Асыл тектім
Сот тергеушісінің алдында үстінде шұбар көйлегі, бұтында қырық құрау дамбалы бар, телтиген, ересен арық мұжық тұр. Шешек шұқырайтқан, түк басқан бұйра жүзінің үстінде салбыраған қалың қас бар; соның астынан әрең көрінген көздерінен тұнжыраған, сұсты мінез сезіледі. Ұйысып, көптен таралмаған шашы бөріктей болып, түріне бұрынғыдан бетер өрмекшіше суық қаталдық беріп тұрғандай. Өзі жалаңаяқ.
Тергеу басталуы
Тергеуші: — Денис Григорьев! Берігірек кел де, менің сұрақтарыма жауап бер. Шілденің жетісі күні таңертең теміржол қарауылшысы Иван Семенов Акинфов 141-шақырымда жолмен келе жатып, рельсті шпалға бекітетін гайканы суырып алып жатқан жеріңде сені ұстап алды. Сол гайка мынау, міне!.. Сені ұстағанда әлгі гайка бойыңнан табылды. Осылай болды ма?
Денис: — Немене?
Тергеуші: — Акинфовтың айтқанындай, бәрі дәл солай болды ма?
Денис: — Иә, болды.
Тергеуші: — Жақсы. Ал енді гайканы не үшін суырдың?
Денис: — Немене?
Тергеуші: — «Неменеңді» қоя тұр. Сұраққа жауап бер: гайканы не үшін суырдың?
Денис: — Зәрулік болмаса, суырмас та едім, — дейді Денис қарлығып, төбеге көзінің қиығымен қарап.
«Салдауыр» деген не?
Денистің түсінігі
Тергеуші: — Бұл гайка саған не үшін керек болды?
Денис: — Гайкадан біз салдауыр жасаймыз...
Тергеуші: — «Біз» деген кім?
Денис: — Біз өзіміз, халық... яғни Климов мұжықтары.
Тергеушінің күдігі
Тергеуші: — Бері қара, інім. Өзіңді өп-өтірік есуас қылып көрсетпей, жөн сөйле. Бұл арада салдауыр деп өтірік айтатын түк те жоқ!
Денис: — Өмірі өтірік айтпаған басым, осы жерде айта қояйын ба... Салдауырсыз бола ма, асыл тектім? Шанышқыны немесе құртты қармаққа ілсең, салдауырсыз су түбіне бата ма? Егер су бетінде қалқып жүрсе, қармағыңнан шайтан да шықпайды!
Маңызды түйін
Денис үшін гайка — жай ғана балық аулауға қажетті салмақ. Ол өз әрекетін теміржолға қауіп төндіру деп емес, тұрмыстық қажет деп түсінеді.
Қауіп туралы түсінік қақтығысы
Тергеуші: — Сонда сен гайканы салдауыр жасау үшін ағытып алдым дейсің ғой?
Денис: — Әрине. Асық атып ойнау үшін емес қой!
Тергеуші: — Салдауырға қорғасын, оқ, шеге алсаң да болатын еді ғой...
Денис: — Қорғасынды жолдан тауып ала алмайсың, сатып алу керек. Ал шеге жарамайды. Гайкадан абзалы жоқ: әрі ауыр, әрі тесігі бар.
Тергеуші: — Мұның немен аяқталатынын шынымен түсінбейсің бе? Қарауылшы көрмей қалса, пойыз рельстен тайып, жұрт қырылатын еді! Жұртты қырар едің!
Денис: — Құдай сақтасын, асыл тектім! Неге қырайын? Кісі өлтіру түгілі, ондай ой басыма кіріп көрген емес...
Тергеуші: — Сеніңше, пойыз неге құлайды? Екі-үш гайканы ағытып алсаң — құлағаны сол!
Денис: — Е, қойыңызшы! Біздің қыстақ неше жылдан бері гайка суырып келеді, құдай сақтап жүр. Рельсті суырып әкетсең немесе жолға көлденең бөрене қойсаң — бәлки, аударып тастар еді. Ал енді... тфу! гайка!
Тергеуші: — Рельстің шпалға гайкамен бекітілетінін түсінсеңші!
Денис: — Оны біз түсінеміз... Өйткені бәрін бірдей суырмаймыз ғой, қалдырамыз... Ақылға салмай істемейміз...
Айғақтар және тағы бір гайка
Денис есінеді де, аузын шоқындырып қояды. Тергеуші сумаңдатып жазып отырады.
Тергеуші: — Үйіңді тінткенде тағы бір гайка табылды. Оны қай жерде, қашан ағытып алып жүрсің?
Денис: — Қызыл сандықтың астында жатқан гайканы айтасыз ба?
Тергеуші: — Қай жерде жатқанын қой. Қашан ағытып алдың?
Денис: — Оны мен ағытқаным жоқ. Оны маған қыли Семеннің баласы Игнаш берген. Ал ауладағы шанада жатқанын Митрофан екеуміз ағытқанбыз.
Тергеуші: — Қай Митрофан?
Денис: — Петров Митрофан. Ау жасап, мырзаларға сатып жүреді. Оған қыруар гайка керек: ау басына он-оннан санаңыз...
Заң тілі және үкімге жақындау
Тергеуші: — Жазалау жайындағы заңдар жинағының 1081-бабы былай дейді: теміржолға қасақана келтірген әрбір зияны үшін, егер ол сол жолмен келе жатқан көлікті қауіп-қатерге ұрындырарлықтай болып әрі соның салдарынан бәле-жала туатынын айыпты адам білген болса... түсініп тұрсың ба? Білдің ғой! Мұның немен аяқталатынын сенің білмеуің мүмкін емес... онда азапты ауыр жұмысқа жер аудару жазасы кесіледі.
Денис: — Сіз, әрине, дұрысырақ білесіз... Біз қараңғы жұртпыз ғой, не ұға қоямыз?
Тергеуші: — Ұғасың! Сен әдейі істеп, өтірік айтып тұрсың!
Денис: — Неге өтірік айтайын? Нанбасаңыз, қыстақтағы жұрттан сұраңыз... Салдауырсыз шабақ ұстамайсың; тек уклейка ілігуі мүмкін, оның өзі де оңай емес.
Тергеуші (жымиып): — Шилишпер туралы тағы айта түсші!
Денис: — Бізде шилишпер өспейді... Қалқыманы салдауырсыз су бетіне қоямыз, сүген келіп қалса — бірақ ол да некен-саяқ...
Тергеуші: — Қой, үніңді өшір.
Тұтқындау
Тым-тырыс. Денис салмағын бір аяғынан бір аяғына ауыстырып, жасыл шұға жабылған үстелге қарайды да, қарсы алдынан шұға емес, бейнебір күнге тура қарап тұрғандай, көзін қатты-қатты жыпылықтата береді. Тергеуші жаза береді.
Денис: — Жүре берейін бе?
Тергеуші: — Жоқ. Мен сені тұтқынға алып, түрмеге жөнелтуге тиіспін.
Денис жыпылықтағанын қояды да, қалың қасын керіп, чиновникке сыр тарта қарайды.
Денис: — Яғни, қалайша түрмеге, асыл тектім? Менің мұрша жоқ: жәрмеңкеге баруым керек еді, Егордан үш сом алмақпын...
Тергеуші: — Үніңді өшір, бөгеме.
Денис: — Түрмеге... Жазығым болса барар едім-ау, ал енді бүйтіп... Не жазығым бар? Ұрлық қылған жоқпын, төбелескен де жоқпын... Егер салық борышы деп күмәндансаңыз, старостаның сөзі өтірік екенін ант ішіп айтам... Біз үшеуміз ағайындымыз: Кузьма Григорьев, Егор Григорьев және мен — Денис Григорьев...
Тергеуші: — Сен мені бөгей бердің... Әй, Семен! Әкетіңдер мынаны!
Денисті екі солдат ортаға алып, камерадан әкетіп бара жатқанда, ол міңгірлей сөйлейді: «Біз өзіміз үш ағайындымыз... Інісі ағасы үшін жауапты емес... Кузьма төлемесе, Денис келіп жауап берсін дей ме... Судьялар! Байбатша-генерал марқұм өліп кетті ғой, әйтпегенде сен сықылды судьяларға көрсетер еді... Соттасаң бекерге емес, біліп сотта... Тіпті дүре соқсаң да, ар-ұятқа қарап, адалына жығып соқ...»
1885
Аударған: Ж. Ысмағұлов