СӘБИТҰЛЫ АСАНҚАЙҒЫ

Тарихи тұлға және дәуір тынысы

Сәбитұлы Асанқайғы (XIV–XV ғғ.) Еділ бойында дүниеге келген. Құрбанғали Халидұлы «Тауарих хамса» еңбегінде әйгілі Майқы биді Асанқайғының арғы атасы болғанын айтады.

1359 жылы Берке хан қайтыс болғаннан кейін Алтын Орда тағына келген хандар баянды билік орната алмады. Сол тұрақсыз кезеңде Ұлығ Мұхаммед те елді ұйыстыруға қиындық көрген билеушілердің бірі еді. Асанқайғы осы Ұлығ Мұхаммед ханға сөзін өткізетін беделді билердің қатарында болғаны айтылады.

Сарайдан қуылу, көш және саяси таңдаулар

Ұлығ Мұхаммедпен бірге жүрген жылдар

XV ғасырдың 20-жылдарында Ұлығ Мұхаммед сарайдан қуылып, Қазанды паналағанда, Асанқайғы жасының егде тартқанына қарамастан әміршісінің жанынан табылған. Дегенмен, бас сауғалап жүру Асанқайғының болмысына жат болғандықтан, көп ұзамай ел ішіне қайтып оралады.

Әбілқайыр ұлысындағы тартыс және бөліну мәселесі

Елге оралған соң Асанқайғы Әбілқайыр ұлысындағы шиеленіскен тартыстың ортасына түседі. Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған рулардың Әбілқайыр ұлысынан бөлініп шығуын қолдаушылардың бірі ретінде де аталады.

Алайда Асанқайғының жыр-толғаулары мен нақыл сөздеріне қарағанда, Дешті Қыпшақтың кіндік қонысы болған Еділ мен Жайық бойынан қазақ руларының үдере көшуін құптамай, Керей мен Жәнібекке елеулі қарсылық білдіргені де аңғарылады. Бұл — оның елдік мүддені кеңінен пайымдап, қоныс, бірлік, қауіпсіздік секілді мәселелерді таразылай білгенін көрсетеді.

«Жерұйық» аңызы және елдік мұрат

Асанқайғының «Жерұйық» іздеуі туралы аңыздар оның халықтың басын қосып, ірге орнықтырып, ел болу қамын ойлауда шешуші міндет атқарған тұлға ретінде танылғанын аңғартады. Елдің ертеңін ойлап, еңсесін көтеруді өмірлік мұрат еткен Асанқайғы Ордадан бөлінген қазақ руларының Шу мен Сарысу бойына, Ұлытау төңірегіне қоныстануына атсалысып, халыққа темірқазықтай бағдар бергені айтылады.

Қай жерде дүние салды?

Ел аузындағы қария сөзде Асанқайғы Сарыарқада дүние салып, Ұлытаудың топырағы бұйырған делінеді.

Уәлиханов дерегі

Шоқан Уәлиханов жазбаларында Асан ата өмірінің соңғы жылдарын Жетісуда өткізіп, Ыстықкөл жағасында дүние салғаны көрсетіледі.

Асанқайғы — күй мұрасы бар дәулескер

Ел ішіндегі шежіре сөздер мен күй аңыздары Асанқайғыны халық қамын ойлаған ақылгөй, көреген тұлға ретінде ғана емес, дәулескер күйші ретінде де танытады. Көптеген күйлердің атауы мен оларға қатысты аңыз әңгімелер бүгінге дейін айтылады. Алайда уақыт тезінен өтіп, бізге «Ел айрылған», «Асанқайғы», «Желмаяның жүрісі», «Зар» сияқты санаулы күйлері ғана жетті.

«Ел айрылған» күйінің мәнері

«Ел айрылған» күйінің құрылысы қарапайым болғанымен, лекіте қағып отыратын сарынында терең күйзеліс сезіледі. Мұнда тіпті боларды күні бұрын болжай алатын дананың шарасыздығына ұқсас мұң да бар. Бұл әсерді бастан-аяқ жалықпай сұңқылдап, талмай қайталанатын сырлы саз айқындата түседі.

Нотаға түсуі

  • «Ел айрылған» күйін алғаш рет Мұхитов Ғұбайдолланың (Орал) тартуында А. В. Затаевич нотаға түсірген.
  • 1964 жылы күйдің толық әрі көркем нұсқасын Құсайынов Мұқастың (Орал) тартуында Т. Мерғалиев нотаға түсірді.