Бәріміз кішкентайымыздан сын естіп, сынмен ержеттік

Бала міндетті түрде өзін жоғары бағалауы керек деген пікір жиі айтылады. Әйтпесе, ол өзіне сенімсіз, бақытсыз тұлға болып өседі деп қорқады. Өзін-өзі бағалау туралы түсінігі толық қалыптаспаған ата-аналардың да көбі осыған сенеді. Алайда баланың өзі туралы жақсы пікір қалыптастыруына көмектесетін қарапайым, бірақ аса маңызды қағидалар жиі ескерусіз қалады.

Психолог Вита Малыгина бұл тақырыпты басқаша қояды: баланың өзін-өзі бағалауы адекватты, шектен аспаған және тұрақты болуы керек. Яғни кездейсоқ немесе әдейі айтылған сынға бола еңсесі түсіп кетпей, «жел соқса құлап қалмайтындай» ішкі тірекке сүйенуі қажет.

Өзін-өзі бағалау деген не?

Өзін-өзі бағалау — адамның өзін және бойындағы қасиеттерін шынайы бағалап, сол бағалауға сүйене отырып өмір сүруі және алға жылжуы. Дұрыс (адекватты) бағалау қателесуге мүмкіндік береді, бірақ өзін-өзі кінәлап, жегідей жеп қоюға жол бермейді: қателік — тәжірибе.

Адекватты өзін-өзі бағалаудың тағы бір маңызды белгісі — шынайылық. Біз де, балаларымыз да қателеспейтін, ештеңеден қорықпайтын мінсіз жаратылыс емеспіз. Мұны бала ерте түсінсе, ол өзіне де, өзгеге де әділірек қарайды.

«Құр мақтау» неге көмектеспейді?

Кей отбасылар өзін-өзі бағалауды «баланы жөн-жосықсыз мақтау» деп түсінеді: «сенен мықты ешкім жоқ», «басқалар сенің шаңыңа да ілеспейді» деген сияқты қолпаштаулар жиілейді. Бірақ өзін өзгеден жоғары санап өскен бала алғашқы қиындыққа тап болғанда-ақ сағы сынып қалуы мүмкін. Бұл — адекватты өзін-өзі бағалау емес.

Ата-ана баланың қабілетін асыра бағалап, үздіксіз мақтауды таңдағанда (кейде байқамай солай болып қалады), баланың өзі елеусіз қалуы ықтимал: оның қорқынышы, уайымы, толғанысы есепке алынбайды. Нәтижесінде «тағдыр маған қабілетіме сай үлес бермеді» деп налып жүретін, жасы үлкен болса да ішкі тірегі әлсіз адамдар қалыптасуы мүмкін.

Баланы адекватты өзін-өзі бағалауға қалай тәрбиелейміз?

Төмендегі қағидалар баланың ішкі тұрақтылығын күшейтуге көмектеседі: өзіне сену, қателіктен қорықпау, сынға төтеп беру, өзіне шынайы қарау.

1) Жауапкершілікті балаға жүктемеңіз

Иә, сіз баламен ақылдаса аласыз. Бірақ негізгі шешімді ата-ана қабылдайды: қай мектеп, қай үйірме, ұстазбен сөйлесу керек пе — мұның бәрі ересектің аймағы.

Жиі кездесетін «сылтаулар»

  • «Ол тілазар, сондықтан балабақшаға жібермейміз»
  • «Балаларға жақсы болсын деп ажырастық»
  • «Қызым әкесін қатты жақсы көргендіктен ажыраспадық»
  • «Баламды ұйықтату мүмкін емес, айтқаныма көнбейді»
  • «Планшетін алып қойсақ, жылап әлек салады»

Мұнда маңыздысы — шындықты мойындау: бала өздігінен балабақшаға «бармай қоймайды», ата-ана жібермейді; ажырасу/ажыраспау туралы шешімді бала қабылдамайды; ұйқы, шекара, гаджет мәселесінде де негізгі жауапкершілік ересекте. Бала өзіне сенуді ең алдымен ата-ананың: «Бұл менің шешімім және мен жауап беремін» деген ұстанымынан үйренеді.

2) Баланың табысына ғана емес, өзіне де көңіл бөліңіз

Кей ата-ана баланың бағасын, жетістігін, тәртібін ғана бақылап, баланың ішкі әлеміне сирек үңіледі. Ал бала өзіне сенімді болып өсуі үшін оның неге қызығатынын, нені ойлайтынын, нені сезінетінін білу қажет.

Пайдалы сұрақтарға мысал

  • «Не оқып жүрсің?»
  • «Жаңа фильм/кітап туралы не ойлайсың?»
  • «Көңілсіз емессің бе?»
  • «Бүгін сені не қуантты, не қынжылтты?»

Ересектер де қызығушылық пен диалог жоқ жерде өз құндылығын төмен сезіне бастайды. Бала да дәл солай: оған «сен маңыздысың» дегенді нәтиже арқылы ғана емес, назар арқылы жеткізу керек.

3) Ескерту мен сынның мөлшерін азайтыңыз

Сынның өзін-өзі бағалауға зиянын бәрі біледі, бірақ тоқтату қиын. Көпшілік өздері де бала кезден «түзету мәдениетінде» өскен: «Бүкірейме», «күле берме», «қолыңнан түк келмейді», «дұрыс істей алмайсың» деген сөздер санаға шегеленіп қалған.

Балаға үнемі ескерту жасай беру оның қызығушылығын өшіріп, қателесуден қорқу сезімін күшейтеді. Бұл — ішкі тіректі әлсірететін ең қысқа жолдардың бірі.

4) Қателесуге рұқсат беріңіз және қателікті бағалауды үйретіңіз

Бала көп нәрсені алғаш рет жасайды — тәжірибесі аз. Ол үйренуді қателік арқылы игереді. Егер біз оның өзіне сенімді, батыл болып қалыптасуын қаласақ, сүрінген сәтінде қолдау көрсетуіміз керек.

Қолдау сөздерінің үлгісі

«Жарайсың. Қолыңнан келеді. Сен батылсың. Қане, тағы бір рет байқап көрейік».

Жас ерекшелігін де ескеріңіз: екі жаста — құшақтап жұбату жеткілікті; бесте — «көмектесейін бе?» деп сұрау; жетіде — неге қиын болып тұрғанын түсіндіру; 12 жастан бастап — қасында болып, қажет кезде демеу беру.

5) «Ең жақсысың» деп емес, нақты ісі үшін мақтаңыз

Егер қателігі «сен түсінбейсің», «сен түсінгің келмейді» деп кемсітіліп, ал жетістігі асыра дәріптелсе, «патшалығы жоқ патша» секілді балалар өсіп шығуы мүмкін: өзіне жоғары баға беруге үйренеді, бірақ нақты әрекетке келгенде тоқтап қалады.

Сондықтан балаңызды «басқалардан артық» болғаны үшін емес, кеше істегенінен бүгін жақсырақ істегені үшін мақтаңыз. Нақты қадам, нақты еңбек — ішкі сенімді тұрақтандырады.

6) Өтірік айтса да, сенім артуға асығыңыз

Көп жағдайда бала өтірікті қорыққаннан айтады. Саммерхилл мектебінің негізін қалаушы педагог Александр Нилл де балалардың өтірігі көбіне қауіптен туындайды деп есептеген: қорқыныш азайған жерде алдау да азаяды.

Александр Ниллден ой салатын оқиға

Мектепте бір қыз ақша ұрлап, кейін «мұны маған Нилл берді» деп айтып қояды. Ұстаз жағдайды түсініп, қыздың сенімін жоғалтпау үшін «иә, мен бердім» деп жауап береді. Оның ойынша, егер ол қызды ұстап берсе, бала енді ешқашан сенбейді. Бұл әрекет — ұрлықты ақтау емес, баланың қорқынышын күшейтпей, сенім көпірін сақтап қалу.

Мұндайда мақсат — баланы қысыммен «мінсіз ету» емес, шындық айтуға қауіпсіз орта құру.

7) Соңына дейін балаңыздың жағында болыңыз

Баланың жағында болу — оның сезімін көру, түсіну, әр адамның (соның ішінде баланың) өз эмоциясы бар екенін мойындау. Балалар да ашуланады, кейде әділетсіз болуы мүмкін. Осыны біле тұра, қиын болса да, баланы жалғыз қалдырмай, қолдау көрсету — оның өз күшіне сенімді болып өсуіне тікелей әсер етеді.

Дереккөз: mel.fm