Мәдениетті жігіт қой

Мен мұрт қойғаныма қашан! Е-е, несін айтасыз, мұрт мәселесі — өз алдына үлкен проблема. Олай дейтін себебім: көресіні жұрттан емес, мұрттан көрдім.

Мұрттың аты — мұрт, ал дауы — үйдей

Мәдениетті, әдепті таныстар: «Мұртты жігіт»,— дейді. Ал кейбір мысқылшыл дырдубайлар: «Ей, мұрт!» — деп, тәмам жұрттың алдында айқай салып, аптырақты айрандай төгеді. Жеке өзің келе жатсаң — мейлі ғой. Кейде қызбен келе жатсаң… міне, сонда қиын.

Мұрт дегеніміз — үстіңгі ерін мен қос танаудың аралығына біткен, не сүтқоректілер тегіне, не өсімдіктер тобына жатпайтын; өз ырқына жіберсең, шырмауықтай қаулап өсетін тәртіпсіз бір дүние. Сағаттың қос тіліндей тылтиған бұл «көпірдің» пайдасынан зияны көп-ау деймін.

Автобустағы «қызыл пәле»

Әлі есімде: автобусқа мініп, бір күні қызметке бара жатыр едім, екі көзі тұздай егделеу бір кісі маған шүйліге кетті.

Айыптаудың «дәлелі»

— Әп, пәлем, түстің бе қолға?! Мұртыңды біртіндеп тұрып жұлайын ба, осы?!

Мен аң-таңмын. Автобус ішіндегі жұрт елең ете қалды. Әлгі үйрек тұмсық бейтаныс адам қайта төнді:

— Есіңде ме, мені кроватқа арқанмен матап тастап, аузыма шүберек тығып, колхоздың қыруар алмасын машинаға тиеп, тапа-талтүсте ұрлап кеткенің? Қайда әлгі сыбайлас чечен жігітің?.. Жаңылмасам, аты Махмұт болатын. Сен солай деп дауыстағансың…

Мен қорғана бастадым: — Сіз, жолдас, кешіріңіз… Мені басқа біреумен шатастырып тұрсыз ғой деймін.

— Дурака не валяй! Қымбаттым, мен сені мұртыңнан танып тұрмын. Жалтаруын қарай гөр өзінің!..

Жұрттың үкімі

  • «Мәдениетті жігіт қой!»
  • «Тапқан екенсің ұрыны…»
  • «Кімде мұрт жоқ дейсің?!»
  • «Ха-ха-ха!!!»
  • «Абзалы, жігіттен кешірім сұрағаныңыз жөн болар…»

Сөйтіп, қып-қызыл пәледен әрең құтылдым. Көрдіңіз бе: тілдей мұрт үшін үйдей дау-дамай тұтана жаздады. Осы оқиғадан кейін өткір ұстарамен мұртымды сыпырып тастағым-ақ келді, бірақ жас жұбайым: «Қырсаң, асылып өлемін» — деп, көнбей безеріп тұрып алды.

Парк ішіндегі бөтен таныстық

Енді бірде, парк ішінде өте қызық кездесу болды. Бір бейтаныс жігіт ілтипатпен иіліп сәлем берді де, шап етіп қолыма жармаса кетті.

Сұрақтың нөсері

— Бала-шағаңыз аман ба? Денсаулығыңыз жақсы ма? — «Шүкір».

— Жеңгей аман-есен босанды ма? Шілдехана жақсы өтті ме? — «Жақсы өтті».

— Волгаңызға гараж табылды ма? — «Табылды».

— Әлгі ішкіш Жәркембай өліп қалды дейді, рас па? — «Қайдам…»

— Курортқа қашан барасыз? — «Белгісіз». Путевка керек болса, маған хабарласыңыз: Сухуми, Ватуми, Сочи, Гагри, Фоти — бәрі дайын.

— Рақмет, айналайын!

— Ал, сау болыңыз! — «Қош!»

Танысам құдай ұрсын — адамды мүлде танымаймын. Амал жоқ, сұрағының ыңғайына қарай жауап бере бердім. Үйленгеніме бес-ақ ай… «Жеңгей босанды ма?» — дейді. Ой, тоба-ай! Жәркембай деген кім? Волга түгіл жаман велосипеді де жоқ менде. Түсінсем бұйырмасын! Көрдіңіздер ме, мұның бәріне сөзсіз мұрттың да қатысы бар.

Бастықтың «тәртібі» және көсенің кегі

Азын-аулақ шаруамен жаңа бастығымның алдына бардым. Ол буалдыр тартқан суық көзімен оқтала қарап, әзілі ме, әлде кекесін бе — тұрпайы сұрақ қойды:

— Шырағым, мұрныңның астындағы қарайған не пәле?

— Көрмей тұрсыз ба, мұрт қой! — дедім ызаланып.

— М-мм, солай мұрт де… Сен он тоғызыншы ғасырдың серілері сияқты тасырайыпсың. Бүгіннен бастап мұртыңды құрт. Құлағыңның түбіндегі көдедей бакенбардыңды да құрт! Ескі заманның іріп-шіріген салтын жаңа ұрпаққа үлгі тұту — қылмыс!

Мен оның түріне көз жүгірттім: қу даладай сұрқай бет-әлпет, өмір-бақи бір қылшық бітпеген нағыз тұл көсе. Жып-жылтыр басы Медеудің мұз айдынындай. Тек жалпақ танауының тесігінен екі-үш қоңырқай қылшық қана бой көрсетеді. «Сақал-мұрттың тақсіретін тартқан бейбақ меннен өшін алып отыр-ау» — деп ойлап қалдым.

Түйін

Жұрт деген қызық: біреудің тәніне шыққан жүн-жұрқада не шаруасы бар? Бір жақсысы — танаудың астына біткен шынашақтай мұрттың салмағы бөтен адамға түспейді. Бірақ мұртекең мені талай рет тақырға отырғызды: қорғап қайтейін, одан сан рет жапа шектім.

Ресторандағы «қарыз» дауы

Бір күні әйеліммен ресторанда отыр едім, залдың анадай мүйісінен даяшы қыз жетіп келді. Келген бойы өрескел сөз айтып, жер-жебіріме жетті:

«Мен сені мұртыңнан танимын»

— Сағат тастап, несиеге арақ ішуді білесіңдер, ә! Ал ақшасын уақтылы төлемейсіңдер. Ұяттарың бар ма? Кәне, ақшаңды төлеп, сағатыңды ал. Он бір мәнат бересің. Бол, жылдам!

Әйелім бетіме бажырая қарады. Мұртқа қатысты хикаяға ысылған мен зәредей саспадым, мұртымнан күліп: — Бикеш, сіз қателесіп тұрған боларсыз? — дедім.

— Жалтармай-ақ қой, шырағым. Мен сені мұртыңнан танимын. Қасыңда бір сұлу келіншек бар еді — оны да білемін.

Осы сөзден кейін жұбайымның көзі шақшиып, қабағы түйілді. Даяшы қыз болса «бол, болдың» астына алып, тіпті: — Милиционер шақырайын ба, жоқ жақсылықпен… — деді.

Дәл сол сәтте мұрты бар бір бөтен жігіт даяшының иығын қаққылап, міңгірлеп әлдене айтты. Әмиянын шығарып, ақшасын төлей бастады. Даяшы маған бұрылып: «Кешіріңіз» — деп тайып тұрды. «Кешіріңізі» бар болсын: екі ортада айрандай ұйып отырған отбасының шырқын бұза жаздады.

Қараңғыдағы масқара

Демалыс күні бір мектептес досыммен көшеде жолығып, қоярда қоймай үйіне ертіп апарды. Зайыбымен таныстырды, бойжеткен балдызымен таныстырды. Балдызы — сүйкімді, сыбатты қыз екен. Ұзын сөздің қысқасы: бір жұтым қаймақтай. Әсіресе тамағының астындағы меңі ұнады.

Бір сәттік «қателік»

Ішімдік ортайған сайын біз де «молайып» барамыз. Досым шылымын тұтатып, күлін рюмкаға қағып, қызара бөртіп отырды да, аздан соң қорылға басты.

Бір мезетте шам сөніп қалды. Мен сүйретіліп асханаға қарай беттедім. Қыздың қолынан ұстап, өзіме тарта қойдым — үндемейді. «Меңі осы тұста болар» деп тамағынан иіскедім — бүлк етпейді. Белінен қапсыра құшақтадым — мыңқ етер емес.

«Қонағыңнан ұялсайшы…» — деп қымсына сөйлегеніне де мән бермедім. Албыраған ернінен сүйіп-сүйіп алдым. Сол сәтте көзім жарқ етіп, алақаныммен басып отыра кеттім: разряды бар тоқтың соққысы екен…

Шам қайта жанды. Қарсы алдымда екі білегін сыбанып, сұсты бір әйел тұр. Мә саған безгелдек: мен «қыз» дегенім — досымның келіншегі болып шықты. Қараңғыда ол мені өз күйеуі деп ойлап қалған екен. (Ал досым — жып-жылмақай көсе болатын.)

Міне, тағы да мұрт «бүлдірді». Қап, өзіме де обал жоқ: сүйіп нем бар еді?! Бұл не деген масқара?! Естіген елден ұят… «Қой, бүйтіп жан баға алмаспын. Әр талы алтын болса да, құрып кеткір осы мұрттан құтылайын!» — деп өз-өзіме серт бердім.

Управдом және соңғы тамшы

Үйге қарай келе жатсам, алдымнан қасқа бас управдом шықты. Саусағымен портфелін барабандатып, көзін қыбыжықтатып, барқылдап сөйлей жөнелді:

«Ата сақалыңыз аузыңызға түскенше…»

— Тәшімов жолдас, бұл қалай? Пәтерақы төленбеген. Газ, радио, жарық… төленбеген… тағы не еді, құдай-ау?.. Сіздің мұныңыз — барып тұрған қылмыс емес пе?! Суатты, салауатты азаматсыз, аздап ұялу керек қой адам деген. Ата сақалыңыз аузыңызға түскенше…

«Ойбай, тағы да мұрт мәселесі!..» — дедім ішімнен. Қой, болмас: айдың аманында осы пәледен құтылайын.

Ұстараның үкімі

Ашу қысып, асығып-үсігіп үйге кірдім. Апыл-ғұпыл шешініп, қолыма қылшылдаған өткір ұстараны алдым да, сақал-мұртымды сабындап, айна алдына отыра кеттім.

Жұбайдың талғамы

Сол кезде әлеміш-құламыш атлас халатын шұбалтып, төргі бөлмеден жұбайым шықты, паңдана басып:

— Нұрланчик, сен білесің бе мұртты қалай қию керек? Мен бүгін бір етікші жас армянинді көрдім, мұрты — просто, изумительный! Қарлығаштың құйрығындай… Жо-жоқ, лайнердің қанатындай! Просто прелесть! Ал сенікі — ауылный. Бабайлардың мойлауындай. Аздап қысқартшы, чуть-чуть. Өтінем…

Қайран зайыбымның өтініші далаға кетті: әй-шәйге қарамай бет-аузымды сабындатып, әп сәтте сақал-мұртымды жайпап салдым. Екі-үш минуттан соң мұнтаздай болып шыға келдім.

Финал

Жұбайым қайта оралып, мені көргенде көзі шарасынан шығып кетті:

— Ужас… ужас! Ффу!..

Ол ес-түсінен айырылып, диванға сұлқ құлады. Мен, әрине, телефонға жармасып:

— Алло, алло!.. Жедел жәрдем бе?.. Ойбай, тез жетіңіздер, әйелім талып қалды! — дедім.

Сонымен не керек, мұрт мәселесі осылайша біржола тынды.