Өзі асау айғыр
«Таңертең бір сұлу қыз суға барады» деген ән біздің ауылға келіспейді. Жо-жоқ, ауылдың қыздары ұсқынсыз дегенім емес. Бізде таңертең суға баратын — сұлу қыз емес, көк есек.
Есек — «миы жоқ» емес
Есектің арқасына екі фляг байлап жібере салады. Ол байғұс жай басып, құдыққа өзі-ақ барады. Біз кейде «миы жоқ есек» деп ұрсып жатамыз ғой, ал шынында миы болмаса суға өзі бармас еді.
Құдықтың басына барып, үнсіз тұра қалады: «қашан су құяды?» дегендей. Шлангіні салып су құйсаң, қайтадан үйіне қарай тартып кетеді.
«Есектің өзі арам, еңбегі адал» дейді. Сол сөздің жаны бар.
Бізде есек болмады — су сары айғырдың мойнында
Ал біздің үйде есек жоқ еді. Су тасу сары айғырдың мойнында болды. Өзі асау. Онымен суға бару — нағыз экстрим. Қысқасы, біз өзімізді «вольный смертниктерміз» деп әзілдейтінбіз.
Судан қорқу себептері
- Көшеде өзімен өзі, ешкіммен шатағы жоқ ұшып жүрген салафан мен қағаздан үркіп кетеді.
- Байтал көрсе, шайтан көргендей делебесі қозып, тыпыршып тұрады.
«Үйде ыдыс қалды ма?» деген күлкі
Жазда арқасына екі фляг байлаймыз. Қыста дәу ат шанаға 6 фляг, 2 кәтелок, 1 бедон, 1 шәйнек… тағысын-тағысын тиеп алатынбыз.
Бізді көргендер: «Үйлеріңде ыдыс қалды ма өзі? Пиалаларың қалып кетіпті, бокалдарың қайда?» деп кекетіп қоятын. Бізге бәрібір: бастысы — сол ыдыстар үйге аман-есен жетсе екен. Төрт көзі түгел, қыры түгел, сыры кетпей, сынбай жетсе екен дейміз.
Сонда есектің қадірін түсіндім
Сол кездері есектің қадірін түсіндім. Өзі ыңғайлы, жуас мал. Арқасынан флягты шешіп алсаң да, топ етіп жерге түсіп қала салады.
Ал ана сары айғырдың арқасынан фляг шешу — өз алдына азап. Кейде сақ етіп аяғыңа түсіп кетсе, маңдайыңнан тер шығып, қыңқ ете қаласың. Айғыр да басын бұрып, иығыңнан тістеп алғысы келіп, әрең сабыр сақтайды.
Мені бір рет иықтан «сүйіп» алған. Нағашы апамды тіпті дәл бетінен сүйіп алып, оңдырмаған еді.
Қорытынды
Содан кейін үйде сарылдап ағып жатқан судың қадірін білдім. Тәубе.