Қанатты тұлпар - қазақ поэзиясындағы кең тараған бейне
Автор
Байбекетова Ақерке
8-сынып, №2 жалпы білім беретін орта мектебі
Жетекші
Азирбаева Г.К.
Патриотизм: бүгінгі қоғамдағы өзектілік
Қазіргі уақытта патриотизм тақырыбы Қазақстан Республикасында ең өзекті мәселелердің бірі. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз жолдауларында да білім мен тәрбие сабақтастығын күшейту қажеттігін ерекше атап өткен. Тәрбиенің өзегінің бірі — патриотизм.
Ең маңыздысы — патриоттық сезімнің не екенін түсіну және оның қайдан басталатынын білу.
Патриоттық сезім неден басталады?
1) Ана тіліне құрмет
Ең алдымен, өз ана тілімізді — қазақ тілін білуіміз керек. Қазір кейбір жастардың шетел мәдениетіне шамадан тыс еліктеуі де ойландыратын құбылыс. Ел ішінде қазақша сөйлесу — тілге деген құрметтің нақты көрінісі.
Н.Ә. Назарбаевтың ой-түйіні
“Тіл — біздің анамыз, өйткені ол — ұлтымыздың анасы. Қазақ тіліне қамқор жасау — менің перзенттік те, президенттік те парызым.”
Біз кім болсақ та — дана болайық, ақын болайық — тіліміз бен елімізден биік емеспіз. Сондықтан тіл алдындағы азаматтық борышымызды адал атқаруымыз керек.
Қадыр Мырза Әли
“Ана тілің — арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте.”
Ғабит Мүсірепов
“Тілін білмеген — түбін білмейді.”
Өзге тілдерді үйрену — пайдалы. Бірақ өз тілімізді қадірлеу — міндет.
2) Отбасы тәрбиесі
Патриоттық сезім отбасынан басталады. Алайда кейде ата-ананың балаға жеткілікті көңіл бөле алмауы — уақыт тапшылығы — бала тәрбиесіне әсер етеді. Меніңше, ата-ана күн сайын аз болса да уақыт бөліп, әсіресе баланың оқуына назар аударғаны дұрыс.
Қазіргі жастар әлеуметтік желіде көп отырады: интернет, мессенджерлер, түрлі платформалар — бұл әдетке айналса, баланың ойы да соған бейімделіп кетуі мүмкін. Сабақты жақсы оқу — ең алдымен баланың өзіне қажет. Өйткені әрбір бала — ертеңгі күннің болашағы.
Болашақ тек білімді ғана емес, жан-жақты, “сегіз қырлы, бір сырлы” азаматтарды қажет етеді. Бұл — патриоттық тәрбиемен тікелей байланысты.
3) Тарихты тану және қаһармандарды ұлықтау
Өз халқыңның тарихын білу, кешегі қаһармандарды тану, оларды ұлықтау — патриоттық сезімді күшейтеді. Мектептерде де, жоғары оқу орындарында да Қазақстан тарихы оқытылады. Елі үшін жанын қиған батырлардың есімі дәріптеліп келеді.
Дегенмен, бұл бағытта жастардың қызығушылығын арттыру қажет сияқты. Жастарды қалай қызықтырамыз? Оған мазмұнды, заманауи форматтағы жобалар, кездесулер, интерактивті іс-шаралар ықпал ете алады.
4) Әскери мектептердің ықпалы
Жастарға патриоттық сезім қалыптастыруда әскери бағыттағы оқу орындарының рөлі зор деп ойлаймын. Мұндай ұйымдар балалар мен жастардың санасында Отанға сүйіспеншілікті оятып, елге пайда келтіруге ұмтылысты қалыптастырады.
5) Мектеп пен жоғары оқу орындарының тәрбиелік міндеті
Патриоттық сананы қалыптастыратын негізгі мекемелердің бірі — мектеп пен жоғары оқу орындары. Сынып сағаттары жай ғана уақыт өткізу үшін емес: олар болашақ ұрпақты тәрбиелеуге, елін-жерін сүйетін азамат қалыптастыруға, дені сау әрі рухани бай тұлға тәрбиелеуге бағытталған.
Бұл — қоғам үшін де, әрқайсымыз үшін де маңызды жауапкершілік.
6) Салт-дәстүрді сақтау
Ата-бабадан мұра болып қалған салт-дәстүрді сақтау — ұлттық қадір-қасиетімізді қорғау. Оларды қастерлеп, ұлтқа кір келтіретін әрекеттерден аулақ болуымыз қажет.
7) Спорт және салауатты өмір салты
Балаларды спортқа бейімдеу керек. Болашақта еліміздің даңқын асқақтатып, әнұранымызды шырқататын, қазақ ұлтын әлемге танытатын ұрпақ тәрбиелеу — ортақ мұрат.
Қазір кейбір балалар спортқа қызыға бермейді, уақытын көбіне интернетке жұмсайды. Мен жастарды интернеттен алыстатып, спортқа баулитын қызықты жоба болса деймін — мұндай идеяны құрастыру ойымда бар.
Спорт денсаулыққа пайдалы: адамды шынықтырады, ерік-жігерді күшейтеді. Ал экран алдында ұзақ отыру көру қабілетіне және күн тәртібіне кері әсер етуі мүмкін.
Дегенмен, Қазақстан азаматтары халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, жүлделі орын алып жүргенін мақтанышпен айтамыз.
8) Мемлекеттік рәміздерге құрмет
Өз Отанын құрметтеу, өз еліңнің патриоты болу үшін ең алдымен мемлекеттік рәміздерді және Әнұранды білу, құрметтеу қажет.
Ту
Қазақстан Республикасының Туы — мен үшін ыстық әрі теңдесі жоқ қастерлі нышан. Көк түс — ашық аспан мен тыныштықты білдіреді. Ал алтын күн — нұр мен берекенің белгісі. Қанатын жайған қыран — еркіндік сүйгіш рухты, кеңдікті, биік мұратты паш етеді. Ұлттық ою-өрнек “қошқар мүйіз” туды айшықтап, ерекшелей түседі.
1992 жылғы 4 маусымда Ту туралы заңға қол қойылғаннан кейін көк байрағымыз мемлекеттік нышан ретінде мәңгі желбіреп келеді.
“Бөтен жердің гүлінен, туған жердің тікені артық.”
Мен үшін елімнің әрбір тасы да қымбат.
Елтаңба
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының негізі — шаңырақ. Ол — елтаңбаның жүрегі. Шаңырақ — отбасының, бірліктің, ортақ үйдің бейнесі.
Түндік — таза көк аспанды меңзейді. Шаңырақтан тараған уықтар күн сәулесін еске салады. Бес бұрышты жұлдыз — бағыт-бағдар беретін нышан. Қанатты тұлпар — еркіндікке ұмтылыс, жеңіске деген жігер, қажымас қайраттың бейнесі.
Төменгі бөлікте “ҚАЗАҚСТАН” деген жазу бар. Елтаңбаны жасаған Жандарбек Мәлібеков пен Шотаман Уәлиханов бұл нышанды терең мағынамен көркемдеген.
Әнұран
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны — Отанды, атамекенді, мемлекетті, тарихи оқиғалар мен батырларды мадақтайтын поэзиялық-музыкалық шығарма.
Жаңа әнұран 2006 жылы қабылданды. Негізі ретінде 1950 жылдардан бері кең тараған Шәмші Қалдаяқовтың “Менің Қазақстаным” әні алынып, мәтіні аздап өңделді. Әнұран 2006 жылғы 7 қаңтарда ресми бекітілді.
Жеке ұстаным
Мен “елімнің патриотымын” деп нық айта аламын. Елім үшін не істеу керек болса, соны істеуге дайынмын.
Әсіресе әлемдік жарыстарда спортшыларымыз жеңіс тұғырынан көрінгенде, теледидардан қарап отырып, толқымай отыру қиын. Арыстандай ағаларымыз бен ер мінезді апкелерімізді мақтан тұтып, әрдайым қолдаймын.
Бұл сезімді бір-екі ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Өз елімнің басы болмасам да, сайының тасы болып жүрсем — мен үшін үлкен бақыт.