Апам - Алтайдың арғы бетіндегі Керей елінің қызы
Балалықтың мекені және Апамның жылуы
Ол кезде мен бала едім, Апам да жас еді. Әке-шешеміз қиыр жайлап, шет қонып мал соңында жүретін; айында-жылында бір болмаса, оларды жиі көре бермейтінбіз.
Соғыстан кейін есін жиып, еңсесі көтеріле бастаған елдің берекелі, бейбіт тірлігі жар жағасында отырған жалғыз үйге — біздің үйге де ортақ еді. Шатырланбаған, екі бөлмелі тоқал ағаш тамның маңайы қысы-жазы жыбырлаған, айғай-шулаған балалардың базарына айналатын.
Үйден тас лақтырым жердегі ағыны қатты Бұқтырма — жазда суға түскен, қыста сырғанақ тепкен баланың қызыққа толы мекені болатын. Тоң болып қатқан пимасын да, су болып сүңгілесе шыққан көйлек-дамбалын да біздің үйге әкеліп кептіретін. Сонда Апам менің ғана емес, мұқым ауыл баласының абзал анасы сияқты көрінетін.
Апамның бейнесі: еңбек, мінез, қадір
Он бес жасқа дейін Апамның қойнына жаттым; он бес жасқа дейін әкенің, шешенің кім екенін толық танып-білмей, сол аяулы Апамның тәрбиесінде өстім. Сол кісінің қасында жүрсем, мал сойған үйдің құлағы, тәттісі мен дәмдісі маған тиетін.
Мен ол кезде Апамның өмір тарихын да, тіпті кім екенін де сұрап жатпай, алаңсыз, шуақты күндерге марқайып жүре беретінмін. Бүгінде көз алдымда: арық, ашаң кемпір; тарамысты, мықты саусақтар; ерні мен иегін күйік шалып тыртықтанған әдемі ажар; кимешегінен дудырап шығатын, ақ шалына қоймаған қара бұйра шаш.
Апамның қолынан келетін іс
- тері илеп, көн тігу
- жүн түту, арқан есу, жіп иіру
- алаша тоқу, оюлап сырмақ тігу
- ертеректегі қазақ әйелі атқарар істің бәрін меңгеру
- қажет болса ер-азаматтың да шаруасын «қара нардай» көтеру
Апам әңгімеге сараң еді: көп сөйлемейтін, тек өз ісімен жүретін, қақсоқсыз, инабатты, жуас адам. Өсек-аяң, қулық-сұмдық атаулыны білмейтіндей; тірі пенденің бетіне «әй, сен сондайсың» деп тіке айтпайтын; тілі тимеген, ораза-намазы бұзылмаған, таза да тәкаппар әйел еді.
Қазір ойлаймын: егер қазақ әйелдерінің бүкіл ісмерлігін үйрететін бір институт ашылып, Апам соның басына тұрса, тұтас бір ұрпақты «он саусағы өнер» етіп тәрбиелеп шығар еді. Тірі кезінде ешкім айрықша елеп-ескермеген алтын қолды құдірет иесі болатын.
Үйдің берекесі: келі мен астау
Шынымды айтсам, бізді ғана емес, ертеректе әкемізді де, оның іні-қарындастарын да асыраған — Апамның теректен ойып жасаған келісі мен ескі астауы еді. Ол келі мен астау әкемнен де үлкен; Апам Алтайдың арғы бетіндегі төркінінен ала келген аса қымбат дүниелері болатын.
Қараша туа темір пешке отты маздатып жағып, пештің жыртығынан жарық саулағанда, ала көлеңкелі қоңыр үйде отырып Апамның әңгімесін тыңдайтынбыз. Тек сол мезеттерде ғана Апамның ішкі әлемі ақтарылғандай, сөзінің ар жағынан тағдырдың салмағы сезілетін.
Өкініш: жоғалтқаннан кейін ғана ұғыну
Біздер, жиырмасыншы ғасырдың адамдары, көп ретте осындай асылымызды байқамай айналып өтіп кетеміз. Айрылып қалған соң ғана сан соғып өкінеміз.
Өзімнің де ішім күйеді: Апам тірі кезінде неге бәрін тәптіштеп жазып алмадым? Киіз басу, үй тігу, арқан есу, тері илеу, киім тігу, алаша тоқу, өрнектеп сырмақ тігу, саба, сүйретпе, торсық істеу — бәрін-ақ үйреніп үлгеруім керек еді. Енді, міне, қолымызды мезгілінен кеш сермеп отырмыз.
Түйін
Адамзаттың өлу үшін туатынын да білеміз. Бірақ мәңгілік тіршіліктің жоқ екенін сезе тұра, Апам сынды адамдарды тірісінде неге ардақтамадық, неге қадірлемедік?
Қазір Апам жоқ. Қара жер қойнына алды. Былтыр мен кигізген атлас көйлекті ала кеткен жоқ — арулаған адамдар киіп жүр. Сексен жыл жолдас болған жыртық астау да қаңсып қалды: Апам оны да ала кеткен жоқ.
Қарашадағы ошақ басы: иіс, дәм, әңгіме
Қараша туа от маздатып, қарағайдың шайырын жалмаң-жалмаң шайнап, екі бүйірі мен жон арқасы нарттай қызған темір пешке шырт-шырт түкіріп, шыжылдатып отырған балалардың ортасында Апам қарқарадай қасқайып отыратын. Сонда менің қап-қара болып тілім-тілім жарылған аяғыма қаймақ жағатын.
Қаймақ тигенде удай ашып, шыбын жаным шырқырайтын. Бірақ сол ауырсынудың өзі — Апамның аялы алақаны барда, үйдің жылуы барда — бір тәтті естелік сияқты.
Немерелері қаздың балапанындай алқа-қотан жайғасқанда, қылаулаған алғашқы қармен бірге Апамның әңгімесі де ағыл-тегіл төгілетін. Оның ақылы жүздеген ұстаздан артық, тәрбие деген ұғымның асқаралы үлгісі екенін ол кезде қайдан білейік?
Дүниеде Апамның қойнынан аңқитын әжелік иістен жағымды не бар? Пешке қарып жеген картоптан дәмді не бар? Қас қарая малды жайғап келіп, Апамның айналасында тырайып жатып әңгімесін тыңдағаннан қымбат сәт табыла ма?
Апамның тағдыры: күйік, жесірлік, алып қашу
Апам — Алтайдың арғы бетіндегі Керей елінің қызы. Әкесі аса бай, текті тұқымның тұяғы болған. Апам еркелеп өскен жалғыз қыз екен. Он беске толғанда іргелес байдың ұлына ұзатылыпты.
Бір күні тай сойып, қазан көтеріп жатқан шақта, жерошақтағы отты үрлеймін деп жүріп, шылауышына от тиіп, лап етіп жанған. Тар киген, екі жақтауы зерленген кимешек-шылауыш шешілмей, бет-аузы түгел күйіп қалыпты.
Күйеуі де ізгілікті жақсы жігіт болып, алты ай емдетіп, шыбын жанын аман алып қалған. «Жарымжан болып қалды» деп тебіренбей, тату-тәтті өмір сүрген екен. Алайда, бір жылдан соң күйеуі дүниеден қайтып, Апам жесір қалып, төркініне оралады.
Сол тұста Алтайдың теріскей бетіндегі атақты, шешен, сері Дос — біздің атамыз — жар таңдап жүріпті. «Ауылдағының аузы сасық» дегендей, Алтай асып, арғы беттегі Керейден жар іздейді де, күйеуі өліп, бет-аузын күйік шалған Апамды бір түнде атының артына мінгестіріп алып қашып кетеді.
Алдынан шыққан жұрт күліпті. Сонда атамыз: «Ей, Қаратайдың қатын-қыздары, неменеге жетісіп күлесіңдер? Менің келіншегім сендерге “Еліңнің қыздары мынау ма?” деп ернін шығарып отыр», — деп сөз тауыпты.
Күштің өлшемі: Қаражер жолы, бұршақ, арқадағы саулық
Әкем Ынтымақ колхозының сиыр фермасында бастық еді. Ауылдан он шақырым жердегі Қаражер атты фермада тұратын. Шешем сиыр сауатын. Жаз шыға жайлауға көшіп кететін.
Жаздың бір күнінде сиыршы шал Жүніс келіп, жұртқа қалып қойған қара бас қойды қозысымен жеткізіп алуды, содан соң Қаражерге егілген картоптың арам шөбін жұлып, суарып, қопсытып түптеуді жеткізді. Таңертең Апам екеуміз жаяу жолға шықтық. Күн ала бұлтты болғанмен, қапырық ыстық еді.
Картоп алқабына жеткенде, аспанды қара құрым бұлт торлап, әп-сәтте күн көзі көрінбей қалды. Мен шөбін отап, Апам түптеп, жұмысты лезде бітірдік. Сол сәтте, аяқтағанымызды күткендей, бұршақ бауырсақтай-бырс-бырс төпелей жөнелді. Бұршақ Апам кеше ғана ұстарамен жалтыратып алған тақыр басымды тарсылдатып ұрды. Апам желеткесін шешіп, басыма жапты.
Қашыбай деген шалдың жалғыз үйлі қыстағына әрең жеттік. Біз табалдырықтан аттағанымыз сол еді — бұршақ сап тыйылып, шығысқа қарай көшіп бара жатты. Қашыбай қутыңдап қарсы алды. Менің тоңғанымды көріп, ақ киізге орап, жылытып тастады. Сол киіздің қой жүнінің иісі мұрныма келіп, бойым маужырап, ұйықтап кетіппін.
Қашыбай ат-арбасын бермей қойған соң, Апам ренжіді ме, қозыны маған көтертті де, жүре алмай жатқан зіңгіттей саулықты өзі арқасына бір-ақ салды. Алдыңғы екі сирағынан ұстап, жас балаша арқалап алды да: «Кеттік, ұлым», — деді.
Он шақырымдағы ауылға Апам бес-алты-ақ рет дем алып жетіп-ақ келді. Жол бойы көз алдымда қалғаны: Апамның көкжайсаң шалғынды қақ жарып, батқан күнге бет алып қасқая тартқаны; саулықты түсіре салып, тоғай ішіндегі Қарасуға барып дәрет алғаны; содан соң күнге қарап намаз оқығаны. Қып-қызыл күн нұрына шағылысып тұрған сол сәтте Апам қара жерге — туған жерге — табынғандай көрінді. Мен қозыны құшақтап отырып, Апамның дүниедегі ең күшті адам екеніне күмәнсіз сендім.
Қыстың бір сабағы: соғымды өзі сойған күн
Қылышын сүйретіп қыс келді. Орман-тоғай, тау-тас аппақ. Апам тігіп берген қызыл тонды, тері қолғабымды, елтірі тұмағымды, ақ пимамды киіп, қол шанамды сүйреп ойнауға шығатынмын. Қол шананың өзін де Апам қайыңнан иіп, шабақ салып жасап берген.
Бір күні әкем келіп: «Ертең Жүністі жіберем, соғымды сойып береді», — деді. Жүніс шал келмеді. Апамның шыдамы таусылғанда: «Жүр, ұлым, өзіміз-ақ соямыз», — деді де, қоңыр сиырды қорадан шығарып, діңгекке байлап, қыл арқанмен аяқтарын іліп-іліп алып, бір-ақ тартып құлатты.
Мен құймышағынан жабыса бергенімде, сиыр шоршып қалғанда мені лақтырып жіберді. «Жолама, мертіктіреді!» — деді Апам. Сосын сиырдың тамағын керіп тастап, жез мойын, мүйіз сап пышақты маған ұстатты. Мен шошып қалдым.
Апамның сөзі
«Қорықпа, ұлым. Әйел адам мал бауыздамайды. Сен — азаматсың!»
Қолым дірілдеп тұрған. Апам менің кіп-кішкене жұдырығымның сыртын тарамысты саусақтарымен қапсыра ұстап, сиырдың тамағынан орып жіберді. Қып-қызыл қан атқылады. Сосын өзі пышақты жалаңдатып, әп-сәтте терісін сыпырып, бұзып мүшелеп, тұздап, салмаға жайып, түтін салды. Біз шайға отырғанда, сабақтан әпкелерім жүгіріп келді, фермадан Жүніс шал да жетті. Ол ыстық қуырдаққа тойып алып, ауылына қайтты.
Жасау, құдалар, және балалықтың ұяты
Үлкен әпкем Шолпан қоңыр сиырды соғымға сойған жылы қыста күйеуге қашып кетті. Әскерден келген, шофер болып жүрген — Қашыбай шалдың ұлы Әутәліп алып қашқан екен. Әкем-шешем ашуланғанмен, артынан «кетер қыз кетті» деп жасауын дайындауға кірісті.
Жасау дегенде — сырмақ, алаша, көрпе-жастық сияқты үй жабдығы; ол кезде мұның бәрі қолдан тоқылып, қолдан тігілетін. Апам Шолпанның тең-тең жасауын бір айдың ішінде дайындап, шанаға тиеп, мені делбеге отырғызып құдаларға барды.
Құдалар риза болды. Қашыбай шал Апама торқадан көйлек кигізіп, менің қолыма он сом ақша ұстатты. Мен қуанып, оны асық салатын қалтама тығып жібердім де, үйге қарай жүгіріп кеттім.
Сол түні мен Апамның қойнына жатпай, бөлек ұйықтадым. Ішімдегі қулық — «Апам он сомды сұрап алып қояды» деген қорқыныш. Апам ләм демеді: қойныма жат деп те айтпады, ақшаны сұрамады. Сол күннен бастап өзімді «ер жеттім» деп ойладым. Бірақ ол ақша бізді алыстатқандай болды. Бір ай сақтаған қағаз ақша тозып, соңында жоғалып кетті. Әрине, мен Апамнан көрдім. Не деген бекершілік, не деген пендешілік еді...
Есею: алыстау, қайта оралу, түс
Ер жеттік. Білім алып, қызмет қуып, ауылдан ұзап, Апамнан алыстап астанаға кеттім. Апам Жеңісхан деген ұлының қолында тұратын. Ауылға анда-санда барғанымда өз үйіме түсіп, Апам өзі келіп амандаспаса, шіреніп жата беретінмін.
Сол сапарлардың бірінде әкемдердің аузынан шындықты естідім: Апам тіпті менің әжем де емес екен; Дос марқұм өлгеннен кейін ғана біздің үймен бірге тұрған, әкеме шеше орнына шеше болған жеңгесі екен. Дос пен менің атам Исақан бірге туған туыс болып шықты.
Апамның маған соншалық алыс туыс екенін түсінсем де, жүрегім баяғы балалықты — Апамның жылы қойнын, аялы алақанын аңсаудан танбады.
Өткен жазда Апам түсіме кірді: сексен жыл серік болған жарық астауына арпа салып, қауызынан тазартып желпіп отыр екен. Маған: «Құдалар берген он сомды үйде шай таусылып қалған соң, мен алған едім», — дейді-міс. Ертеңінде көңілім босап ояндым да, әйеліме: «Демалысқа шығайық, ауылға барайық. Апам түсіме кіріп жүр. Таза матадан көйлек алып бар», — дедім.
Үйге келген соң да бұрынғыдай жата кетпей, тағат таппай Апамның үйіне қарай құстай ұштым. Есік алдында немерелерін ойнатып отыр екен. Екі бетімнен кезек сүйіп: «Апаңды ұмытайын дедің-ау, құлыным. Мұрыныңнан сығып алған бала едің», — деп көзіне жас алды.
Соңғы белес: қартая бастаған қайсарлық
Шай үстінде Жеңісхан келді: «Апам бұрынғыдай емес, қартайды. Екі тізем бастырмайды. Әйтпесе сарайым сау, тісім бүтін», — деді Апам. Менің есіме оның бес уақыт дәрет алып, намаз оқыған сайын тісін түзбен ысқылайтыны, сексеннен асса да «шаршадым» деп қабақ шытпағаны түсті.
Шын айтамын: Апамның тісі әлі де маржандай еді. Шын айтамын: ол бұл дүниеде бір рет те дәрігерге, бақсы-балгерге қаралмай, сау-саламат ғұмыр кешкен жан болатын.
Тамақ дайындалып, Апам бата берді. Ұзақ оқыды. Батасы қандай мағыналы, қандай мақамды еді. Сол күні мен Апамды дәл бүгінгідей алғаш рет терең танығандай болдым: қадір-қасиеті бұрынғыдан да айқын сезілді.
Ымырт үйірілгенде сыртқа шықтық. Жеңісхан: «Шербекті (араны) әлі күнге дейін Апам қайрайды. Мен егесем, отын кескенде не өтпейді, не секіріп жүреді. Көзі әлі жақсы көреді. Кеше ғана оюлап сырмақ бітірді, түске дейін киіз басты. Тыныш отырмайды. Қолы босаса ауырып қалатындай», — деді.
Мен: «Апам мықты ғой. Апам жүз жасайды», — дедім, жамандыққа қимай.
Ертеңінде таңғы сегізде Жеңісханның үлкен қызы жылап келді: «Апам ауырып жатыр!» Алғашында сене қоймадық. Тек шешем ғана: «Жеңешемнен айырылып қалмайық, кісі шақыртатындай қатты ауырған емес еді», — деп тұра жүгірді.
Бәріміз жеткенде Апам ағаш төсегінде теріс қарап, бүк түсіп жатыр екен. Кеудесі сырылдап, құр-құр етеді. Көзін алайта ашады да, қайта жұмады. Тіл-аузы байланғандай, келгендерді танымаған сыңайлы...
Іштегі сөз: тірісінде бағалау
Қорқыт та ажалдан қашып құтыла алмағанын білем. Мың жасаған Лұқпан Хакім де өлмеудің амалын таба алмағанын білем. Адам баласы — өлу үшін туатынын да білем. Бірақ соны біле тұра, Апам сынды адамдар тірі жүргенде неге қадірін білмейміз?
Әр сөзін, әр ісін жоқ дегенде үйреніп үлгерсек — ол өлмегені емес пе? Ал біз көбіне тірі кезінде-ақ «өлтіріп» аламыз: елемейміз, тыңдамаймыз, уақыт таппаймыз.