Ауылым - алтын бесігім
Ауылым – алтын бесігім
Жүрегім, жырым – сенікі, кеңесті далам, кең далам. «Тудым, өстім, есейдім, кең далам – анам, мен – балаң» деп ақындар жырлағандай, менің тұғырым – Қазақ елі. Туған өлкемнің тұнып тұрған әсем көрінісі бойыма еріксіз мақтаныш сезімін құяды.
Табиғаттың тынысы
Тау етегіндегі қуыстарды қуалай өскен бұталы орман, тау суын сарқырата кең далаға ала қашқан өзендер, дән теңізіндей тербелген жазық, төрт түлікке төсін ашқан құтты жайлау қырлары — бәрі де адамға күш-қайрат, елге деген махаббат сезімін дарытады.
Адамға дарытқан қасиет
Қасиетті туған жерім, бойымдағы бар жақсы қасиет үшін саған қарыздармын: қажыр мен қайсарлықты құзды шыңың мен асау желің үйретсе, жомарттық пен ақ пейілдікті жеміс жайнаған сай-салаңнан үйрендім. Шыдамдылық пен байсалдықты шетсіз-шексіз далаңнан таныдым.
Сұлулықтың сыры — еңбек
Осыншама сұлулыққа қандай күш себеп болды деп ойланамын. Ойлана келе ұғатыным: тау қуысындағы әр бұтаның, өзенге күліп аққан әр бұлақ көзінің, егістікте теңіздей тербелген әр дән сабағының, жайлаудағы әр қыраттың, ауылдағы әр жеміс ағашының бойында адамның жұмсаған күш-жігері мен төккен тері — еңбектен жазылған шежіре болып сақталған.
Тәуелсіз елдің тынысы
Бірлік пен бауырмалдық
Күн сәулесіндей нұрын шашқан кең байтақ даламызда жүзден астам ұлт өкілі тату өмір сүріп келеді. Халқымның ерлігі — еңбекте, арманы — әнінде, қуанышы — күйінде, бақыты — бауырмалдығында, жасампаздығы — жарқын істерінде.
Әлемге танылған Қазақстан
Еліміз саяси, әлеуметтік, мәдени-тарихи жетістіктерге бірінен соң бірін қол жеткізіп келеді. Қазақстанды дүние жүзі таниды: көптеген елдермен достық байланыс орнатып, халықаралық ұйымдар аясында өз орнын айқындады.
Рәміз — рухтың белгісі
Тәуелсіздік — ХХ ғасырдың ең қастерлі белесі. Ұлттық болмысымызды танытатын мемлекеттік рәміздерімізді айқындадық. Сол белгілердің ішінде Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұранның орны бөлек.
Астана және жаңарған дәуір
1998 жылы 10 маусым күні жаңа Астана дүние жүзіне таныстырылды. Бүгін де Қазақстанның әр күні, айы, жылы жағымды жаңалыққа толы. Қиын кезеңдерде де бейбіт өмір сүріп жатқан қазақстандықтар елдің тұрақтылығы мен дамуын көздеген бағытты қолдап келеді.
Жастарға жүктелер міндет
Біз — жастар, ел ертеңіміз. Ұланғайыр істерді жалғастыратын да — біз. Сондықтан құрбы-құрдастарым жақсы оқып, білімді болып ер жетуі тиіс. Еліміздің болашағы зор екеніне сенемін: татулық та, достық та, мүмкіншілік те бар. Енді іскерлік пен білімді азаматтар керек.
Ең басты тілек — бейбітшілік
Адам асқақ арманына халқын, тілін, Отанын, туған жерін шынайы сүйсе ғана қол жеткізеді. Қазақ жастары алаңсыз өмір сүруі үшін ең керегі — бейбітшілік. Тәуелсіздікке зорға жеттік, сондықтан оның қасиетті белгілерін қадірлеп, қастерлеу — ел алдындағы перзенттік борыш.
Үміт пен аманат
Көгілдір аспанымызды соғыстың бұлты торламай, адамзатқа жасалған қатыгездік қайта оралмаса екен деймін. Көрші елдердегі ауыртпашылық пен соғыс зардабы бізге жетпей, халқымыз азат, еркін, бейбіт өмір сүрсе екен. Қазақ елі гүлденіп-көркейіп, біз — сенімді жастар — сол елдің керегіне жарап, кірпіші болып қалансақ деп армандаймын. Сол асқақ арман мені алға жетелейді.
Ауылдың бүгіні мен ертеңі
Ауыл — қазақтың алтын бесігі, түп-төркіні. Аттың құлағында ойнаған халқымыз кең-байтақ, дархан даламыздың перзенті болса, сол перзенттің талайы ауыл-ананың аялы алақанынан түлеп ұшты: ұлы ғалымдар, ақындар мен жазушылар, қоғам қайраткерлері шықты. Кіндік қаны тамып, кірі жуылған ауылын ақындар жырдан, жазушылар сөзден аяған жоқ.
Көшу себептері
Алайда уақыт өтіп, жылдар жылжыған сайын ауылдағы бұрынғы жалындаған жастардың қатары сиреп барады. Бірі қалаға білім іздеп кетеді, енді бірі екі қолға бір күрек тауып, жұмыс істеу үшін кетеді. Мұқағали Мақатаевтың:
«Сен де кеттің, мен де кеттім, ол да кетті ауылдан. Осынымыз ұят болды-ау, ұят болды-ау қауымнан! … Момын жұрттың арқа сүйер азаматы біз едік», —
дегені еріксіз ойға оралады: болашағынан үміт күткен ауылдың арқа сүйер азаматтары қалаға көшсе, жан қалай қынжылмасын.
Дегенмен, қалаға кеткендерге кінә тағу қиын. «Туған жерім, тал бесігім» деп тіршілік ететін кәсібі жоқ жерде, құр қол қусырып отыру да оңай емес.
Негізгі түйткіл — жұмыссыздық
Жұмыссыздық — жастардың ауылда тұрақтай алмауының басты себептерінің бірі. Қайда барса да шешімін бірден таппайтын бұл мәселе көптеген отбасының үмітін қалаға байлайды.
Инфрақұрылымның кемшілігі
Көптеген ауылдарда электр энергиясы, су, жол секілді мәселелер әлі де толық шешімін таппаған. Әсіресе электр энергиясымен толық қамтамасыз етілмеуі — халықтың ауылда орнығып қалуына кедергі. Ғылыми-техника дамыған заманда жарықсыз техника да, мүмкіндік те тоқырайтыны белгілі.
Үміт үзілмейді
Егер бар технологияның қызығын көрмей, игілігін пайдалана алмаса, ғылым мен білім салтанат құрған XXI ғасырда алға жылжудың өзі күрделене түседі. Бұл сұрақтың жауабына әлі мектеп бітірмеген менің өрем жете қоймаса да, кемел келешекте ауылымыздың болашағы жарқын, ертеңі айқын болады деген үмітім үзілмейді.
Автор
Мөлдір Бекжан