Қашқын қайда

Ол іштен тынғалы қашан? Ішіне қан қатқалы қашан?! ...Трау–трау... трау–трау... трау...

Таспиықтың тарғыл тасындай тізілген тырналар легі тыраулаған мұңлы үнімен төмендегі тау ішін тербейді. Бірақ тіл-жақсыз тынған кержақ шал селт етпейді. Ат жақты, қоңқақ мұрын, астау бас, дөң қабақ — кержақ, керең еді.

Таскерең тыныштықта өзен иіріміне қармақ салған ол опырылып кетер жар жиегіне жайғасқан. Темекі түтіні ыстағаннан зәрсіңді жаялықтай, жалқаяқ тартқан түкті жүзінен ештеңе аңғарылар емес. Құлағы көрдей керең тартқан, тіл-аузы тас байланған, тек көкпеңбек қос шырағы шырадай жанған шалды бүгін де ежелден етене сезім иелеп, ауыр ой иектеп алған.

Бұл — жұртқа жұмбақ, ішке тығылған ұры ой. Айтуға тәуекелі жетпеген, айтылса — бетке түкірердей ауыр құпия.

Құдай да қыбын келтіріп, тілін тартып, құлағын бітеп тастағандай. Ал ел білсе — безініп кетері хақ. Бозбала күннен берекесін алып, бетінен қаққан сол бір сұғанақ та суық сезім осындай оңаша қалған сәтте ойын ойран-топан ететін.

Сырт көзге тыныш тірлік кешкен қарияның ішінде ит өліп жатқанын жат жұрты — қазағы бар, өз жұрты — орысы бар қайдан білсін... Білмегені де жөн. Бірақ уақыт өткен сайын тау тұманындай шөккен ой сейілмей, жүрекке байланған беріш бұрынғысынан да ширыға түседі екен. Ел еңсесін тіктеген елу жылдан асса да, ширыққан шер-шемен тарқар емес. Ішінде іріп, ішінде шіріп, ішінде кетіп барады.

...Трау–трау... трау–трау... трау... Көк төрін тіліп өткен тырналар көші де көз көрмес, құлақ естімес терістікке маңып барады. Олар қоңыр күзде ғана бұл өңірге қанат суыта қона түнеп, қарасуықпен түстікке қарай қайыра оралады.

Бірақ керең кержақтың онымен ісі жоқ. Тым-тым шығандап ұшқан тырнаның үні тұрмақ, кәнтөжін қылған “керман” соғысының арқасында адам атаулының ащы даусын да, тұщы тілін де естімес мылқау кепке түскен. Оған да тәуба! Әйтпесе, әлдекіммен әңгіме үстінде ырықсыз ырғасам деп, қызыл тілдің кесірін көрер ме еді...

Иірім басындағы үнсіз өмір

Толқыны тереңге тартқан иірім басында ол ой кешкен күйі ащы шылымын зындандата сорады. Асықпай үрлейді. Тулақ шегеленген кішкене орындық үстінде, жарқабақ жиегінде отырып алып алабұғаға қармақ қаптырып, қалытқы батыртқан шал жар жалаған көктемгі лай судың шылпылын, Күршім тал-тоғайының шуылын естімесе де, жан жүрегімен — жұлын-тұтасымен сезінеді.

Сезінген сайын со бір соғыс жылғы салқын көктем көз алдына бүгінгідей тұра қалады. Ертіс пен Күршімнен көтерілген таңғы тұман тарқамай жатып естілетін сол бір көктемдегі тырнаның дауысы да санасына сіңісті. ...Трау–трау... трау–трау... трау...

Бозбалалық шақ: Егордың алғашқы сынағы

Иә, ол уақытта Евстафий шал бар-жоғы он жетідегі бозбала еді. Бұлыңғыр бетте соғыс жүріп жатқан. Соғыс дүмпуі естілмесе де, дүңк-дүңк қауесеті жетіп артылатын. Елде қалған еркек кіндікті — үрейлі, әйел басы — қаралы, бала жүрегі — жаралы еді.

Жергілікті қазақ ауылдастары “Жагор” атап кеткен Евстафий-Егор ер-азамат соғысқа аттана бастағаннан-ақ, бір-ақ күнде есейіп шыға келді. Әкесі майданға кеткелі үй іші “жарық астауға” қарап қалды да, шешесі еркелететін “Егорка” мойнына бір үйдің қамыты киілді: аң-құс пен балық аулауға епсек жан тіршілікке көшті.

Күдік пен қыспақ

Әкесінің біраз мылтығын аудан орталығы Құмаштан келген “қызыл жағалылар” шешесіне шөп арасынан таптырып әкетті. Жай кетпеді: төрт құрсақ көтерсе де жүзі өңді, бойы бәденді шешесіне көзін сүзді де, бұған тепсініп кетті. Амалсыздан Егор жас кезінде аттан құлап, сылтып басып қалған “Сылтық” Сағымнан үйренген із кесуге, қақпан құрып, тұзақ салуға көшті.

Жаз бойғы тоғанға тоспа салып, арыққа құлақ байлаған колхоз жұмысынан кейін үй іргесіндегі атарқан жердің картобын қазып алып, шешесі екеуі кешелі бері “ух!..” дескен. Үйелменді-сүйелменді екі інісі үй шаруасын тындыратынына сенген Егор бұдан былай алысқа ұзап аңшылық жасауға бекінді. Жақын маңдағы аң-құсты үркітіп, секемшіл етіп жібермес үшін ол алысқа көз тікті.

Жіңішкедегі тұзақ және “қызыл жағалылар”

Мезгіл — байсал күздің “бәйбіше жазы”. Қау шөбі таптауырын болған бұта арасындағы қоян жымына жіңішке сымнан тұзақ ілді. Сағым берген қос серіппелі ескі түлкі қақпанды Жіңішке өзенінің тар қылтадан қысылып аққан арнасы үстіне көпірлей құлаған жуан теректің қопарылып қалған шор-шор тамырлы түбіндегі қоянойнаққа құрды.

Қақпан тілінің асты мен шаппасының арасына жылқының қу тезегін үгіп салып, бетіне қоянойнақта аңның ізі бадырайып жатқан жұмсақ топырақты жұқалап септі. Адам иісін алдырмау, ізін қалдырмау әдетімен су жиегіндегі көк жасаңды жұлып алып, қақпан жатқан топырақ үстін де, өзі отырған жерді де тарам-тарам етіп, селдірете шашып тастады.

Бар іс біткен соң күрең тартқан күңгейге емес, сары-жалқын теріскейдің тік беткейіне өрледі: ойы — Жіңішкенің жаламасына қалың өскен қараған мен қызыл тобылғы, бүрген бауырын шола кету, бұйыртса қақпанды ертең беткейге ауыстыру.

Кездесу

Жіңішке жалына шыққанда арс-арс үрген иттің даусы естілді. Теріскейдің жонымен құндыздап келе жатқан үш салт атты Егордың өткір көзіне оттай басылды. Тал түстің сары шуағы астында сап-сарала киінген әскери адамдар жүрісі суық көрінді. Тік құлақ, сөлпең құйрық овчарка жетектеген үшеу әне-міне дегенше жетіп келді.

Иығында қос жұлдызы бар офицер мұны ат үстінен үн-түнсіз тінте қарады. — Сен кімсің?

Егор сескенгенін білдіргісі келмей, кержақтық батылдықпен сығырая барлады. Офицердің даусы жарықшақтанды: — Иен тауда не іздеп жүрсің? Кімсің өзің?

— Мен Егормын, — деген үні еріксіз дірілдеп шықты.

Шынын айтса, қақпанын алып қояр. Өтірік айтса — өтірігі білінер. Ақыры: — Мал іздеп жүрмін... — деді де, өз сөзінен өзі қуыстанды.

Офицер “өтірік” деп бір-ақ кесті. Егор шегінер жер қалмағанын сезді. Сонда әлгі оқалы: — Ей, сатқын! Қашқын қайда? “Халық жауын” қайда жасырдың? — деп төніп еді, бозбаланың екі көзі үкідей болып, тұла бойы қалтырап кетті.

— Жолдас офицер, мен бәрін өтірік айттым, — деп шыр ете қалды. — Қоянға қақпан құрып жүрмін.

Бұдан әрі әңгіме қысқа болды. Әпербақан жас офицер қазақы қамшымен осып-осып жіберді. Қалың күпәйке соққыны батыра қоймады. “Сыбайлас” ұстадық деп қуанып, кержақ баланы алдарына салып, тік құлақ көк итпен қатар қуалай әкетті.

Чердояқ: лагерь көлеңкесі

Бесін болмай тау басындағы Чердояқ (Шірікаяқ) кен орнына жетті. Ығы-жығы барақ үйлер, әскери адамдар сапырылысқан үлкен селоның қақ ортасындағы қызыл кірпіш үйде шалғы мұртты, оқасындағы жұлдызы баданадай бастықтың алдына әкелгенде, Егорда ес қалмаған, жан шықпаған еді.

Үлкен бастық жас офицерге “топассың” деп дүрсе қоя берді де, оның сандырағына түкіріп, жоғарыдағы “Ленинск” шахтасындағы лагерьден бір “халық жауы” қашып кеткенін айтты. Егор аңшы болса, із кесіп тауып әкелуге көмектессін — сонда мол “поек” берілетінін білдірді.

“Поек” деген не?

Егор оның нақты не екенін ұқпаса да, үрей үстінде басын изей берді. Есік алдына шыққанда ғана байқады: тұғырда тік түрегеп тұрған шинельді, қолында мүштегі бар Сталиннің тұлғасы ғана түксиіңкі қалып тұр.

Тік құлақ “Борза” бастаған төрт салт атты қайта жолға шықты. Сырты тікенек сымдармен қоршалған барақтарды айналып өтіп, селоның терістігіндегі бұлақты жылғаға құлады. Егор кеудесіне нөмірленген ақ шүберек тігулі күпәйке киген бірен-саран жанды ғана көрді; қалғаны — әскери.

Рудниктің қара көрінісі жүрегін мұздатып жіберді: темір телешкелер итерген қара киімділер, тас уатқан топ, вагонетка ағылған ауыз — бәрі күзетке толы. Жас офицер: — Есіңде болсын, бұлардың бәрі — жау. Аяуға болмайды. Түп-түгел құрту керек, — деп булықты.

Қуғын: өзен, із, және түнгі қайтарым

Иісшіл ит айырылып қалған қашқынның ізін Егор оңай кесті. Қашқын “Ленинскіден” Жіңішкенің ішімен өзен жағалай жүріп келіпті де, өздері қосылған жылға тұсынан суды кешіп, төмен қарай кетсе керек. Ары қарай жас офицер де, әскерлер де, ит те адам ізін таба алмады: ағынды су иісті жұтып қойған.

Сұңғыла аңшы қашқын ағысқа қарсы қайта жүрген болуы мүмкін деп болжады: қарсы бетке өтті де, қаратал мен бозтал бұйралана өскен өзен бойын бойлай жоғары өрледі. Темекі тартар мезгіл өткенде, мұздай суға шыдамаған қашқын шілікті иіннен жағаға шығыпты.

Борза иіс алды. Егор белуардан шөпті жапырған ізді шолып, қашқын күнгейдің бір саласына — Қарабұлаққа қарай тіке тартқанын аңғарды. Күн кешкіріп, Жіңішкенің терең сайын көлеңкесі ызғарын кеуледі. Қарын да аш. Бірақ аялдау жоқ.

Ымырт жабылып, жұлдыз жамырап, дүние қарауытып қалған кезде бұлар Қарабұлақ ауылына жақын отырған сиыршының қыстауы үстінен шықты. Қашқын орағытып өтіпті. Иттер үрген қыстаққа бұлар қайырыла кетті: аз-маз ауқаттанбақ.

Қазандағы қара еті жоқ қара көжені малшының үй ішімен Егор ғана ішті. Борза мен басқалары қалбырдағы бұқтырылған шошқа етін жеді. Офицердің ескертуімен ешкім сыр ашпады. Он бес-жиырма минутта қайта атқа қонды.

Қуғын Көк Жотаға қарай ауды. Ай көтерілер емес, түн көбең. Қашқын ауылды қиыстап, Ертіске қарай ентелей ұмтылыпты. Салт атты қуғыншылар ай Көк Жота жонынан аққу мойын көтерілгенде ғана қуып жетті.

Егор өзіне мінгескен “халық жауының” кавказдық армян екенін оның “Ара-ара!..” деп жансауға сұрағанынан ғана білді. Бірақ ешкім құлақ асқан жоқ. Қатыгездік қана бар еді, қайырым жоқ. Табаны тілініп, жаяу айдауға әл-дәрмені қалмаған “жау” жүре алмады.

Ертесінде Евстафий бір дорба “поек” алып елге қайтты. Ішкені — ірің, жегені — желім болып отырған шешесі ат үстіндегі жас офицердің етігін құшақтап тұрып, жылап-еңіреп рахметін жаудырды. “Қаңғып жүріп өлесің, ертең әкең келгенде не деймін?” деп торықты. Бірақ Егордың әкесі қанды қырғыннан қайтпады...

Қаңтар: жаңа қашқын, жаңа бұйрық

Арада айлар өтті. Алтайдың ұшар шыңынан ұшан даласына дейін қар бекіді. Мезгіл — күңгірт қыстың көк моншақ қаңтары. Әкесінен хат-хабар үзілді. Бір күні жирен офицер түнделетіп келді де, Егорды Чердояққа тағы алып кетті. Шешесі оны жас офицерге тапсырып қала берді.

Бұл жолғы қашқын “халық жауы” емес, қанқұйлы қылмыскер — “рецидивист” екен. Үш күн бұрын “ескі жаңа жыл” қарсаңында соққан боранда, кешкі апақ-сапақта ат құлағы көрінбес алас-күлесті пайдаланып сытылып кетіпті. Боран басылған соң қанша шолса да, тау арасындағы құп-қу медиеннен түк те кезіктіре алмапты.

Үлкен бастықтың сөзі

Жасы алпыстан асқан үш жұлдызды Үлкен бастық шалғы мұртын сипап: — Та-а-ак, Евстафий! — деп соза сөйледі. Әкең майданда, сен комсомолсың деді. Ал бұлар — “халықтың қанын сорғандар” деді. Жат жұрт — жау, ал іштен шыққан жау — бәрінен қауіпті деді.

Жирен офицер: — Шаңғымен аттанамыз. Сүйегін тапсақ, жеткізу қиын... — дегенде, бастық мүдірместен: — Он екі мүшесінің бірін жеткіз, лейтенант! Фуфайкасындағы нөмірін ұмытпаңдар! — деп кесіп айтты.

Егорға уәде берді: итті тауып әкелсе, “поек” екі есе. Егор барын салды. Екі күн бойы ой мен қырды жалпақ шаңғымен арылтты, ауыл-селоларға да соқты. “Крещение” ызғырығы отыз градусты көрсетіп, сүйектен өтті. Ит ерткен шаңғышыларға оңай соқпады; жұқа жас офицер ұшып жығылды. Амалсыз Топтеректегі Егордың үйіне соқты: үй іші қуанып қалды.

Күн көтеріле Құйғанға аттанды. Паром-сал басында күзет бар: Ертістен арлы-берлі өткендерді жіпке тізгендей тексеріп, өзен бойын бөтен-бастақтан сүзіп отырады. Үміт — сол күзетте. Бірақ қылмыскердің дәл солай тартуы да ғажап емес еді: Өскеменге қарай өтетін көліктің соқпай кетпейтін ұрымтал бекет осы.

Олар Күршім бойымен емес, Чердояққа төте тартылған Теректібұлақ ойымен сырғанады. Қатты күртік тегістеп тастаған жазықтан тас жолға жетті. Бұл жолмен кеннің құм-тасы қысы-жазы “ЗИС”-пен тасылады. Құйған мен Күршім күресіне қосылатын таптауырын жол беті балықтың қабыршағындай тайғақ еді.

Әудем жерден кейін Егор тас жолдың арғы бетінен жүз қадамдай жерде ұшып-қонып үймелескен қарға-құзғын мен секектеген сауысқанды байқап қалды. Қасындағы офицер мен жауынгер көңіл де аудармады. Борза да былқ етпеді: бұл жолы қашқын іздеуде иттен пайда тимеді, танауын көкке шүйіргеннен басқа...

Ішкі түйсік

Егор қарға-құзғын өлексе болмаса тегін үймелеспейтінін білетін. “Жол жиегіне жақын не болды екен?” деген оймен, не де болса бұрыла кетуді жөн санады...