Сәнді колхоз селосының кірпішін қалаушы, озат колхозшы

Төменгі Сарытауқұмды мекен еткен Балташтың кәсібі — киіз үйдің ағаш сүйегін жону еді. Ол колхозға барғысы келмей, кежегесі кейін тартып жүрді. Тіпті туған-туыстарының бәрі колхозға көшіп кетсе де, Балташтың райы қайтпады. «Жалғыз үй болып-ақ күн көрермін» деп ойлады.

Бірақ Балташ пен зайыбы Ұмтылғанның ойы бір жерден шықпады. Таңертең Балташ белін буып, жеңін сыбанып, ешкіталдан үйағаш кесуге тоғайға асықты. Үйде жалғыз қалған Ұмтылған бірер сағат үй ішінің күйбеңін бітірген соң, іші пысып отыра алмады: сырласатын абысын-ажынның бәрі колхозға кетіп қалған.

Істеуге жұмысы жоқ, сап-сау адамға күннің батуы қандай қиын! Ұмтылған кейде сыртынан Балташпен ұрысқандай болады, кейде дақ төбеге телміріп, батпай қойған көктемнің ұзақ күнімен «айтысады». Жападан-жалғыз қалғанын күннен көрейін десе, сол күннің астындағы жұрттың бәрі колхозға мүше болуға көшіп кеткен.

Балташ кешке дейін толарсақтан саз кешіп, ешкіталдан екі үйдің ағашын дайындап, қалжырап үйіне қайтты. Үйге келсе, дайын тамақ жоқ. Әйелі ұйықтап жатыр. Оятып алғаннан кейін де Ұмтылған ас қамына кіріспей, қарысып үнсіз отырды.

Екіұдай тірлік, екі түрлі қажу

— Адам шаршап, қарны ашып келсе, қарап отырып, мұның не? — деді Балташ зіл тастап.

— Сен күшіңді жұмсап қажысаң, мен жанымды жеп қажыдым, — деді Ұмтылған.

— Саған не болды, қараптан-қарап отырып? — деді Балташ.

— Жалғыз жүріп жол тапқанымыз бар болсын. Көптен бөлек қалдық, көмусіз қалып жүрмейік, — деді Ұмтылған.

— Айтқалы отырғаныңды жорамалдадым. Оның бола қоймас. Қашан жер тамырын сорып күн көріп едік... — деді Балташ.

— Тірі болсақ елмен бір төбеде, өлсек бір шұқырда болғанымыз жақсы емес пе? Келіспесең, мен де келіспеймін. Менің де саған тамақ істеп берер халім жоқ, — деді Ұмтылған.

Таңертең Балташ қисайған күйімен үйден шықты, Ұмтылған теріс қараған қалпымен қала берді. Балташтың ойы — екі үйдің ағашын сатып қайту. Осы мақсатпен ол колхозға біріккендерге барды.

Колхоз ішіндегі сөз

— Иә, жөніңді айт, — деді колхоз бригадирі, коммунист Екпіндиев.

— Екі киіз үйдің сүйегін жасап қойып едім. Соған алушы іздеп жүрмін, — деді Балташ.

— Е, сенің ойың әлі сол ма еді? Колхоздан қашып, ізіңе ерген досың Байтөбет бай алмаса, басқаға керегі бола қояр ма екен?! — деді бригадир.

— Байтөбеттің баласы отау тігіп шыққанда жылуға қосарсың, — деді тағы бір колхозшы.

Үйге келе сала Балташ әңгіменің бәрін жасырмай айтты. Колхозшылардың әбден жеріне жетіп келекелегенін де жеткізді. Балташ үнсіз қалды. Оның жібінің босап қалғанын байқаған Ұмтылған колхозға көшуді тағы алға тартты. Ақыры екеуі колхозға көшті.

Көшкен күн: нанның дәмі, сөздің салмағы

Көршісі Балташты тамаққа шақырды. Қарны ашқан кісіге тамақ балдай көрінеді. Кешеден бері нәр татпай, кенезесі кепкен Балташ алды-артына қарамай, тоя ішті.

— Тойып кеткенімші! — деді ол көршісіне қарап.

— Тойғаныңның алды осы. Көпшілік бар жерде колхоз бар, колхоз бар жерде береке бар! — деді көршісі.

Ұмтылған ертеңінде-ақ егіс даласына жұмысқа кетті. Ал Балташ көшіп келгенімен, не істерін білмей, екі ойлы күйде бос теңселіп жүрді. Колхозға тапсырған күрең атын соқаға жеккенде, денесі тітіреп кетті. Киіз үйден кірпіш үйге көшу де оған оңай соқпады: алғашында қипаңдап, жоқтан өзгені сылтауратты.

Күзге қарай Ұмтылған табандап жүріп, стандартты үйге кірді. Содан бастап Балташ та икемге келе бастады. Ұмтылған колхозға келген күннен-ақ екпін танытып, колхоз басқармасына мүшелікке сайланды. Балташ әуелде: «Жиналысқа барамын дегенді тағы қайдан шығардың?» деп қарсы болғанымен, кейін оны да қойды.

Өзгерістің беталысы

Уақыт өте Балташтың өзі де нағыз екпіндінің біріне айналды. Ауыл кеңесіне мүше болып сайланған соң, жиналыстың алдын бермейтіндердің қатарынан табылды: колхоз шаруашылығын жақсартудың шараларын айтып, ұзақ-ұзақ сөз сөйледі.

Жаңа жыл түні. Балташ пен Ұмтылған сағаттың соғуын күтіп отыр. Қазір Балташ киіз үйдің сүйегін жонушы емес — колхоздың кірпіш зауытындағы шебер. Сәнді колхоз селосының кірпішін қалаушы, озат колхозшы. Ал Ұмтылған — қызылшадан мол өнім алған Социалистік Еңбек Ері.

Өткен күн еске түскенде

Балташтың баяғысы есіне түскенде, Ұмтылғанның күлкісі келеді. Ал Балташ болса, сол бір өткен күндер үшін қатты ұялады.

1953

Балғабек Қыдырбекұлының «Өткен күн еске түскенде» әңгімесінен