Бір қоянның жалғыз көжегі бар екен
Қорқақ көжек
Бір қоянның жалғыз көжегі болыпты. Өзі сужүрек, өте қорқақ екен. Сондықтан енесі сыртқа шыққанда, үйінің есігін жауып, бекітіп кететін болыпты. Жатағында жалғыз қалған көжек бір бұрышқа тығылып, қорыққанынан қалшылдап отыруды әдет қылған.
Тоғайға бет алған күн
Бір күні енесі ұзаққа кешігіп қалады. Ашыққан көжек сыртқа шығып, тоғайға қарай беттейді. Сол кезде алдынан бір тышқан шыға келеді.
– Қайда барасың? – деп сұрайды тышқан.
Көжек не айтарын білмей, дірілдеп тұрып, жылап жібереді. Әзер тіл қатып: «Апам жоқ…» дейді. Сонда тышқан: «Мына тоғайдың ішінде жүрген шығар» деп, қорқақ көжекті әрі қарай шығарып салады.
Түлкінің айласы
Көжек бүгежеңдей басып, әрі қарай кетіп бара жатса, алдынан түлкі ұшырасады.
– Қайда барасың? – деп, түлкі де сөзге тартады.
Тышқан тиіспеген соң, бұл да жөн сілтер деп ойлаған көжек шындықты айтады: «Апама барамын».
Түлкі жылмаңдап, алдауға кіріседі: «Апаң үйіне кетіп қалды ғой» дейді. Көжек жан-жағына жалтақтап, үйінің қай жақта қалғанын ажырата алмай, жылап тұрып: «Маған үйімді көрсетіп жіберші» деп өтінеді.
Түлкінің қысқа ғана жауабы:
– Онда соңымнан ер!
Көжек бүгежеңдеп, түлкінің соңынан ілеседі. Аңқау көжекті түлкі өз үйіне ертіп әкеліп, ішке кіргізеді де есікті бекітіп тастайды.
Қауіпті сәт
– Енді ешқайда қашып құтыла алмайсың. Мен сені жеймін, – дейді де, тісін сақылдатады.
Қорыққаннан көжектің зәре-құты қалмай: – Босатшы, ағатай!.. – деп зар еңіреп жалынады.
Қасқырдың келуі және құтылу
Көжектің жалынышты үнін және түлкінің зіркілдеген дауысын естіп, түлкінің үйіне қасқыр кіріп келеді. Бүрісіп, қалшылдап тұрған көжекті көрген қасқыр түлкіге ақырады:
– Менің аш екенімді біле тұрып, көжекті неге маған сыйламадың?
Сөйтіп түлкі мен қасқыр таласып, біріне-бірі айбат шегісіп, алыса кетеді. Төбелес басталады. Дәл осы арпалыс кезінде көжек сыртқа зып беріп шығып, қаша жөнеледі.
Асқа таласқан түлкі мен қасқыр бірінің қанын бірі жалап, қала береді. Ал көжек сол сәтті пайдаланып, аман құтылады.