Қартайғанда асығудан қорқады екенсің
Қонақтың құты, адамның сынағы
Қазақта бір ұлы мақал бар: «Бір күнгі қонақ — құт, екі күнгі қонақ — жұт». Осы сөзді кейде өмірдің басқа қырынан да көресің. Өлермен ауру кісінің айналасында бірер күн «саған не болды?» деп жүгіріп жүргендер табылады. Бірақ үшінші күннен кейін, ашық айтпаса да, көпшіліктің ықыласы бәсеңдейді.
Естіртіп айтпағанымен, іштей «қашан өлер екен?» деп ойлайтын кез де болады. Бір апта өткен соң тіпті туған-туысқан емес, қасыңдағы ең жақын адамнан да жылылық азайып, аурудың салмағы бұрынғыдан ауыр сезіледі.
Қатты ауырған адам орнынан тұрып су ішуге де шамасы келмей, аштан-аш жалғыз жатқанда ойы сан-саққа кетеді. Өлемін десе — ажал келмейді. Сүйенейін десе — тірек жоқ. Таңдайы кеуіп, басында бір тамшы суы жоқ кезде, «жақыным» деген жанның өзге жерде өсек айтып, көңіл көтеріп отырғанын елестету — жанға батады.
Кінәмшілдік пен тырысқақтық: адамның ішкі күйі
Қазақта «Жетім бала — кінәмшіл, ауру кісі — тырысқақ» деген сөз бар. Кінәмшілдік пен тырысқақтық екеуі бірдей басыңа түссе, үстіне жақын жүрген адамдардан көңілің қалса — ауру адам түгіл, сау адамға да бұл өте ауыр сынақ.
Мұны өз басымнан өткізіп келемін. Өзімді «жақында кететін адаммын» деп сезінген сайын, соны түсінбейтін жеңіл-желпі жақындарыма өкпем арта береді. Сенген адамнан «Қап, қателестім-ау» дегізетін нәрсе бар екен. Ал оның жазасын құдайдың өзіне қалдырған дұрыс.
Таңдаған да өзім едім. Сенген де өзім едім. Сол үшін «өз обалым — өзіме» деп мойындауға тура келеді.
Қартайғанда ұғынатын екі ақиқат
Қартайғанда екі мәселеге душар болдым. Қазақта: «Алыс жолда атың өлмесін, қартайғанда қатының өлмесін» дейді. Мұны басыңа келгенде мүлде басқаша түсінеді екенсің.
«Ат» деген не?
Мұндағы «ат» — денсаулық. Қазақ образбен сөйлейді. «Алыс жол» — ұзақ ғұмыр, өмірдің жолы. Яғни: жасың жетсе, денсаулығың дұрыс болсын дегені.
«Қатының өлмесін» деген не?
Бұл — сені түсінетін, күте білетін, ең жақын жан жарың аман болсын деген тілек. Өмір мұның қадірін уақыт өте ұқтырады.
Қартайғанда асығудан да қорқады екенсің. Орыстардың «Поспешишь — людей насмешишь» дегені бар: асықсаң, өзіңді күлкіге қалдыруың мүмкін.
Көлеңке туралы ой: сынның да салмағы бар
Үйсіз-күйсізді екі тұрғыдан — рухани және биологиялық — түсіну керек. «Көлеңкесіз дүниеде зат болмайды» деген ой да бекер емес. Бірақ көлеңкенің де айырмасы бар: әр көлеңке әртүрлі. Сондықтан сынды да осы тұрғыдан қабылдап, әрқайсысының сыры мен мақсатын ажырата білу қажет.
Қазақта: «Көлеңкеңмен күн көріп жүрміз» дейді. Адам туралы сөз де, тарих туралы баға да біржақты болмауы тиіс.
Мысалы, Иван Грозныйды орынсыз жамандай беретіндер бар. Ал оның мақсаты — Ресейді ел ету болды. (I Петр туралы да осыны айтуға болады.)
«Төрімнен көрім жақын» деген сөзді біреу үмітсіздікпен айтады. Бұл — ақымаққа солай көрінер. Ал есті адамға ол басқа мағына береді: өмірдің өткіншілігін түсінген сайын, әр күннің салмағы артып, жауапкершілік тереңдейді.