Жайсаң көктем

Көктем

Көктем! Айнала жұпар атып, тіршілік атаулы түлеп тұр. Ажарында мың арудың сыны бар, кеудесінде мың ақынның тұнып жатқан жыры бар; көмейінде сұлулықтың үні бар, көкірегінде табиғаттың таусылмайтын жан тебірентер күйі бар. Бұл — біздің көктем.

Бұлақ сылдырап ағады, бұлбұл тамсана, тамылжыта, үзілте ән салады. Ақ балтыр қайыңдар, тәкаппар да бойшаң теректер жапырағын жайып, самал желмен сыбдыр қағады. Далаға шықсаң — гүлдің иісі, нұрын төккен күннің лебі.

Жер-ана өзінің кең төсіндегі алып анарымен Тіршілік атты перзентін емірене емізіп жатқандай. Бәрі мамырлап, бәрі балбырап, тамылжып тұр. Көктем көркі осындай. Оны көрікті жырға да, күйге де сыйғыза аларсың ба! Қанша қарасаң да, тойым бермейді.

Бір көктемнің ұмытылмас сәті

Әлі есімде: бұдан ширек ғасыр бұрын, 1945 жылдың мамыры еді. Ауылдың күншығыс жағындағы қоңыр жотаның арғы бетінде жазық егіндік болатын. Өгіз жегіп, соқа салып жүргенбіз. 14–15 жастағы балалар өгіз айдайды, соқаны ұстаушылар — көбіне жесір әйелдер.

Күн құрық бойы көтерілісімен қызуын молынан шашып, денемізді балқытатын. Кейбіреулер ыстықтан өгіз үстінде мүлгіп кетеді; кейде құлап кете жаздап барып оянады. «Өгізді доғарып тастап, жаңа жыртылған мамық қара жерге жата қалыңдар» десе, құс төсекке құлағандай болар еді.

Сол сәттің күйі

Дәл сол кезде қоңыр жотадан көрінген салт атты бәрімізді селк еткізді. Ол заманда алыстан көрінген аттының өзі үрей тудыратын: майданға кеткен боздақтың қазасын естіртіп, қара қағаз әкелгендерін де көргенбіз. «Қайсымыздың сорымыз қайнады екен?» деген сұрақ үнсіз-ақ жүзімізге қона қалды.

Ағып жеткен салт атты — әскерден бір аяғынан айырылып келген Асқарбай екен. Ол әйелдердің орамалын, балалардың қалпағын жұлып алып, бір соқадан бір соқаға шауып жүрді. Өгіздер де шошып, бораздадан шығып кетті. Бәріміздің өңіміз қуарып тұр.

— Айналайын-ау, айтсаңшы! Бәрімізді де құдай жарылқады ма? Қуаныш па?
— Бәріңді де, бәріңді де! Соғыс бітті!

Әйелдер алғысын жаудырды: «Жеті шелпек, ақсарбас!», «Рас па, өтірік пе?!», «Аман қалған жалғыз аяғыңнан айналайын!» Өгіздердің бәрі доғарылды. Бала да, әйел де бірін-бірі құшақтап, әлден уақытта өгізге мініп, ауылға қарай жарыса жөнелді. Асқарбайдан да озып кеткендер болды — өгіз екеш өгіз де сол күні өнер көрсетті.

Сол бір көктем, сол бір сурет күні бүгін де көз алдымда. Сол көктемнің шуағы арқамды әлі жылытатындай. Бүгінгі әсем көрініс, көрікті де көңілді өмір шабыт отын тұтатқанда, көңіл құсын ұшырғанда — бәрі де сол көктеммен жалғасып жатқандай.

Балалықтың салмағы, бейбіт көктемнің бағасы

Ол кезде бала едік — көп жайды аңғармаппыз. Қазір жігіт ағасымыз: байқаймыз, барлаймыз. Балалық шақтың ойынсыз, күлкісіз өткені де көмескі тартқандай. Біз асыр сап ойнар шағымызда аласа жүрдік: еңбек еттік, өгіз айдадық. Аяғымызға бәтеңке кигеніміз жоқ, шөңге мен тікен жаралайтын. Лагерьге бармадық: ақ шатырлар астында емес, сабан-топан арасында жаттық. Жарым құрсақ, ұйқысыз түндер, күлкісіз күндер өтті.

Үміт — шындыққа айналғанда

Жиырма бес бейбіт көктем келіпті. Жиырма бес жасампаз жыл өтіпті. Ширек ғасыр ішінде өңірім қалай түлеген, елім қалай байыған, адамдар қалай жаңарған! Кеудемді керемет сезім кернейді — ол қуаныш.

Үмітіміз — шындық. Шындығымыз — үміт. Болашаққа деген зор сенім алға жетелейді. Кім болашаққа сенсе — сол жеңімпаз. Сенім мен қайрат қосылса, қандай бөгеу болса да бұзылады.

Көктем және бейбітшілік туралы ой

Бір жиында жапон әйелі көп ортасында сөйлеп тұрды. Сөзі біткен соң қойнынан кішкентай құтыны шығарып, ішіндегі суды көрсетті: «Мынау су Окинава аралындағы бір құдықтан алынған», — деді. Сосын сіріңке жақты. Су бензинше жана бастады. Ол сиқыршы емес — бейбітшілік жолындағы күрескер еді. Окинавада Американың 140 әскери базасы бар; Вьетнамға ажал бомбасын алып ұшатын ұшақтар осы арадан аттанады. Сондықтан арал суының от болып жануы енді таң емес.

Тағы бір сәт: жас қыз сахнаға қайта шықты. Концерт соңында әдеттегі әнін айтты — «Иә, бостандық, иә, елім!». Бұл — грек композиторы Микис Теодоракис түрмеде отырып жазған ән. Орындаушы — Мелина Меркури: талантты, бірақ өз елінен жырақта, жат жерде. Әні Грецияның бостандық сүйгіш ұл-қыздарына арналды. Көзіне жас келеді, жүрегі қан жылайды: туған елі қара полковниктердің фашистік құрсауында. Дегенмен ол болашаққа сенеді, халқының қаһарына сенеді.

Түйін

Жас дарынды жат елде зарлы үн шығаруға мәжбүр еткен — соғыс пен империализмнің сойқаны. Еш ана әлди тербетіп отырып «төсіңді оққа тос» деп тілемейді. Еш әке перзентін өсіріп отырып «қолымнан көрге салайын» деп тілемейді. Мұны істететін — соғыс. Ендеше, соғыс табиғаттың болмысына қарсы.

Көктемге жұпар иісті гүл жарасады, көктемге тіршілікке тірлік берген нұр жарасады. Көктем көркі — тамылжыған бейбіт жырда, шешек атқан қырда, жарастығы келіскен ұл мен қызда. Ол бұл дүниені жүдетем деп келмейді — түлетем деп келеді, өмір көшін ілгері сүйретем деп келеді.

Оның гүлінде — сұлулық, нұрында — тіршілік. Сондықтан да гүл — көктем, сондықтан да нұр — көктем. Көктем сайын көсегең көгерсін, адамдар. Гүлге оранып, жырға оранып жаңара бер, жасай бер!

Күз. Түн

Жаңа ғана төсекке томпиып жата қалған балалардың мұрны пышылдап кетті. Балкон ашық қалыпты. Терезе алдындағы үлкен теректің төрт-бес жапырағы судырлап үйге кірді: көбелекше қалықтап жүр — кәдімгі сары көбелек секілді. Далада ұйытқып соққан желден бой тасалау үшін келгендей.

Жаздағы жан жадыратар самалдан мүлде басқа: сезімді тырнайды, зәрлі. Жапырақтардың «қашуы» да содан шығар. Балалардың мұрындарының жыбырлаған ұшы да тез кебе қалыпты: әлгінде ғана бусанып жатқан еді, енді жиырылып, жақтырмай қалғандай. Сәбидің ұйқысынан сүйкімді ұйқы бар ма? Сол тәтті ұйқыны ожар желдің бүлдіргенін көрдің бе?

Мен жел қуған бір парақ ақ қағазды стол үстіне іліп алдым да, балконға беттедім. Жаппақпын. Жаз бойы ашық тұрған балконды енді жаппақпын...

Күз — қыстың хабаршысы

Күз — кәдімгі сары күздің өзі. Кәрі құда — қыстың хабаршысы. Талай ақынның тіліне тиек, жырына өзек болған күз бұл. Абайдан бастап осы мезгіл туралы жазбаған ақын қалды ма екен? Бір ғана жолға қаншама сурет сыйғызған! Табиғат суретіне қоғам халін қоса кіргізу екінің бірінің қолынан келе бермейді.

«Біздің бүгінгі күзді қалай суреттер еді ұлы ақын, егер қазір тірі болса?» деген ой жетектеп әкетті. Сол сәтте Талдықорған облысындағы бір досымның хаты есіме түсті: «Қызылшаның шығымы биыл ересен. Жыл бойы құрғақ болды дейді жұрт. Бірақ қызылшашылар үшін ол құрғақшылық болмаған секілді... 500 центнерден өнім алдық... Күз біз үшін мұрынға су жетпейтін кезең. Еңбек майданының келбетін көргің келсе, бізге күзде кел».

Еңбек майданының шамдары

Осы хаттың әсерімен көз алдыма көп көрініс келді: қара түнді қақ жарып, шамдарын маздатып машиналар келеді. Рөлдегі адамдар неге сонша сүйкімді көрінеді? Өйткені бұлар — ел байлығын еселеуге бар ынтасы ауған жандар. Қорабында астық, жүгері, алма, жүзім, қызылша, мақта. Ұйқы көрмегені кішірейген көзінен ғана білінеді.

Дәл осы сәтте мамық төсегімді бергім келеді. Бірақ олар демалыстан өздері бас тартар еді: еңбектің ең түйінді сәтінде ештеңеден аянбайды.

Күздің «философиясы»

Шопандар да «кел» деп тұрғандай: қотан-қотан қой жансыз даланы шуға, дүбірге бөлейді. «Малым арып шығатын көктемнен, жоны домаланып түсетін күзім артық» дейді шопан. Бұл — оның өз философиясы. Қанша төл, қанша жүн алғанына дәл осы мезгілде нақты жауап береді.

Қапырықта қапы қалғанын қоңыр салқында толтырып, отарын ерте өргізіп, кеш жусатады. Келер көктемін ойлап, осы кезде-ақ ұрықтандырады. «Күз болса, қойшы көңілі жадырайды» дейтін сөз содан қалса керек.

Сырты — сары, іші — май

Сарғайған жапырақты, қураған шөпті көріп күзге өкпелегім келмейді. Бұл — сыртқы кейпі ғана; ал күздің іші — май. Күз көңілі — кең. Бірақ ол да қабағын түйетін жер бар: алдағысын ойламай, абайсыз жүргендерге, жылда келетін қыстың қысымын ұмытатындарға «қамдан» деп қамшысын үйіреді.

Осы сәтте жас кезімдегі бір үлкен адамның мінезі есіме түсті: сұсты еді, тапсырғанын қалт жібермейтінбіз. Бірақ тиянақты істесең, көңілі жазылатын; сырты суық болса да, іші жылы адам еді. Күз мінезінен де сондай келбет көрем.

Ой көбейген сайын күздің қадірі арта түсті: мектепке де күзде барасың, студент атын да күзде аласын. Жуырда бір шілдеханада «Жас сәби күндей мейірлі, күздей пейілді болсын» деген тілек естідім — ұйқасы ғана емес, мазмұны да әдемі. Бар жемісті күзде тереміз, бар салада жыл бойғы тердің өтеуін күзде көреміз.

Ішім жылып, күзді біртүрлі жақсы көріп барамын. «Сұрғылт күз», «сүреңсіз күз» деген сөздер ығысып, орнына «алтын күз», «аялы күз» деген атаулар келе береді.

Балконда күз туралы толғанып тұрып, бойым тоңазып қалғанын байқамадым. Бірақ ішім жылы, ішім нұрлы. Үйге кірдім. Сосын балконды қайтадан ашып қойдым: күздің қоңыр желіне кеудемді тосқым келді. Осы күз — менің күзі, елімнің күзі!