Мәтіннің кейіпкерлерін ата

Құрметті мұғалім!

Бұл тапсырмалар жинағы білім беру мазмұнын жаңарту аясында мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсету мақсатында әзірленді. Жинақ – мұғалімдердің ұжымдық еңбегінің нәтижесі.

Бағалау критерийлері мен дескрипторлары бар тапсырмалар қалыптастырушы бағалауды жүргізуге, сабақты жоспарлауға, ұқсас тапсырмаларды құрастыруға және іріктеуге, оқу мақсатына жетуге бағытталған сындарлы кері байланыс беруге көмектесетін үлгі болып табылады.

Жинақ ұсыныстық сипатта берілген. Бұл сізге білім алушылардың қажеттілігі мен мүмкіндігін ескере отырып, тапсырмаларға толықтырулар мен өзгерістер енгізуге, сондай-ақ бейімдеуге мүмкіндік береді.

Қосымша материалдарды (нұсқаулықтар, таныстырылымдар, жоспарлар және т.б.), форумдағы талқылауларды және бейненұсқаулықтарды Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ-ның smk.edu ресми сайтынан таба аласыз.

Жемісті жұмыс пен шығармашылық табыс тілейміз!

Мақсатты аудитория

Жинақ негізгі мектеп мұғалімдеріне, әдіскерлерге, критериалды бағалау бойынша өңірлік және мектеп үйлестірушілеріне, сондай-ақ басқа да мүдделі тұлғаларға арналған.

Дереккөздер

Жинақты дайындау барысында ресурстар (суреттер, мәтіндер, бейне және аудио материалдар және т.б.) қолжетімді ресми интернет-сайттардан алынды.

Ескерту

Жинақ коммерциялық емес мақсатта құрастырылған.

Мазмұны

1-тоқсан

  • Тыңдалым және айтылым
  • Оқылым
  • Жазылым

2-тоқсан

  • Тыңдалым және айтылым
  • Оқылым
  • Жазылым

3-тоқсан

  • Тыңдалым және айтылым
  • Оқылым
  • Жазылым

4-тоқсан

  • Тыңдалым және айтылым
  • Оқылым
  • Жазылым

1-тоқсан: Тыңдалым және айтылым

3-сынып • Қалыптастырушы бағалау тапсырмалары

Бөлімше 1.1. Шығарманың мазмұнын түсіну

Оқу мақсаты: 3.1.1.1 Ойлау дағдысы: қолдану

Мәтін

Жаз өтіп, күз түсті. Ауа райы бұзыла бастады. Күн салқындап, жиі-жиі жаңбыр жауады. Ағаштардың жапырақтары сарғайды. Қырдағы жайқалған көк майса сары далаға айналды. Құстардың соңғы легі жылы жаққа ұшып барады. Жәндіктер де көрінбейді. Астық та сап-сары болып пісіп тұр. Адамдар еккен егіндерін жинап алып жатыр. Сондықтан бұл мезгілді халық «алтын күз» деп атайды.

Бағалау критерийі

  • Мәтін бойынша ашық сұрақтар қояды және жауап береді.

Дескриптор

  • Мәтіннен кестеге сәйкес ақпаратты анықтайды.
  • Мәтін мазмұны бойынша ашық сұрақтар құрастырады.
  • Қойылған сұрақтарға мазмұнға сай жауап береді.

Тапсырма

  1. 1.Мәтінге сүйеніп, кестені толтыр.
  2. 2.Кестеге сүйене отырып, жұбыңа мәтін бойынша ашық сұрақтар қой және жұбыңның сұрақтарына жауап бер.
Күзгі табиғат Жан-жануарлардың күзгі тіршілігі Күзгі еңбек

Жұптық жұмыс: кестені негізге алып, «неліктен?», «қалай?», «не үшін?» сұрақтарын қолдан.

Бөлімше 1.2. Шығарманы мазмұндау

Оқу мақсаты: 3.1.2.1 Ойлау дағдысы: қолдану

Ертегі

«Арыстан күшігін асыраған мысық». Бір мысық қаңғырып жүріп, өліп жатқан арыстанға тап болады. Оның жетім қалған күшігін емізіп асырайды. Күшік өсіп, азулы аңға айналады. Бір күні ашыққан арыстан өзін асыраған мысықты жегісі келеді. Мысық ағаштың басына өрмелеп шығып кетеді. Сонда арыстан: «Мен саған ақ сүтін беріп өсірген асыраушымсың, бар ақылыңды үйреттің, ағашқа өрмелеуді неге үйретпедің?» – дейді. Мысық: «Сені кішкентайыңнан бауырыма басып өсірдім, білген айламның бәрін үйреттім. Бірақ ашқарақтығыңнан қорқып, бір өнерімді айтпай қалдым. Соның өзі ақыл болған екен», – дейді.

Бағалау критерийі

  • Мәтіннің мазмұнын өз сөзімен әңгімелейді.

Дескриптор

  • Ертегінің мазмұнын жүйелі баяндайды.
  • Сөздерді мағынасына сай орынды қолданады.
  • Сұрақтар негізінде ой қорытады.

Тапсырмалар

  • Ертегіні мұқият тыңдап, мазмұнын айтып бер.
  • Ертегінің кейіпкерлерін ата.
  • Мысықтың сөзін қалай түсіндің?
  • Ертегіден қандай ой түйдің?

Бөлімше 1.3. Шығармадағы оқиғаны болжау

Оқу мақсаты: 3.1.3.1 Ойлау дағдысы: жоғары деңгей

Мысал (үзінді)

Егінді түгел жинап алғаннан кейін бидайдың жалғыз дәні жерде қалып қояды. Қыс түспей тұрып өзіне топырақ астынан пана іздеуді ойлайды. Осы кезде қасынан өтіп бара жатқан құмырсқа дәнді көріп, олжасын илеуіне қарай домалата жөнеледі. Көп бейнетке түскен құмырсқаға бидай дәні: «Мені таста да кете бер», – дейді...

Тапсырма

  • Мысалды мұқият тыңда. Құмырсқа қандай әрекет жасайды деп ойлайсың?
  • Оқиғаны әрі қарай жалғастырып көр.
  • Жұппен құмырсқа мен бидай дәнінің диалогін жалғастырып айт.

Диалогті бастауға үлгі

Құмырсқа: Мен сені тастап кетсем, қыста азықсыз қаламын ғой. Біз көппіз.

Бидай дәні: Егер мені тастап кетсең...

Осылай әрқайсымыз бір-бірден дән апарсақ, қыста көп азық жинаймыз. Келесі жылы ... аламыз.

Дескриптор

  • Оқиғаның соңын болжап айтады.
  • Тақырыпқа сәйкес диалог құрастырады.

Бөлімше 1.4. Тыңдарманның назарын аударту

Оқу мақсаты: 3.1.4.2 Ойлау дағдысы: қолдану

Мәтін: «Кішкентай құс»

Мұқаш таңертең күшігімен үйдің сыртындағы бақшаны аралап келе жатты. Ол топ гүлдің ығында бұғып отырған балапанды көріп, тоқтай қалды. Бұл — жақында ғана ұшуға жараған бозторғайдың балапаны еді. Жаңбырдан кейін екі қанаты салбырап, дір-дір етеді. Ала күшік балапанға жүгіріп келді. Балапан қорқып, салбыраған қанатын сүйрете топ гүлді айнала қашпақ болды, бірақ жығылып қалды. Мұқаш оны жерден көтеріп алды.

Тапсырма

  • Мәтін мазмұны бойынша сурет сал немесе сәйкес суреттерді таңда.
  • Суреттерді қолданып, мәтін мазмұнын айтып бер.

Дескриптор

  • Мәтінді жүйелі мазмұндайды.
  • Әңгімелеу барысында иллюстрацияларды тиімді қолданады.

Бөлімше 1.5. Тыңдалған шығарма бойынша пікір білдіру

Оқу мақсаты: 3.1.5.1 Ойлау дағдысы: қолдану

Өлең

Көлдің беті кілегей,

Жер сап-сары бірегей.

Тырау-тырау тырналар

Түстікке бетті бұрды олар.

Қара суық жел есті,

Күннің көзі көмескі.

Бастап егін орады,

Бұл қай кезде болады?

Тапсырмалар

  • Өлеңде қай жыл мезгілі сипатталғанын белгіле: қыс, көктем, жаз, күз.
  • Сөздердің мағынасын түсіндір: кілегейлену, бірегей, түстік, көмескі.
  • Көркем сөздерді қолданып, күз мезгілін сипаттап айт.

Дескриптор

  • Өлеңде сипатталған жыл мезгілін анықтайды.
  • Берілген сөздердің мағынасын түсіндіреді.
  • Күзді сипаттауда көркем сөздерді орынды қолданады.

2-тоқсан: Тыңдалым және айтылым (үзінді)

Бөлімше 1.1. Шығарманың мазмұнын түсіну. Оқу мақсаты: 3.1.1.1 — шығарманың маңызды тұстарын анықтау үшін ашық сұрақтар қою және жауап беру. Бағалау критерийі: білім алушы мәтін бойынша ашық сұрақтар қояды және жауап береді.