Асыл сөз

Қазаққа ілгерілеу керек болса, мұны аз қалыпта қалдырмай, көбірек таратып, бәріне таныс жетілген жұрттардың қатарына қосу керек; олармен бірге адам баласының жеңіл күн көруіне, тегіс бақытты болуына жол табу керек, іздесіп, атсалысу керек.

Бізге керегі — солардың білімін тез үйрену және сол қатарға мүмкіндігінше жылдам қосылудың қамын қылу.

(Сұлтанмахмұт)

Өмірбаяны

Абайдан кейінгі қазақтың жазба әдебиетінде әр жанрда еңбек етіп, ерекше көзге түскен көрнекті ақындардың бірі — Сұлтанмахмұт Торайғыров. Ол 1893 жылғы 28 қазанда Көкшетау облысының Қызылту ауданында дүниеге келді.

Әкесі Шоқпыт (шын аты — Әбубәкір) кедей, момын шаруа адам болған. Шоқпыттың екі ұлы бар еді: Байқоңыр және Сұлтанмахмұт. Сұлтанмахмұт екі жасында анасынан айырылып, жетімдіктің тауқыметін ерте тартады.

Анасы қайтыс болғаннан кейін әкесі балаларын ертіп, Павлодар облысының Баянауыл ауданына көшеді. Ақынның балалық шағы Баянауылда өтеді.

Алғашқы оқу жолы

Алғашында ол Әлі, Тортай, Мұқан деген ауыл молдаларынан сауат ашады. 1908 жылы Баянауылдағы Әбдірахман молданың медресесіне түсіп, онда 2–3 жыл оқиды. Алайда молданың ұрып-соғуына шыдай алмай, оқуын тастап кетеді. Кейін оның қаталдығы мен надандығын әжуалап өлең шығарады.

1911 жылы бір қыс бойы Нұрғали Бекбауов деген мұғалімнен білім алады. Нұрғали — жаңаша оқыған, көзі ашық, сауатты ұстаз еді. Оның ықпалымен Сұлтанмахмұт қазақ және татар тілдеріндегі әдеби кітаптарды, газет-журналдарды оқуға дағдыланады.

Өз білімінің жеткіліксіз екенін сезінген ақын 1912 жылы Троицк қаласына барып, Ахун Рахманқұли деген татар медресесіне оқуға түседі. Бірақ тұрмыс ауыртпалығы салдарынан ұзақ тұрақтай алмайды: қаржы тапшылығы, жоқшылық, дерт меңдеп, көп қиындық көреді. Жаз шыға Троицк маңындағы ауылдардың біріне бала оқытуға кетеді. Ондағы мақсаты — бала оқыта жүріп, денсаулығын түзеп, қаржы жинап, қайта оқуына оралу. Бос уақытында өз бетінше ізденіп, өлең жазады.

Абай туралы бағасы

Сұлтанмахмұт Торайғыров Абайға да мінездеме беріп, оны қазақ әдебиеті өкілдерінің бәрінен ерекше, дара тұлға деп бағалайды.

Шығармашылық қуаты және қысқа ғұмыр

Ақын аз ғана ғұмырында (небәрі 27 жас) бірнеше лирикалық өлең, ондаған мақала, екі роман, 5–6 поэма жазып, қазақ әдебиетін жаңа сатыға көтерген Абайдан кейінгі ірі суреткер, реалист ақындардың бірі болды.

Кейде «Есіл, қайран ерім-ай, еліне берерін түгел бере алмай кетті-ау» деп өкінесің. Өкінішсіз өлім жоқ. Дегенмен аз жасаса да, жанын жарыққа айналдырып, елге асыл мұра қалдыратын алыптар болады.

«Сөндіріп ай мен күніңді, тек денімді сау қылшы!» — тірлікке құштар, өмірді шексіз сүйген ұлы жанның күйініші мен үміті.

Ол өз дәуірін жанартаудай жарып шығып, қара түнде жарқылдаған найзағайдай жалын атқан ақын еді. Құйрықты жұлдыздай ағып өтіп, қыршын жасында дүниеден өтті.

«Жұрттың бақытты болуына себепші болған адам ғана бақытты адам», — деген Дени Дидроның сөзі бар. Осы өлшеммен қарағанда, бар өмірін елінің болашағына арнаған Сұлтанмахмұттың мұрасы — бүгін де тірі, бүгін де жарық.

Абайдың «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деуі — дәл осындай тұлғаларға лайық.

Дәуір тынысы: ХХ ғасыр басы

Сұлтанмахмұт өмір сүрген кезең — ХХ ғасырдың басы. Ресей империясы кеңістігіндегі ең бір дүр сілкініс, азаттық үшін арпалыс жылдары еді. Бірімен-бірі қабаттасқан төңкерістер патшалық биліктің іргесін шайқалтты, отарлық езгінің әлсіреуі ұлттардың оянуын жеделдетті.

Ұлттық сананың оянуына әсер еткен оқиғалар

  • 1905–1907 жылдардағы Ресейдегі төңкерістік толқындар
  • 1916 жылғы қазақ даласындағы патшаға қарсы қозғалыстар
  • 1917 жылғы Ақпан төңкерісі

Ақынның бел шеше жазу ісіне кіріскен шағы да — осы алмағайып жылдар. Ол мәдениеті озық елдердің жоғары жетістіктерін насихаттап, жаңалықтың жаршысы бола білді. «Бүгінгі жастарға оқу — міндет, бар қиындықты тек қана ғылым жеңбек» деген ойды қайсар жыр жолдарымен жеткізді.

Мұрасының зерттелуі және «Айтыс» дастаны

Сұлтанмахмұттың шығармаларын жинау, бастыру, зерттеу ісінің тарихы ұзақ әрі күрделі. Ақынның өзі де, әдеби мұрасы да талай дау-дамайға түсті. Осы кезеңдерде кейбір өлеңдері жоғалып, табылған нұсқалары төңірегінде пікірталас туды; қолда бар дүниенің бір бөлігі идеологиялық айыптаулармен көлеңкеде қалып қойды.

«Айтыс» — аяқталмай қалған үлкен ой

Сол шығармалардың бірі — «Айтыс (қала ақыны мен дала ақынының айтысы)» дастаны. Бұл — ақынның кемел ойлап, кең пішкен еңбектерінің бірі. Аяқталмай қалуы — өкініш.

Дастанда Сұлтанмахмұт тәуелсіздік, тіл теңдігі, төл өнеркәсіп, ұлттық қорғаныс сияқты өзекті мәселелерді 1919 жылдың өзінде-ақ көтергенін көреміз.

Ақынның «Тым болмаса екі жыл тұрмадым, іштегіні түгел жарыққа шығара алмай кетіп барамын» деп, дастанды тәмамдай алмағанына қатты өкінгені айтылады.

«Айтыс» ақын қайтыс болғаннан кейін жарияланды: советтік кезеңде, 1922 жылы Қазан қаласында Бернияз Күлеев бастырған «Адасқан өмір» жинағында және 1933 жылы Қызылордада шыққан Сұлтанмахмұт Торайғырұлының толық шығармалар жинағында.

1933 жылғы жинақты баспаға дайындаған — Жүсіпбек Аймауытов. Ақын дүние салғаннан кейін оның шығармаларын он жыл бойы жинап-теріп, өмір тарихын жазып, баспаға әзірлеген еңбектің маңызы айрықша.

Кейінгі жылдары шыққан (1950, 1957) жинақтарда да елеулі кемшіліктер болғаны айтылады: қолжазбалардың жоғалуын сылтау етіп, текстологиялық жұмыс жеткілікті деңгейде жүргізілмеген; ақынның шығармашылық өмірбаянына қатысты жаңа деректер аз болған.

Есімі ел есінде

Сұлтанмахмұт көптің бірі емес — от болып жанып өткен, құйрықты жұлдыздай ағып түскен тұлпар талант. Сондықтан оның есімі қазақтың жыр-дариясын құрайтын асау да арналы өзендерінің бірі болып қала бермек.

Мектеп және мұражай

«Алтын ұя» мектебіміз С.Торайғыров есімін 1993 жылы алды. Ол кезде ақынның туғанына 100 жыл толған еді. Мектепте ақынға арналған мұражай бар.

Топонимдер мен нысандар

  • Павлодар мемлекеттік университеті С.Торайғыров атымен аталады.
  • Павлодарда Торайғыров көшесінде ақынға арналған ескерткіш орнатылған.
  • Баянауылда ақын есімімен аталған Торайғыр көлі және Торайғыр ауылы бар.

Торайғыров көшесі қаланың ортасында, Қонаев көшесінен басталып, Энергетиктер көшесімен аяқталады. Бұл көшеде мешіт, аурухана кешені, «Шахтер» мәдениет және демалыс бағы, «Сары-Арқа» дәмханасы, №35 лицей мектебі, Қазақстан–Ресей университеті орналасқан.

Өлең әлемі: таңдаулы үзінділер

Шәкірт ойы

Қараңғы қазақ көгіне

Өрмелеп шығып, күн болам!

Қараңғылықтың кегіне

Күн болмағанда, кім болам?

Асыл сөз

Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы — ерінбе.

Адамдықты көздесең, жаттап, тоқы көңілге.

Сөз мәнісін білмесең, өлең оқып не керек?

Не айтқанын сезбесең, жарапазан не беред?

«Шығамын тірі болсам адам болып»

Шығамын тірі болсам адам болып,

Жүрмеймін бұл дүниеде жаман болып.

Жатқаным көрде тыныш жақсы емес пе,

Жүргенше өмір сүріп надан болып.

Мен балаң, жарық күннен сәуле қуған,

Алуға күнді барып, белді буған.

Жұлдыз болып көмеймін елдің бетін,

Болмасам толған айдай балқып туған.

Бұл сөзім асып айтқан асылық емес,

Ойында оты барлар асылық демес.

Тебем деп тірі болсам надандықты,

Серт етіп өз-өзіме еткем егес.

«Мен қазақ»

Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,

Ұранға «Алаш» деген атты аламын.

Сүйгенім — қазақ өмірі, өзім — қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын?!

Ерікті ен даланың құсындай ұшып,

Ер жеттім кеңшіліктің сүтін ішіп.

Алтай, Ертіс, Сырдария, Есіл, Жайық —

Арасын қоныс қылдым, ірге жайып.

Елім, жерім қорғайтын ерім болып,

Ер жеттім ен далада лықа байып.

Ер Түрік ұрпағымын — даңқы кеткен,

Бір кезде Еуропаңды тітіреткен.

Кіргені — есік, шыққаны — тесік болып,

Күнбатыс, Күншығысқа әмірі жеткен.

Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,

Ұранға «Алаш» деген атты аламын.

Сүйгенім — қазақ өмірі, өзім — қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын!

Туған жер

Сүйдіріп, жүрегімді тартқан менің,

Сарыарқа, Сарыдала — туған жерім.

Көк күмбездің астында көк масаты,

Сәулемен алтындаған сары белім.

Кең дала, шаңсыз ауа, таза қоныс,

Иісі аңқып, бетім сүйген самал желім.

Кіндік болып, мал менен жанды өсірген,

Жаз жайлау, күзгі күзек, қысқы тебін.

Ана тілі

Сүйемін туған тілді — анам тілін,

Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

Шыр етіп жерге түскен минутымнан

Құлағыма сіңірген таныс үнім.

Сол тілмен шешем мені әлдилеген,

Еркелеткен: «Құлыным, жаным!» деген.

Сол тілменен бірінші білгізілген:

«Ана» деген сүйгендік сөз әм менен.

Қылжықтап, алып қашып құрбы бөркін,

Сол тілменен ойнадым далада еркін.

Сол тілменен бірінші сыртқа шығып,

Өмірде ен далада ұққан көркім.