Адал еңбек алғысым ұстазыма

Тақырып

«Адал еңбек, алғысым ұстазыма!»

Мақсаты

Ұстаз еңбегінің қадір-қасиетін түсіндіру, жас ұрпақты ұстазды құрметтеуге, адамгершілікке, сыйластық пен түсіністікке тәрбиелеу. Ұстаз мамандығының қыры мен сырын танытып, еңбегін әрдайым бағалай білуге үйрету.

Көрнекілігі

  • Ұлағатты сөздер
  • Шарлар
  • Гүлдер

Өткізілу барысы

Тәрбие сағатын ашу, ұстаздарды төл мерекесімен құттықтау, оқушылардың арнауы мен нақыл сөздері, әндер, жұмбақтар, жеке ұстаздарға арналған тілектер және сұрақ-жауап бөлімі.

Кіріспе сөз

Мұғалімнің құттықтауы

Құрметті ұстаздар, оқушылар! «Адал еңбек, алғысым ұстазыма!» атты ашық тәрбие сағатымызды ашық деп жариялай отырып, қадірлі ұстаздар, сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз.

Шәкірт тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатып, бағыт-бағдар берудегі еңбектеріңіз жана берсін. Дендеріңізге саулық, қажымас қайрат, отбасыңызға береке мен шаттық тілейміз. Келесі сөз кезегі — оқушыларда.

Оқушылардың құттықтауы

1-оқушы

Армысыздар, ардақты ұстаздар! Баршамыздың сауатымызды ашып, білім нәрімен сусындатып, өмірге қанат қақтырған — ұлағатты ұстаздар. Мерекелеріңіз құтты болсын!

2-оқушы

Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, егін салып, мал бағып, терін төккен шаруа да, көкті шарлаған ғарышкер де — бәрі ұстаздан білім үйреніп, тәлім алған. Ұлағатты ұстаздар, сіздерге бүкіл адам баласы бас иеді.

3-оқушы

Мұғалімдік — ең құрметті мамандық. Жас ұрпақты адам етіп өсіретін ұстаздардан адамзатқа мейірім, ізгілік пен адалдық тарайды.

4-оқушы

Бар тәлімін елдің жанына береді. Бір кездері қырауланар шашы да — ұстаз адам ұстаз болып қала береді. Замандар мен ғасырлар қол соқтырған мамандық бұл.

5-оқушы

Айта берсең, ұстазға тіл жетпеген. Кімге ұстаз білім нәрін төкпеген? Айтыңдаршы, адам бар ма өмірде — ұстаздарға қарыздар болып өтпеген?

6-оқушы

Ұстаз, ұстаз — қасиетті есімің! Құттықтайды барша халық осы күн. Өзің берген біліміңе қандырып, талай ұлан шәкірттерді өсірдің.

7-оқушы

Ұстаздар — тыншымайтын еңбеккер. Жеңісті жерге екпей, елге еккендер. Адамзат ұрпағын тәрбиелеп, болашақтың зердесін зерлеткендер.

8-оқушы

Ұстаздар қандай ғажап халықсыңдар! Шәкіртке шыңдай биік алыпсыңдар. Жан біткен жанарына нұр сыйлаған, күндей болып күлімдеген жарықсыңдар.

Ән

«Анадай асыл мектебім»

Ұстазға арналған нақыл сөздер

  • 9-оқушы: Ұстаз болу — өз уақытыңды аямау, өзгенің бақытына жанашыр болу.
  • 10-оқушы: Жақсы мұраттың артынан су ереді, жақсы ұстаздың соңынан шәкірт ереді.
  • 11-оқушы: Ұстазға қарап шәкірт өседі. Шәкіртсіз ғалым — тұл.
  • 12-оқушы: Атпаз көрген ат таныр, ұстаз көрген хат таныр.
  • 13-оқушы: Ұстаз талантты болса, шәкірт талапты болады.
  • 14-оқушы: Ұстаз — ұрпақ мақтанышы. Ұстаз болу — жүректің асылдығы.
  • 15-оқушы: Ұстаз шәкіртіне білім жолын үйретеді. Білімді жан тас қамалды да күйретеді.
  • 16-оқушы: Жарасады сыпайылық балаға. Ұстазыңа одырайып қарама.

Ән

«Мұғалім — ол біздің»

Жұмбақтар

Жұмбақ 1

Білім дәнін тереді, балаға тілін береді.

Жауабы: Ұстаз

Жұмбақ 2

Білімнің жолбасшысы, шәкірттің қолбасшысы.

Жауабы: Ұстаз

Жұмбақ 3

Оқу-білімнің бағдары, заманның бағбаны.

Жауабы: Ұстаз

Ұстаздарға арнау

Арнау 1

Келешекті кезінде кесіп айтар өзіңе. Өнеге көп өзіңде, өсиет мол сөзіңде. Көп шәкірттің досындай — Нұрсәуле апай осындай.

Арнау 2

Ақыл-кеңес көп қой онда ұққанға, ардың туын асқақ ұстап шықтың алға. Ана тілін ардақтауды үйреткен — мың рахмет Сағыныш апайға.

Арнау 3

Білім-өнердің бәріне бар талабы, әрқашанда ашық-жарқын қабағы. Қапия апайдың жаутаңдаған жанары — мәңгі есімізде қалады.

Арнау 4

Көңіліңіз болсын ақ қардай, жарқырап көзді тартқандай. Ел-жұртыңыз сізді ардақтап, жүре беріңіз, Нұрсұлу апай!

Арнау 5

Сүйікті біздің Клара апайымыз! Ақжарқын сіздің мінезіңіз, күлімдеген көздеріңіз — нұрланады жүзіңіз.

Арнау 6

Білім берген, дәріс берген, жас ұрпаққа талмастан. Әрбір жастың көңіл сырын дәл басқан — Гүлсім апай!

Арнау 7

Күнім деген, күлімдеген, қамқор болған ұстазым. Жаны жайсаң, жайдары жан, ұғындырған сөз сазын. Ұмытпаймыз, ардақтаймыз, Гүлзия апай, сізді біз!

Арнау 8

Біздер әлі өтелмеген парызбыз. Сары далада сайрап жатқан сан ізбіз. Аттары да аталмаған ұстаздар, алдарыңызда мәңгілікке қарызбыз.

Ән

«Сәлем саған, мектебім»

Сұрақ-жауап бөлімі

Мұғалім: «Ұстаз» атты ұлы есім жасай берсін жарқырап! Оқушылардың сіздерге арнаған сұрақтары бар, соған көңіл бөлейік.

Нұрсәуле апайға

Мектептегі әр баланың мінезі мен қылығы — өзіне тән әлем. Сізді көбірек ренжітетін де, қуантатын да сәттер болады. Үйде демалғанда шәкірттеріңіз сіздің көз алдыңызға қалай елестейді: ренжіткен сәті ме, әлде қуантқан кезі ме?

Қапия апайға

Көп жылдық еңбегіңізде есіңізде ерекше сақталып қалған қызықты оқиға немесе шәкірттеріңіз бар ма? Болса, сол туралы әңгімелеп берсеңіз.

Сағыныш апайға

Сіз де бір кездері кішкентай шәкірт болып мектеп табалдырығын аттадыңыз. Шәкірттік шақтың қызықты сәттерінен айтып берсеңіз.

Арнау ән

«Жарқын жүзді ұстазым»

Шәкірт жүрегіндегі алғыс

17-оқушы

Мен алғаш мектеп есігін ашқанда, күнім болып көріндің аспанымда. Білім болып егілдің жас жаныма, гүлің болып төгілдім асқарыңа. Біз дегенде ұмытып бас қамыңды да, қас қағымда қасыңнан тастамадың...

18-оқушы

Ертіп кеттің, елемей қиындықты. Ғылымның асқарына бастадың да, қолым жетті шын бақыт ұшпағына. Аялы алақаныңнан ұшқанымда, кім боп, қайда жүрсем де — қасымдасың. Адал еңбек — алғысым, ұстазыма!

19-оқушы

Сіздерге мықты денсаулық пен баянды бақыт, еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілейміз. Әрдайым ел игілігі үшін еңбек етіп, егемен еліміздің ертеңі болатын өрелі өрендерді тәрбиелеп, қанаттандыра беріңіздер.

Қорытынды

Мұғалім: Дария судың ағыны секілді, шәкірттің құрметі — ұстазға мәңгілік сағыныш пен ризашылық. Сыйымызға риза болыңыздар, мұғалімдер қауымы.

Осымен «Адал еңбек, алғысым ұстазыма!» атты тәрбие сағатымыз аяқталды.