Режимнің шынайы бет - бейнесін көргенде

Батушы еді жанға аяздай бір жоғы, шындық сұрап көтерілді ұл қолы. Серіппе еді жылдар бойы жиырылған — қатты серпілді, бұл жолы аянбады.

Ол қатаң режимнің алдында «мұндай болуы мүмкін емес» дегенді мүмкін етті. Режимді шошындырған да осы еді.

Оның аты — Желтоқсан

Үрей және шошыну

Желтоқсан коммунистік ұлт саясатының желеуімен өз саясатын жүргізгендерді үрейлендірді: бойда әлі ояу рух барын сездірді.

Ашу мен қарсылық

Ол шовинистік пиғылдағы жандардың ызасын қозғады — «теңдік сұрайды» дегеннің өзі ашу тудырды. Тұщы етке ащы таяқ тигенде ашыну күшейді, ал режимнің шынайы бет-бейнесі көрінген сәтте қарсылық анық қалыптасты: «Енді аянып қалар ештеңе жоқ».

Үміт оты

Бұл қозғалыс үміт отынан басталды: «Жүйе бізбен санасады, бізді тыңдайды» деген сенім бар еді.

Алаң — біріктірген кеңістік

Біріктіріп тұрғанының аты — алаң. Алаң сол кездегі әміршіл-әкімшіл жүйені шамдандырды: «күш қолдануға мәжбүрміз» деген шешімге итермеледі.

Сенімнің жарасы және сананың оянуы

Желтоқсан көңілге жарықшақ түсірді: сол қоғамға өзі де сенетін жас ұрпақтың сенімі тапталды. «Неге бұлай етеді? Біз де осы қоғамның тең құқықты мүшесі емеспіз бе?» деген сұрақтар жүректі қарыды.

Ол ширықтырды: биікте тұрғандар өздерімен санаспады, сөзін тыңдамады. Сол немқұрайдылықтың өзі ішкі қарсылықты үдетті.

Оның аты — Желтоқсан. Желтоқсан ұлт жолындағы күрестің қашанда қиын да күрделі соқпақтан өтетінін айқын көрсетіп берді.

Қасиет, міндет, тарихи салмақ

Маңызы да осында: сол шақта қиын болса да, олар «біз де бір елміз» деп бір алаңда, бір дауыспен ұлттық мүддені сұрап тұра алды. Желтоқсан осы тұрғысынан қасиетті.

Олар өз дәуірінде, өз кезеңінде міндетін өтеді. Оларды шегіндірді, бірақ олар жеңілген жоқ — өйткені олар әділдік сұрады.

Бұл оқиға тарихи маңызды сипатқа ие болды: алдыңғы дәуірдегі күрестермен үндесті, болашаққа жол салды. Кейін келген Азаттық сүрлеу-соқпағының бір тарамы Желтоқсанның да еншісінде.

Ұлт жолындағы барлық қасиетті күрестердің тірелер мұраты — Азаттық.

Желтоқсанның жаңғырығы

Желтоқсан сананы жаңғыртты, қоғамды басқаша ойлауға мәжбүр етті. Олар өз қоғамын өзгеріске итермелеген алғашқы қарлығаштар болды.

Олар тек ұлттық мүддені ғана емес, демократиялық үдерістердің де соқпағын салды.

Желтоқсан ұлттық санаға серпіліс әкелді: әр тарапта өмір сүрген жандар олардың қасіретін түсінгенде бірге жылады, алаңға тамған көз жасының салмағын бірдей сезінді.

Бір кезде алаңда албырт жастар ғана тұрса, кейін сананың тереңінде олармен бірге тұтас ұлт тұрды. Желтоқсан ұлт санасын тұтастандырды — ол осыған қызмет етті.

Тағылым және тағзым

Құрбандарға тағзым

Желтоқсан кейінгі ұрпаққа тағылым болып қалды. Құрбандардың есімі — ұмытылмас аманат.

Уақыт пен жауапкершілік

Болса да көп өмірде жол айналма — олар сонда ашық майданда тұра алды. Бір ұлттың тағдырымен, тарихымен ғұмыр бойы ойнауға болмайтынын Желтоқсан дәлелдеді.

Желтоқсан оқиғасына — 30 жыл. Ал арада бес жыл өткенде, тағы да желтоқсан айында қазақ ұлтының тәуелсіз мемлекеттілігінің жаңа тарихы басталды.