День победы
Тәуелсіз елдің Жас Ұланы болу — жауапкершілік
Алтын күмбезді көгімізде қыран құсты байрағы желбіреген, айбарлы әнұраны асқақтаған даңқты Қазақстанымның Жас Ұланы екенімді мақтан тұтамын.
Тарихтың телегей-теңіз жылдарында халқымыз бодандықты бастан кешіріп, сұм соғыстың тауқыметін тартып, сан түрлі саясаттың қыспағын көрді. Соған қарамастан, туған еліміз мойымай, әлем картасынан ойып тұрып орын алған, керегесі мықты Қазақстан деген мемлекетке айналды.
Өзегімдегі сенім
Қазақ елі — қайсар да батыл, айбатты да асқақ елдердің бірі. Ырысы мен ынтымағы, берекесі мен бірлігі жарасқан осындай еңселі елдің ұланы екенімді мақтаныш етемін.
Ата-баба аманаты
Ата-бабамның қажыр-қайсарлығынан қуат аламын, өрелі сөздерінен өнеге түйемін, тағылымды тәрбиесінен тәлім үйренемін. Батылдығынан бойыма жігер жинап, керегесі мықты қазақ елінің ұлтжанды қыраны болуға талпынамын.
Болашақтың іргесін біз секілді Жас Ұландар қалаcақ, қазақ елінің абыройын асқақтатар күш те, үміт те арта түсері анық.
Салтанатты қабылдау және ант
Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы аясында өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында құрылған «Бірыңғай Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының үшінші толқынына мектебіміздің түрлі интеллектуалдық байқаулар мен спорт жарыстарының жеңімпаздары, сынып көшбасшылары қатарынан көптеген оқушылар салтанатты түрде қабылдандық.
Анттың өзегі
- Туған жер мен елді мақтан тұту
- Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу
- Білімге табандылықпен ұмтылу
Қатысқан тұлғалар
Салтанатты шараға қоғам қайраткерлері, ардагер ұстаздар және мектеп әкімшілігі қатысып, жас ұрпаққа жүрекжарды лебіздерін білдірді. Ұйымның төсбелгісі тағылып, галстук байланды.
Қызмет пен белсенділік
Бүгінде ұйым жетекшісінің ұйымдастыруымен өтетін мектепішілік түрлі шараларға, сенбіліктер мен кездесулерге, қайырымдылық акцияларына белсене қатысамыз. Жұдырықтай жүрегіміздің түбіндегі Отанға деген асқақ сүйіспеншілік бізді алға жетелеп, әрдайым: «Өз еліңнің патриот ұланы бол!» деп дем береді.
Үндеу
Арына жанын садаға еткен өр қазақтың намысты ұрпағы екенімізді ұмытпайық. Айбынды бабалардың рухын өшірмей, даңқты тарихымызды сақтайық!
Мен — қырандай қарыштаған, егемен еліміздің еңселі байрағын ұшы-қиыры жоқ көгімізде нық көтеруге ұмтылған Тәуелсіз елдің Жас Ұланымын.
Автор туралы
Мүсілім Ақмаржан — Орал қалалық №40 жалпы білім беретін мектебінің 11-сынып оқушысы, «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының мүшесі.