Кім боламын, Кім боламын өскенде
Ерке қыздың қуанышы: мектепке қадам
Бүгін Ерке қыздың көңілі ерекше көтеріңкі. Себебі ол жақында мектеп табалдырығын аттайды: даярлық сыныбына бармақ. Енді оны сүйікті ұстазы, жаңа достары, қызықты сабақтар күтіп тұр.
Тек мысығы ғана аздап уайымдайды: Ерке қыз сабақта жүргенде ол кіммен ойнайды? Бірақ бұл уайымның да шешімі табыларын ол әлі білмейді.
Қонақ шақырылған күн
Мектепке алғаш қадам басу құрметіне ата-анасы жақындарын, көрші-қолаңдарын қонаққа шақырды. Үй іші қонақ күтуге дайындалып, бәрі әбігер: бірі дастархан қамында, бірі үй жинауда.
Ерке қыз анасы тігіп берген әдемі қос етек көйлегін киіп алыпты. Үстіне оюлы камзолын да жамылған. Өз-өзіне сондай жарасымды.
Ерекше сыйлықтар
Көп ұзамай қонақтар да келе бастады. Ең қуантқаны — бәрі Ерке қызға сыйлық әкеліпті. Айна қыз анасы екеуі әдемі қуыршақ сыйлады. Ал достары жеген тәтті кәмпиттердің қағазын тастамай жинап, үлкен гүл жасап әкелген. Бұл шынында да жүрекке жылы, ерекше сыйлық еді.
Ең әсерлі тосынсый
Ал Дүкенші ағайдың сыйлығы тіпті керемет болды: сөмке. Иә, жай сөмке емес — ғажайып сөмке! Іші толған оқу құралдары мен кітаптар: қалам да, дәптер де, бәрі-бәрі ішінде.
Пайдаға асыр, балақай,
Мұның мәнін түсін де.
Білім алсаң ерінбей,
Үміт күтер ел сенен.
Сондықтан да дос болғын,
Бұл ғажайып сөмкемен.
Ерінбесең сөмкені,
Арқаласаң еңбекпен.
Елдің жүгін арқалап,
Кете аласың күн ертең.
Зейін қойып, зер салып,
Жазу жазғын тым көркем.
Бойға жинап білімді,
Бестікке толсын бұл сөмкең!
Дүкенші ағай тілегін осылайша ақжарма көңілмен жеткізді. Үй іші ду қол шапалақтады. Ерке қыз ағайға алғыс айтып, сөмкесін арқасына асып алды да, қуаныштан шыр көбелек айналып билеп кетті.
Мысықтың уайымы да тарқайды
Мысық та қарап қалмады: Ерке қызбен еркелеп, өзі де секіріп ойнады. Әуелде көңілі жабырқап жүрген мысығын Ерке қыз әлдеқашан жұбатып қойған екен. Ерке қыз сабақтан келгенше, мысығы Дүкенші ағайға көмектесетін болды. Әрине, әзірге оның қандай жұмысы бар екені белгісіз.
«Мен білімді қыз боламын!»
— Әке, анашым, мен енді білімді қыз боламын! Әріп үйренемін, жазу жазамын, есеп шығарамын! Алақай! — деп қолын шапалақтап мәз болды Ерке қыз.
Кенет тоқтай қалып, ойланып кетті.
— Не болды, қызым, бәрі дұрыс па? — деп анасы алаңдады.
— Иә, бәрі дұрыс. Тек, анашым, мен білім алған соң үлке-е-ен болып өсемін ғой. Сонда кім боламын?
Әкесі қызының басынан сипап: — Қызым-ау, ең бастысы — қазірден бастап пайдалы білім алуға тырыс. Білімді болсаң, қалаған мамандығыңды игеріп кете аласың, — деді.
Арманға толы өлең
Кім боламын, кім боламын өскенде?
Бәлкім ұстаз болармын,
Білім нұрын шашатын.
Бәлкім ұшқыш болармын,
Көктен әрі асатын.
Бәлкім киіп ақ халат,
Мен дәрігер болармын.
Сәулетші болып ғажайып,
Ғимараттар салармын.
Бәлкім, бәрін қуантып,
Дәмді ас пісіріп берермін.
Бәлкім ғалым болып мен,
Білім дәнін терермін.
Он саусағым өнерлі —
Тігінші бәлкім болармын.
Әлде қалам алармын,
Том-том кітап жазармын.
Кім болсам да ержетіп,
Сүйіп істер ісімді.
Нағыз маман боламын!
Апам-атам айтпақшы,
Ең бастысы — ел сүйген,
Нағыз Адам боламын!
Ерке қыздың өлеңіне бәрі риза болды. «Пәлі, өзі ақын екен ғой!» — десіп, күлімсіреп қалды. Сірә, Дүкенші ағайдың ақыл-өсиеті де әсер еткен болар.
Ақ бата және жылы тілек
Дастархан басына жиналған үлкендер барлық бүлдіршінге бата берді. Бүгінгі күн шын мәнінде ерекше өтті.
Балақай, күні ертең сен де мектеп табалдырығын аттайсың. Сол кезде ұстазыңды зейін қойып тыңдап, терең білім алуға тырыс. Сонда ержеткенде үлкен маман иесі болып, еліңнің нағыз азаматы боласың. Біз саған сенеміз!