Қымбатты менің анашым
Анашым, сен әрдайым жанымдасың
Қымбатты менің анашым! Қайда барсам да, қандай көңіл күйде болсам да, сен менің жанымдасың. Сенімен сырласу, сенімен ақылдасу — баяғыдан-ақ менің дағдыма айналған. Жаңа киім киіп айнаға қараған сәттерімде, немесе үйде жаңа бір тәтті тағам әзірлеген кезде, сен мені сырттай бақылап, сүйсіне қарап тұрғандай сезінемін. Кейде іштей өзіммен-өзім сөйлескенде қуанышымды жасыра алмай, басымды изеп, қалайша күлімсіреп тұрғанымды өзім де байқамай қаламын.
Жүректе сақталған бір сабақ
Мен сенен қол үзіп қалғанымда, оң-солымды танымаған сәби едім. Бірақ сенің жарқын бейнең де, әсем үнің де жүрегімде кешегідей сақтаулы. Әлі есімде: көрші үйдің ауласынан әдемі гүл жұлып алып, саған әкелгенім.
Естеліктен
«Күнім менің, бұл әдемі гүл ғой. Оны жұлуға болмайды. Гүл өсіп тұрғанда ғана құлпырады, жан-жағына қуаныш сыйлайды. Есіңде болсын: дүниедегі тіршілік атаулыны жұлуға, қорлауға болмайды. Мен сенің оларды аялап, қорғағаныңды қалаймын».
Содан бері қаншама жаз, күз, көктем өтті. Сен тұтынған заттардан, үйімнің әр бұрышынан сені іздеген күндер артта қалып, мен ержетіп, есейдім. Сен сыйлаған өмірді мәнді де сәнді ету — өз қолымда екенін ұғыну маған оңай соқпады.
Өмірдің ақ-қарасы және жүректің сынағы
Өмірдің тек қуаныш пен сағыныштан тұрмайтынын түсіндім. Бала күннен бірге ойнап, бірге жүрген достарымның теріс айналған сәттерін көру — мен үшін үлкен сынақ болды. Тіпті күйзеліске салынып, бұл дүниеде жалғыз қалғандай кездерім де болды.
Алғысымның өзегі
Сол сәттерімдегі әлсіздігімді кешіріп, ішкі мұң-шерімді үнсіз тыңдағаның үшін мың алғыс айтамын, анашым. Мен енді ғана мына сөздің мәніне бойлап келемін:
Өмір деген тұрмайды қап-қарадан,
Өмір деген тұрады ақ-қарадан.
Ақ-қара екі арасын ашып өтіп,
Арымен өз бақытын тапқан — адам.
Қазір өзіме жаңа достар таптым, ескі досыммен де табыстым. Көңілімді қылау шалса, кітап оқуды, ғаламтор арқылы өз ойымды өзгелермен бөлісуді үйрендім. Өмірде жақсы адамдардың көп екенін түсіндім. Поэзияға да жиі қол созамын: ішінен өзімді де, сені де іздеймін. Бірде күлемін, бірде жылаймын.
Терезедегі жарық: ұстаз айтқан ишара
Бірде ұстазымның айтқаны есімде қалыпты:
«Сенің үйіңнің терезесі мамаң барда ерекше жарқырап тұратын. Үйдің қасынан өткенде көзге бірден түсетін, мөлдіреп тұрушы еді. Сен енді үлкен қыз болдың, сен де жарқыратып сүртіп қой: ол терезеде сенің мамаңның қолының табы бар».
Содан бері сені еске алсам, бірден терезеге қараймын. Қараймын да, қолыма сүлгіні аламын. Кейін есейе келе бұл сөздің астарында үлкен сыр, тағылым мен тәрбие жатқанын түсіндім. Көңілім құлазып, рухым жүдеп жүрген кездерімді айтпай танып, еңсемді көтеруге күш берген қайырымды жандарға да шексіз ризамын, анашым.
Сенің күнделігің және менің мақсатым
Анашым, мен сенің жалғыз тал гүлің болғандықтан ба, мені еркелетіп өсірдің. Менің ақылды да сұлу болып ержеткенімді қалағаныңды білемін. Бірде қолыма сенің күнделігің түсті. Жалпы, анам туралы көп адам айта бермейтін.
Мен таныған жаңа қырың
- Қасиетті мекен Қызылордада дүниеге келгенің.
- Арман қуып Алматыға барып, ЖенПИ-ді тәмамдағаның.
- Дос қыздарыңмен болашақты жоспарлап, үлкен үміттерге сенгенің.
Сен өткерген студенттік өмірдің қызығы мен шыжығы, сен жоспарлаған болашақ, армандар мен мұраттар — менің өміріме жаңа сілкініс әкелді. Балалық қиялым мен жастық көңілім жаңа арнаға бұрылды.
Мен алдыма мақсат қойдым: сен жоспарлаған биікке ұмтылып, сен қол созған арманды жүзеге асырсам деген талап пайда болды.
Махаббатым және өмірлік ұстанымым
Анашым, мен сені өмір бойы сүйіп өтемін! Маған ең мейірімді де қамқор әке сыйлағаның үшін, мені ешқашан жалғыз қалдырмағаның үшін, мені өмірге әкелгенің үшін ризамын.
Өмір деген тұрады таң мен кештен,
Ғұмырлы екі араны жанмен кешкен.
Құпия, сырлы жұмбақ дүниеге
Адамдар арман келіп, арман кеткен.
Осы — менің ендігі өмірдегі кредом.
Соңғы сөз емес — мәңгілік тіл қату
Іштей айтқан диалог
Мен: «Сен мені осы жолда қорғайсың ба, қолдайсың ба?»
Анам: «Әрине, жарығым! Сен қандай мамандықты таңдасаң да, мен сенің Адам болғаныңды, білікті маман болғаныңды көргім келеді. Ешқашан ұмытпа: мен сенімен біргемін».
Анашым, сен маған өмір сыйладың, мейірім мен махаббат, үміт пен арман сыйладың. Мен ол сезімдерді өмір бойы аялап өтемін. Анашым…