Кенет терезе торына әлдебір құс келіп қонды

Күзгі жағалау: жарық пен көлеңкенің арасы

Күз. Біз дуалдың үстінен ал-қаракөк толқынды теңізге көз тігіп тұрмыз. Анда-санда кеме желкендері ағараңдайды. Батқан күннің жалқыны алтын шапаққа бояған Швецияның биік жағалаулары алыстан қарауытады.

Артымыздағы дуалдың тік жарынан жыра басталады. Онда құлашын кең жайып өсетін тамаша ағаштар отырғызылған. Сарғайған жапырақтарын жел көтеріп, артынша жерге төсеп жатыр.

Сыртқы әлем

Кешкі ауа жұмсақ әрі тым-тырыс. Теңіз айнадай қимылсыз. Алыстан жағалау сызығы ғана көмескіленіп көрінеді.

Қоршаудың іші

Дуалдың баурайындағы ағаш шарбақты қоршаудың ішінде сұрқай үй көзге шалынады. Сыртында сақшы жүреді.

Шарбақтың ар жағы неткен қапас, неткен қараңғы! Алайда ғимараттың өзі, терезелері торланған камералары одан да сұмдық: нағыз қапас. Онда тұтқындар, ежелгі қылмыскерлер қамалған.

Батқан күннің сәулесі камераның жалаңаш қабырғаларына түсіп тұр. Күннің зұлымды да, ізгіні де алаламай сәулесін түсіре беретіні қандай.

Жүзі жабыңқы, ызғарлы тұтқын сол бір жылуы жоқ сәулеге кектене қарап, қадалып қалған.

Кенет терезе торына әлдебір құс келіп қонды. Құс та зұлымды да, ізгіні де алаламай ән салатыны қандай. Әні қысқа ғана: «Шиық-шиық!» — бар болғаны осы. Бірақ құс әлі ұшып кетер емес: қанатын қомдап, қағып, қауырсынын түзеп, сілкініп, айдарын тікірейтіп әуре.

Аяғы кісендеулі қылмыскер оған қараған сайын ашулы жүзі бірте-бірте жұмсара берді. Қайдан, қалай келгенін өзі де аңғармаған бір жаңа сезім жанын жайландырып, кеңіте түсті. Бұл сезім күн сәулесіне де, еркіндік жақта — көктемде мол өсетін фиалканың жұпар иісіне де ұқсайтын.

Сәттің үзілуі

Сол кезде аңшы сырнайының көңілді, қуатты үні естілді. Құс ұшып кетті, күн сәулесі де сөне бастады. Камераға қайтадан қараңғылық түсті.

Қылмыскердің жүрегі де тас қараңғы. Бірақ қалай болғанда да осы жүректің үстімен бір сәтке күн сәулесі жүгіріп өтті ғой. Оның құстың сайрауына үн қосуы — сол әсердің ізі.

Аңшы сырнайының ғажап сазы шолақ қайрылмай, шырқап, әуендей берсе екен.

Кешкі жұмсақ ауа тым-тырыс. Теңіз айна сынды қимылсыз жатыр.

Назар аударар тұс

Еркіндік пен қапастың арасы кейде бір ғана құс үні мен күн сәулесінің әлсіз жолағындай қысқа болып көрінеді.