Қазақ ертеден өнерлі халық

Жақында Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында «Кескіндеме және мүсін», «Бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясы» кафедраларының ұйымдастыруымен жазушы, ғалым Жұмабай Қайрамбайдың «Өнермен өрілген өмір» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Жиынға қатысқан зиялы қауым

Іс-шараға Байтұрсын Есжанұлы, Тұрдақын Жексенбай, Керімбай Қыстаубаев, Аман Құлбаев, Бауыржан Байділда сынды зиялы қауым өкілдері қатысты.

Кітаптың өзегі: өмір мен өнердің тұтастығы

Жиын барысында автор еңбекті жазудағы басты мақсатына тоқталып, кітаптың жарық көруіне белгілі суретші, кескіндемеші, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, профессор, Қырғыз Ұлттық Көркемсурет академиясының академигі Жұмақын Қайрамбаевтың өмірі мен өнері арқау болғанын айтты.

Италиядағы көрмеден туған ой

Кітапта ерекше тоқталған тұстардың бірі — бас кейіпкердің Италиядағы ірі сурет көрмесінде өз туындысын таныстырған сәті. Сол жерде шетелдік суретшілер қазақ халқында мұндай өнер болмаған деп таңданысын білдірген екен. Сонда суретші мүдірместен ата-бабаларымыздың ерте ғасырлардан-ақ тасқа қашап сурет салғанын алға тартқан.

«Қазақ ертеден өнерлі халық. Кітапта кескіндеме, сурет өнерінің қыр-сырына үңілдім. Оқырмандар, жастар осы өнерге қызығып, дамытамыз десе, құба-құп», — деді Жұмабай Қайрамбай.

Кескіндеме өнерінің кеңінен танылуына үлес қосқан суретшінің көркем туындылары еліміздің мұражайларында ғана емес, шетелдік қорларда да сақтаулы.

Әдебиет пен өнердің тоғысқан тұсы

Іс-шараның екінші бөлімінде Алаш сыйлығының лауреаты, жазушы Тұрдақын Жексенбай сөз сөйлеп, Жұмақын Қайрамбаевтың тілінің жеңіл, сөз байлығының мол екенін атап өтті. Сондай-ақ көркем әдебиет әрбір жастың ой-өрісін жетілдіретінін айтып, қолдағы кітаптың қазақ кескіндеме өнерін насихаттаумен шектелмей, өрелі өнерді өнегелі сөзбен жеткізетінін ерекше бағалады. Осылайша ол жинақтың тұсауын кесті.

Кештің қорытынды сәті

Жиын соңында ақын Маралтай Райымбек жыр оқып, әнші Рамазан Стамғазиев «Екі жирен» әнін нақышына келтіре орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.