Жанар бұдан әлдеқандай сыр ұқты

Таңертеңгі қоңыраудан кейінгі үнсіздік

Таңертеңгі қоңырау соғылды. Класқа жапырлай кірген балалар тегіс орындарына отырды. Мұғалім келгенде олар әдеттегідей орындарынан тұрып қарсы алды. Кіре берісте-ақ Жанар алдыңғы партада бір баланың жоқ екенін байқады: класс іші күрек тісінің бірі түсіп қалған ауыз сияқты омырайып тұр.

Тары Нұрлан жоқ. «Мүмкін, тағы да кешігіп қалған шығар…»

Бірінші сыныптан бері оқытып келе жатқан төрт жылдың ішінде Нұрланнан мұндайды байқамаған еді. Бірақ кеше де, алдыңғы күні де ол сабақ басталғаннан кейін ғана келді. Жанар оны тұрғызып қойып, неге кешіккенін сұрағанда, Нұрлан үндемеді: «Кешігіп қалдым, кінә өзімнен» дегеннен артық ештеңе айтпады.

Мұғалім «сабаққа да дайындалмаған шығар» деп те ойлады. Бірақ Нұрлан барлық сабақты мүдірмей айтып берді. Үйге берілген жазу мен есеп те тап-тұйнақтай орындалған. Бәрі әдеттегідей — «бес» қоярлық.

Жанардың ойы қоюланды: үйінде бір жағдай болды ма екен? Бірақ ондай кірбің шәкірт қабағынан байқалмайды. Оның үстіне осыдан үш күн бұрын ғана Нұрланның әкесі де, шешесі де келіп, мұғаліммен жолығып кеткен.

Осындай ой үстінде отырған Жанар балаларды түгендеп, тізімнің соңына да жетіп қалғанын байқамай қалды. Дәл осы кезде есік тық-тық қағылды. Алдыңғы партада Нұрланмен қатар отыратын Гүлнар өзіне-өзі сыбырлап: «Нұрлан шығар…» деді. Барлық көз есікке қадалды.

Есіктен кірген бала

«Рұқсат!» деген мұғалім сөзін естігенде, Нұрлан кіріп келді. Екі бетінің ұшы далап жаққандай қызарып тұр. Өзі әбден терлеген, ентігі басылмағанына қарағанда жүгірген болуы керек: демін екі иығынан алады. Мұғалімге де, сыныптастарына да қарамастан, есік алдында тұрып қалды.

— Нұрлан, неге кешіктің?

Оқушы тіс жарып жауап бермеді. Класс іші құлаққа ұрған танадай тынды. Балалардың көзі Нұрланға өтіп барады — бәрі де оның кешіккенін айыптайтын сияқты.

Алдыңғы парта сықыр етті де, Гүлнар қолын көтерді. Жанар оған қарап: — Гүлнар, айта ғой, — деді.

Гүлнар тамағына бірдеңе тығылып қалғандай жұтқынып, жөткірініп алды да, Нұрланды бүгін көргенін айтты: «Нұрлан бір қолында портфелі, бір қолында толған қапшығы бар, магазиннен шығып бара жатқан. Мен оны троллейбустан көрдім. Үй-іші магазинге жұмсаған болуы керек…»

Нұрлан аузын бұртитып: — Үйім мені ешқайда жұмсаған жоқ. Сен мені қорғаймын деп әуре болма, — деді.

Жанар оны әрі қарай қазбалаған жоқ. Кейін жеке сөйлесермін деп, сабақты бастап кетті.

Үзілістегі кездесу

Үзілісте Жанар шығып бара жатып, оқушылардың Нұрланды ортаға алып, бірдеңелер айтып жатқанын байқады. Дәл сол сәтте дәлізден Нұрланның әкесі Төкенді көріп, тосылып қалды.

Нұрлан әкесінің аузынан түскендей: кішкентайлығы болмаса, Төкеннің өзі де нақ Нұрлан дерлік. Ол да терлеп-тепшіп, ентігіп қалған — қатты асығып келгені көрініп тұр. Амандықтан кейінгі алғашқы сұрағы да сол болды: «Нұрлан сабақта бар ма?»

— Бар, — деді Жанар. — Бірақ соңғы үш күн бойы кешігіп келіп жүр.

Төкен ақталғандай: — Біз оны ешқайда жұмсаған жоқпыз, — деді.

Төкенмен бірге қызмет істейтін біреу Нұрланды үлкен қапшықпен көргенін айтыпты. Содан әкесі тағат таппай, мектепке соғып отыр екен.

Жанар бұл жайдан әлдебір сырды сезді. Нұрланды шақырып, Төкен екеуі оны ортаға алып, мұғалімдер бөлмесіне кіріп кетті.

Кешігудің себебі

Соңғы сабақтың аяғында Жанар Нұрланның неге кешіккенін балаларға айтып берді.

Нұрлан күнде сабаққа бара жатқанда қора ішінде қыдырып жүретін, кейде әңгіме айтып, оны біраз жерге дейін шығарып салатын пенсионер Сәлиман шешейді соңғы күндері көрмей қалған. Ол тіпті күндіз де, таңертең де көзге түспепті.

Сондықтан Нұрлан сабаққа кетіп бара жатып, Сәлиман шешейдің халін біле кетуге кірген екен. Шешей төсегінде сұлық жатыр. Ерні кезеріп, орнынан тұра алмайды. Үйіндегі тамағы да, сүті де таусылған.

«Менің Жомартым майданда қаза болмаса, оның да сендей ұлы болар еді-ау!» — деп күнде басынан сипайтын шешейдің жалғыздығы Нұрланның ішін елжіретіп жіберген.

Кішкентай Нұрлан үш күн бойы Сәлиман шешейге магазиннен ас-ауқат әкеліп беріп жүрген. «Сабақтан қалып қойма» дегеніне қарамай, әуелі шешейдің жағдайын жасап, содан кейін ғана мектепке асығады екен.

Мұғалім сөзін аяқтап: — Қалай, балалар, Нұрланның кешігіп келгенін кешіреміз бе? — деп сұрады.

— Кешіреміз! — деп сынып шу ете түсті.

Ал Нұрланның жанында отырған Гүлнардың көз жасы партаға тырс-тырс тамды. Жанар кішкентай Нұрланның үлкен жүрегі туралы ұзақ әңгімеледі.

Ертеңгі қадам

Ертеңіне түстен кейін Нұрлан жанына екі жолдасын және Гүлнарды ертіп, Сәлиман шешейдің үйіне кіріп бара жатты.

1963