Жер мен көкті жаратушы құдіреті

Әдебиетші ғалымдардың пайымдауынша, аңыз — ауыз әдебиетінің ертегімен еншілес бір саласы. Оны ертегіге телулеріне аңызда қиял-ғажайып оқиғаның шындықпен қабаттаса өрілуі себеп болса керек. Сонымен бірге аңыз негізінен әңгіме түрінде, кейде өлең-жыр түрінде де кездеседі деген екіұшты пікір де айтылады.

Аңыз кейіпкерлері — нақтылы өмірде болған тұлғалар: Асан Қайғы, Қорқыт, Жиренше және басқа да тарихи есімдер.

Бұлардан бөлек, Ұлы төңкеріске дейін қазақ даласында діни тақырыптағы аңыз-әңгімелердің де кең тарағаны аңғарылады. Бұған жеке бір мысал: марқұм әкем (молда болатын) қыстың ұзақ түндерінде араб әрпімен басылған кітаптарды оқып, ондағы аңыздарды қазақшаға түсіндіріп, мазмұнын әңгімелеп отыратын.

Мәшһүр Жүсіптің «Аңыз өлеңдері» және ғибрат өзегі

2005 жылы Павлодар қаласында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Шайтанның саудасы» атты таңдамалы өлеңдерінің 1-томы жарық көрді. Сегіз бөлімнен тұратын бұл кітаптың беташарындағы «Аңыз өлеңдер» топтамасын оқи отырып, Жер мен көктің жаратылысы арқылы адамға ұсынылған ғибратты айқын сезінгендей боласың.

Өлеңнен үзінді

Екі күн-жер, күн көк жаратты,
Бір-біріне екеуін жұп жаратты.

Бір сағатта қылуға құдіреті бар,
Пендеге ғибрат болсын деп жаратты.

Ақынның «бір сағатта қылуға құдіреті бар» деген тіркесінің астарына үңілсек, қас пен көздің арасында жер жұтқан қалалар, отқа оранып күлге айналған ормандар сияқты алапат көріністер ойға оралады. Қалай түсінсек те, мұның бәрі Мәшекең меңзегендей, Құдайдың құдайлықпен қылған ісі екені талассыз.

Сабыр туралы сабақ

Ақын әрі қарай: «Сабырдан сабақ берген білген жанға, асығыс пенделерім қылмасын» деп жалғайды. Бірақ біз, пенделер, осы сабақтың мәнін толық ұқтық, асығыстықтан тыйылдық деп айта аламыз ба? Өкінішке қарай, олай деу қиын.

Асығыстықтың ащы сабағы: бір мысал

Алысқа бармай-ақ, күні кешегі маскүнемдік пен алкоголизмге қарсы күресті еске алайық. Қаншама жүзім ағашы оталып, қаншама адам өмірлік кәсібінен айырылып, нәпақасы мен ырысынан шектелді. Ең сорақысы — жүздеген, мыңдаған адам техникалық спирттен, түрлі суррогаттан уланып, көз жұмды.

Сәл байыппен қарасақ, бұл — сабырдан сабақ алмаудың, асығыстық қылудың салдары емес пе?

Аманат, ерік және адам жауапкершілігі

Жер мен көкті жаратушы құдіреті адамның еркі мен ықтияры өзінде екенін еске салып, жаратылыстың бәрін алаламайтынын жырға қосады: ай мен күн, тау мен тас, дария су — бәрі де бір жаратылыстың ішінде. Құдай ешкімді қинап зорламайтынын, бірін артық, бірін кем көрмейтінін айтады. Осы тұста бір аманат жайы қозғалып, «ішінде бір талапкер бар ма?» деген сауал тасталады.

Адамның жауабы

Сонда адам шаттыққа бөленіп: «Аманатыңды әкел де, арқама қой» деп кесімді сөз айтады. Ақын бұл таңдаудың куәсі болған көк пен жерді, ай мен күнді, тау мен дарияны атап, Алланың адамға аяушылығы оянып, оған ғылым мен ақыл бергенін баяндайды.

Содан да Адам ата жаратылған жұма күнінің қадірі артық, абзалдығы бөлек екені меңзеледі. Дегенмен ақын «жан мен сауал» туралы аңыз сөз болмаса да, екінің бірі адам саналмайтынын еске салады.

«Адам» атағына лайық өлшем

Ақынның түйіні

Есектің де жаны бар, тек соны ешкім «жан иесі» деп дәріптемейді; текеде сақал бар — сақалмен ғана адам болып кетпейді; тоты құс та үйретумен сөйлейді — сөйлеумен ғана адамдық толықпайды. Ақынның ұстанымы бір арнаға құяды: адам — адамдығын жұрт көргенде ғана адам.

Адамдықтың белгісі

  • Кем-кетікке, жоқ-жітікке қарайласу
  • Ашты тойындырып, жалаңашты киіндіру
  • Өз ісің арқылы біреуге нақты пайда тигізу

Сонда ғана «Адам» деуге лайық боласың деген ой алға шығады. Осы орайда ақын «Адамның күні — адаммен» екенін қадап айтады.

Қайырым шақыруы және қоғамдық жауап

Ақын бай мен кедейдің жаратылуын сынақ деп түсіндіреді: бір-біріне көз қырын салсын, бірін-бірі байқасын, жәрдемдессін деген ишара. Ол жетімді жексұрын көрмеуге, тіленшіні телміретпеуге, қаріп-қасерге қайыр беруге, жұма сайын үлестіріп беруге үндейді; байлықты жұрт көзіне түсіріп мақтан етуге емес, ізгілікке жұмсауға шақырады.

Көмек қолын созу

Алыстағы ғаріп жұрт аштыққа ұшырағанда, басқа елден қайырым барғанын айта отырып, сол игі істен шет қалмауға шақырады: қолдан келсе, пошта арқылы ақша жіберіп, Құдай үшін аштарға жылу бер дейді.

Айт! — деп мені жұмсаған хақ тағала,
Кел, осыған көмек бер, қатын-бала!
Көбің көпше қайыр бер, азың — аздай.

Бұл үндеудің өз заманында қаншалықты қолдау тапқаны беймәлім. Дегенмен Мәшһүр Жүсіптің Алланың адамға берген аманатына адалдықты алға тартып, тек ислам тарихының ғана емес, жалпы адамзат тарихының терең білгірі әрі гуманист екені күмән тудырмайды.

Сүлеймен Баязитов