Қол астына алаштың атақты батырларын жинаған қолбасшы

Мағжан Жұмабаев және тарихи сана

Мағжан Жұмабаев — бірнеше көркем поэма жазған, құлашы кең эпик ақын. Ол өз заманының күрделі мәселелерін, халықтың өткен тарихын жырлау арқылы танытып, жұрт санасын оятуға ұмтылды. Өйткені артта қалған қазақ елін алға жетелеу — ең алдымен сол халықтың өз қолынан келетін іс. Сондықтан ақын жұртқа күш берер ерлік қайнарын тарихтан іздеді.

Ол шығармаларында батыр бабалардың ерлігін асқақтата жырлап, Абылайды да, Кенесарыны да поэзия тілімен сөйлетті. Осындай мақсат-мүдденің биігінен қарағанда, «Батыр Баян» поэмасының орны айрықша.

Поэманың оқиғалық өзегі

Поэманың оқиғасы қазақ пен қалмақ арасындағы жаугершілік дәуірден алынған. Қалмаққа қарсы жорыққа аттанбақ болған Абылай хан қол астындағы батырларын жинайды. Бірақ Баян батыр ғана кешігіп келеді.

Сөйтсе, бір жорықта қолға түскен қалмақ қызы мен батырдың інісі Ноян бір-біріне көңіл қосып, қалмақ еліне қарай қашып бара жатқан жерінен Баян қуып жетіп, екеуін де оққа байлап өлтіреді. Қызға Баянның да көңілі ауған. Алайда қалмақ қызы түрлі айламен батырды өзіне жақындатпай жүріп, ақыры Ноянмен сөз байласады.

Бұдан кейін Абылай қолы жорыққа аттанады. Сол жорықта Баян батыр ерлікпен қаза табады.

Романтикалық өріс пен ішкі драматизм

Мағжан оқиғаны құр баяндап қана қоймайды. Романтикалық асқақтыққа құрылған поэмада батырлық та, достық та, адамгершілік мейірім де, ашу-ыза да қатар өріледі. Мұнда Баян батырдың бейнесі екі қырынан нанымды көрінеді: інісі мен қалмақ қызының қылығына күйініп, қуғынға түскен сәті және екі жасты өлтіргеннен кейінгі жан күйзелісі.

Ашу қысқан сәттің көркем бейнесі

Алыстан екі қара көрді Баян,
Кілегей қара бұлттай төнді Баян.
Ой жоқ боп, жүрек шоқ боп, құр екпін боп,
Сұңқардай сорғалаған келді Баян.

Бұл — сабырынан айырылған, жүрегін ашу мен ызаның оты жандырған алапат күш иесінің қалпы. Алдынан тау кездессе де төңкеріп кетердей екпін. Тіпті Ноянның өзі ағасының бұл түрінен шошынады.

Кінә мен өкініш: өз-өзімен айқас

Ойламай, белді бекем будым неге?
Қозымды қас дұшпандай қудым неге?
Майысып Ноян қалқам, ерке марқам,
Қасқиып қарсы алдымда тұрдың неге?
Бауырыма тас жүрегім жібімеді-ау,
Бір ата, бір анадан тудым неге?
Салдырап шіріп қалғыр саусақтарым
Қанымен өз қозымның жудым неге?
Күнәсіз екі жасты өлтіргенше,
Өлмедім ішіп уын удың неге?

Екі ғашықтың өлімі үстінде тұрған Баян осылай егіледі. Болар іс болған соң, өз қолын өзі кесе алмайды. Бірақ ол жауап іздейді, өзін де ақтауға тырысады: «Інімді алаштың намысы үшін өлтірдім бе?» деген күдік пен жұбату қатар жүреді. Ақыры, өзін-өзі бекіткен батыр қалмаққа аттанып, сол жорықта ерлікпен қаза табады.

Қалмақ қызы: тұтқыннан биік тұлға

Поэманың басты кейіпкерлерінің бірі — қалмақ қызы. Мағжан ұғымында ол жай ғана тұтқын емес. Алашқа аты әйгілі Баян батырдың ғашық болуы да бекер емес: қыздың көркіне ақылы сай.

Сұлулықтың нанымды суреті

Сол сұлу сұлу екен атқан таңдай,
Бір соған бар сұлулық жиылғандай.
Торғын ет, шапақтай бет, тісі меруерт,
Сөздері — су сылдырлап құйылғандай.
Бір улап, көзқарасы бір айнытқан,
Жұлдыздай еркелеген сөнбей-жанбай.
Лебізі — жібек лебі, жұмақ желі,
Кәусардай тартқан адам қалар қанбай.

Сұлулықпен бірге қыздың қайсарлығы мен ақылы да айқын танылады. Ол Баянның сөз салуына жол бермей, «ағатайлап» жүріп, өзін қарындас ретінде қабылдатуға мәжбүр етеді. Түпкі ойында туған жұрты, ата-анасы, елдік мүдде жатады. Ақыры жас Ноянды өз дегеніне көндіреді.

Ноян мен Абылай бейнесі

Ноян: жастықтың тазалығы

Мағжан суреттеген Ноян — жастық албырттықтың, адалдықтың, шынайы сезімнің символы. Ол қанша батыр болғанымен, қыздың сөзіне бас иеді. Бұл — сезімге берілген жас жүректің, аңғал сенімнің белгісі.

Абылай: елге қорған хан

Абылай хан поэмада кең ойлы, данагөй қолбасшы, елге қорған болған хан ретінде көрінеді. Ол алаштың атақты батырларын жиып, жорықты бастайды. Бірақ поэма оқиғасында қалмақтардың айласына алданып, амалсыздан кері қайтуға мәжбүр болады.

Батырлардың бәрі осындай бәтуаға келгенде, жалғыз Баян ғана қарсы тұрады: «Апырым-ай, алаш арын жоқтамастан жөңкіліп бұл қайтудың мәні қалай?» деп, қасына жүз жолдас ертіп, қашқан қалмақтың соңынан қуады.

Көркемдік қуат және поэманың құндылығы

Поэмадағы шиеленісті тартыс, кейіпкерлердің көңіл күйі мен мінез-табиғаты Мағжанның ерекше шабытпен жырлауынан айқын сезіледі. Ақын бірбет қайсарлықты, асаулықты және ниеттің ақтығы мен жан тазалығын қатар сипаттай отырып, шығарманың ішкі драматизмін шарықтау шегіне жеткізеді.

Оқиға өрбуі барысында тау мен су, күн мен аспан сияқты табиғат көріністері кейіпкерлердің жан әлемімен, қалмақ қызының сұлулығымен астасып, характерлер қақтығысын ширықтыра түседі. Өлең өрімі, сөздің көркемдігі, образды суреттеу және романтикалық асқақтық — поэманың өн бойынан кеңінен байқалады.

Қорытқанда, «Батыр Баян» — Мағжан Жұмабаев шығармашылығының ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясының қазыналы қорынан лайықты орын алатын, аса көркем әрі құнды туынды.