Тәуелсіздік жолында
Мақсаты
- Оқушыларды қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ерлік күресімен және қол жеткен жетістіктерімен қысқаша таныстыру.
- Қаншама құрбандықпен келген тәуелсіздікті құрметтеуге, қастерлеуге тәрбиелеу; Қазақстанның келешегі үшін аянбай күресуге және еңбек етуге баулу.
- Патриоттық тәрбие беру.
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру кезеңі
Музыкалық сәлемдесу, сабаққа әзірлік.
Кіріспе сөз
Бүгінгі ашық сабағымыз 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналады. Тақырыбымыз: «Тәуелсіз елім – тірегім». Сабақты мемлекеттік Әнұранмен бастаймыз.
Тәуелсіздік, еркіндік – ежелден ел тілегі. Тәуелсіздік халқымыздың бостандығы мен дербес даму жолындағы сан ғасырлық күресінің тарихи нәтижесі.
Тарихи шолу: тәуелсіздік жолындағы күрес
XV ғасырдың ортасында Әбілхайыр хандығы құрамынан бөлініп шыққан қазақ тайпалары Керей мен Жәнібек сұлтандардың басқаруымен дербес Қазақ хандығын құрды.
Ұлан-байтақ жерге жан-жақтан көз тігіп, ойран салушылар көбейді. Ең қатерлі кезеңдердің бірі — XVI–XVIII ғасырлардағы жоңғар шапқыншылығы.
«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама»
1723 жылы жоңғар-қалмақ әскерлері тұтқиылдан шабуыл жасап, елді қан жылатты. Дүрліккен жұрт үдере көшіп, дүние-мүлік пен малын тастап, босып кетті. Бұл нәубет тарихта «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен қалды.
Дерек ретінде кең тараған мәлімет: осы кезеңде 1 миллионға жуық адам, яғни халықтың шамамен 40%-ы қырылды.
Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ұйытқы болуымен, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақұлы Жәнібек, Баян батыр, Көкжал Барақ секілді ерлер Абылай ханның ақ туының астына жұртты біріктіріп, елді жоңғар шапқыншылығынан азат етті.
XVIII ғасырда қауіп тек жоңғардан ғана төнген жоқ: оңтүстіктен Хиуа, Қоқан, Бұқар хандықтары көз алартты; батыс пен солтүстікте қалмақтар, башқұрттар, казак-орыстардың шапқыншылықтары жиіледі.
Отаршылдыққа қарсы көтерілістер
Елді аман сақтап қалудың ауыр таңдауымен Әбілқайыр бастаған сұлтандар, билер мен батырлардың бір бөлігі Ресей империясының құрамына кіре бастады. Осыдан кейін тәуелсіздіктен айырылу үдерісі күшейді. Отаршылдық және орыстандыру саясатына қарсы халық сан мәрте ұлт-азаттық көтеріліске шықты.
- 1783–1797 — Сырым Датұлы бастаған көтеріліс
- 1836–1838 — Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы
- 1837–1847 — Кенесары Қасымұлы
- 1840–1850 жж. — Жанқожа батыр қозғалысы (Хиуа, Қоқан езгісіне қарсы)
- 1870 — Маңғыстау қазақтарының көтерілісі
- 1916 — ұлт-азаттық көтеріліс
Зобалаң жылдар
1917 жылғы Ақпан және Қазан төңкерістерінен кейінгі аласапыран, азамат соғысы жылдарында шаруашылық күйзеліп, ашаршылық күшейді. Мәліметтер бойынша, сол кезеңде 950 мыңға жуық қазақ (шамамен 19%) қаза тапты, 400 мың отбасы елден көшуге мәжбүр болды.
1930–1932 жылдардағы ашаршылықта 2,1 млн қазақ қырылды деген дерек айтылады.
1937–1938 жылдардағы репрессияда мыңдаған зиялы қауым өкілдері қуғын-сүргінге ұшырады: қамалғандар саны 105 мыңға жетіп, 27 мыңнан астамы атылды деген мәлімет бар.
Желтоқсан жаңғырығы
1986 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы пленумында Дінмұхамет Ахметұлы Қонаев қызметінен алынып, сырттан келген Геннадий Колбин тағайындалды. Бұл шешім қоғамда наразылық туғызып, әйгілі Желтоқсан оқиғасына ұласты.
Лесбек Омаровтың толғауынан (үзінді)
Қасқалдақ ұшып көлінен, Шүрегей келіп қонған күн.
Қыранды қуып көгінен, Қарғалар билік алған күн.
Нашақор деп, ұлтшыл деп, Қазаққа күйе жаққан күн.
Қақаған күннің ызғары, Сүйектен өтіп кеткен күн.
Қаракөз қазақ қыздарын ОМОН-дар бастан тепкен күн.
Озбырлық күшпен тұншығып, Үміттің оты өшкен күн.
Жанына таппай бір дауа, Ер қайрат қыршын кеткен күн.
Қуғын-сүргін және ақталу
Желтоқсан оқиғасына қатысы бар деген жалған айыппен 99 адам сотталды. 264 адам жоғары оқу орындарынан, 758 адам комсомолдан, 52 адам партия қатарынан шығарылып, түрлі жазаларға ұшырады. Кейін 16–17 желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін жазаланған азаматтар Президент жарлығымен ақталды.
Ерлік есімі — ел есінде
Бүгінгі тәуелсіз таңның шапағы — Қайрат, Ләззат, Ербол, Сәбира секілді қайсар жастардың ерлігімен астасады.
Қайрат Рысқұлбековтің «Ақтық сөзі» (үзінді)
«Ақтық сөзің не?» — деген, бүгін қойды сот сұрақ.
Айтайын оны халқыма, жоқ пиғыл менде жасымақ.
Туған жердің намысы бөтен қолда кетпесін.
Барлық ұлтпен тең болып, ешкімнен көңіл қалмасын.
Ендігі жерде басыңнан бірлік пен бақ таймасын.
Мойныма алып жаланы, мен болайын құрбаның.
Желтоқсан оқиғасы — ХХ ғасырдағы ірі тарихи белестердің бірі. Ол тоталитарлық-коммунистік жүйенің іргесін сөгіп қана қоймай, тәуелді болған көптеген елдердің егемендікке ұмтылысын күшейткен саяси-әлеуметтік құбылысқа айналды. 1986 жылғы желтоқсанда төгілген жас қанымен бүгінгі тәуелсіздігіміздің алғашқы парағы жазылды.
Тәуелсіздік туралы поэзиялық толғаныс
Үзінділер
Тәуелсіздік — бабалардың ұраны, бейуақытта бойға таққан тұмары.
Тәуелсіздік — түнектерде тұншығып, ызғар ұрып, жанбай қалған шырағы.
Тәуелсіздік түсті деме оңайға: бастан өткен Ақтабанды ойла.
Дербестігін аңсаған ел қанын төкті — талай батыр, талай аға құрбан болды.
Жұбан Молдағалиевтен (үзінді)
Мен — қазақпын, мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тіліммен.
Жылағанда жүрегім — күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
Мен — қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім — мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім!
Б.Тілеухановтың орындауындағы ән: «Қазағым менің».
Тәуелсіз Қазақстан: негізгі жетістіктер
Тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейінгі қысқа уақыттың өзінде еліміз маңызды белестерден өтті. Төменде сол кезеңнің негізгі оқиғалары жинақталды.
1990
25 қазан — Қазақ КСР-інің егемендігі туралы Декларация қабылданды.
1991
- 29 тамыз — Семей ядролық полигоны жабылды.
- 2 қазан — тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты.
- 1 желтоқсан — тұңғыш Президент сайланды.
- 16 желтоқсан — ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заң қабылданды.
1992
- 2 наурыз — Қазақстан БҰҰ-ға мүше болды.
- 7 мамыр — ҚР Қарулы Күштері құрылды.
- 4 маусым — мемлекеттік рәміздер қабылданды.
1993
- 28 қаңтар — алғашқы Конституция қабылданды.
- 15 қараша — ұлттық валюта Теңге айналымға енді.
1995–1996
- 30 тамыз 1995 — жаңа Конституция қабылданды.
- 1996 — Алматыда Тәуелсіздік монументі ашылды.
1997–1998
- 10 желтоқсан 1997 — Ақмола Қазақстанның астанасы болып жарияланды.
- 1998 — Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді.
Егемен ел туралы түйін
Қазақстан — сан ғасырлық тарихы бар азат ел. Көк байрақ, елтаңба, Әнұран — елдігіміздің нышаны. Тәуелсіздікті алтынымыздай ардақтап, асылымыздай бағалап, қымбатымыздай құрметтей білейік.
Қорытынды сөз
Тәуелсіздік үшін мың өліп, мың тірілген қазақ елі, құдай қаласа, гүлденіп, мәңгі жасай бермек. Елтаңбамыз айбынды, Әнұранымыз әуезді, асқақ бола берсін. Қасиетті көк байрағымыз көкте қалықтап, мәңгі желбіресін.
Сабақтың мәнді, мағыналы өтуіне бар білімін және күш-жігерін салған оқушыларға алғыс айтамыз. Қонақ болып келген ұстаздарға да уақыт бөліп, көңіл қойғандары үшін зор ризашылығымызды білдіреміз.
Аяқталуы
Сабақ әдеттегідей музыкалық қоштасумен аяқталады. Сау болыңдар, балалар!
Дереккөз: http://wwwsabak818-sabak_16.html