. Дастарқан басында отырып бір әңгімені бастап еді, әке-шешем тоқтатып тастады:

— Өз үйіңнің әңгімесін осында әкеліп айтпа! Сен енді тұрмысқа шыққан қызсың, өз үйің бар. Тұрмысқа шыққан қыздың өз үйінің әңгімесі өз үйінің ішінде қалуы керек, сыртқа шықпауы тиіс!

Әпкем тымырайып, үнсіз қалды.

Осыны естіп отырған екінші әпкем ұзатылғаннан кейін барған үйіне біржола сіңісіп кетті. Барған жерінде қадірлі болды.

Тіпті өз шаңырағын бізден де артық көретіндей: бізге айында-жылында бір-ақ келеді.

Мына «өз үйім, өз үйім» деп тақылдап тұрған бала — сол екінші әпкемнің ұлы.

Кішкентай Отан

Бала киімдері салынған қалтаны бауырына қысып, құшақтап алған күйі өзін күтіп тұрған көліктің артқы орнына барып отырды. Жиналған жұртқа қарап, жымиып күлді.

Көлік ақырын орнынан қозғалды. Ол өз үйіне бара жатты.

Осы жерде тұрған мектеп директоры түйінін айтты:

— Осындай балалардан ертең жақсы азамат шығады. Негізінде, Отан деген қасиетті ұғымның алғашқы баспалдағы — баланың өз үйі, өз тамыры. Ол өзінің кішкентай Отанын көңілді музыкаға да, кәмпитке де айырбастаған жоқ.