Құттықтап аналарды мерекемен
Мерекелік кештің көрінісі
Зал іші мерекеге сай әсем безендірілген. Көңіл күйді көтеретін нәзік әуен ойнап тұрады. Кештің тақырыбы — «Көрікті көктем аруы».
Мақсаты мен міндеттері
- Білімділік
- Қыз балалардың жан дүниесіндегі көркемдік талғамын қалыптастыру.
- Дамытушылық
- Балалардың танымдық және шығармашылық қабілетін, эстетикалық талғамын, шеберлігін дамыту.
- Тәрбиелік
- Көпшілік алдында өзін-өзі ұстай білуге, әдептілікке, мейірімділікке, сұлулықты бағалауға тәрбиелеу.
Жүргізушінің құттықтауы
Армысыздар, құрметті әріптестер, аяулы ата-аналар, көрікті қыздар! Көктемнің алғашқы мерекесі — 8 Наурыз құтты болсын!
Өмірдің иесі сен ғана, ғазиз ана,
Келтірген дүниеге нелер дана.
Анасыз батыр да жоқ, ақын да жоқ,
Өмірдің алтын кілті — сонда ғана.
Бүгін ортаңғы топ бүлдіршіндерінің «Көрікті көктем аруы» атты қыз сыны сайысына қош келдіңіздер!
Әділқазылар және сайыс құрылымы
Өнерпаздар өнерін салыстырып, әділдікті қолдайтын баға беру үшін әділқазылар алқасы таныстырылады. Сайыс 5 бөлімнен тұрады:
-
1) Таныстыру
Арулар өзін таныстырады. Көркемдігі, сырт сымбаты, жүріс-тұрысы бағаланады.
-
2) Өнерлі өрге жүзеді
Өз өнерін көрсету: ән айту, би билеу, ертегіден үзінді оқу және басқа шығармашылық нөмірлер.
-
3) Қолөнер (Шеберлік)
Ару қыздар мен аналарына тапсырма беріледі: түрлі-түсті қағаздардан қиялға ерік беріп, қолөнер бұйымын жасау.
-
4) Қыздарға әсемдік жарасады (Сән үлгісі)
Сән көрсету кезеңі: жинақылық, талғам, сахна мәдениеті бағаланады.
-
5) Дәм-думан
Дайындап әкелген тағамды таныстырып, қалай әзірлегенін айтып қорғайды.
1-бөлім: Таныстыру
Қатысушылар кезекпен сахнаға шығып, өздерін таныстырады.
Дария Төлемісқызы
Армысыздар, халайық, амандасып алайық.
Менің атым — Дария, мақтануға лайық.
Руым адай ішінде — тәзікесі,
Шайдолла ата боламын немересі.
Әкем — Төлеміс, анам — Бибігүл,
Қыз сынына келдім мен — Дария атты бір гүл.
Светлана Қуангалиқызы
Атым — Светлана, сұрасаңыз.
Руым — беріш, кешегі бір атамыз.
Әкем — Қуангали, асқар тауы,
Пана болып, біздерге жүз жасаңыз.
Анам — Аққойсын Сағындыққызы,
Жүзінен төгілетін күннің нұры.
Атыңызға кір келтірмей өтсем сіздің,
Перзентіңіз құшағыңыздан сүйер бір күн.
Аяулым Нұрлыбекқызы
Қатысам мен бақшадан жарыстарға,
Өзімді көпшілікке таныстырам.
Атым — Аяулым, қызымын Нұрлыбектің,
Руым — күлкеш, бөлімі — Байгөл деген.
Құттықтаймын аналарды мерекемен,
Билейміз дөңгеленіп, айтып өлең.
Шыңдаймыз өнер менен білімді біз,
Иіліп өздеріңізге сәлем берем.
Аружан Жолдасқызы
Сәлем беріп алдыңызға бас ием.
Қош келдіңіздер сайысқа, барша жандар!
Таныстырам өзімді: мен сүйкімді Жолдасқызы Аружан.
12 ата Байұлы, руым — беріш,
Жайықпын мен, өнерімді көрсетемін аянбай.
Әділқазы әділ шешсін — шын бағасын аянбай.
Інжу Серікқызы
Асылболат немересі, атым — Інжу,
Шаңырақта тойдың басы болдым бүгін.
«Майқұйрық бала» дейді әжем мені,
Бауырларым өсіп келеді қолтықтасып.
Жарқыраған тау-тасындай баламын,
Шаңырағымның үлкені мен боламын.
Мейірім төккен балаға білім құйып санаға,
Ардақ, Айнұр апайлар — мың алғыс айтуға бола ма?
Өнерімді көріңіздер, дәл бағасын беріңіздер,
Қарақат көз бүлдіршін топ жарады — демеңіздер!
Сабина Ерланқызы
Таныстырсам өзімді: атым менің — Сабина.
Кішкентаймын мен әлі, жұрттың бәрі тани ма?
Ерлан атты әкем бар — еркелетер күлімдеп,
Лена деген анам бар — мәпелетер «гүлім» деп.
Құттықтау өлеңдері (ұл балалар)
Шыңғысхан
Сенен өскен балалар — батырлар мен даналар.
Құттықтаймыз мерекемен, құрметті ата-аналар!
Алимансур
Аналарды сүйеміз, сөзін ойға түйеміз.
Әрқашан біз ардақтап, әжеге бас иеміз.
Болат
Ана дейміз бәріміз де аңқылдап,
Ана дейді жас сәби де жарқылдап.
Ана деген — бәйтерегі өмірдің,
Ана деген — алтын қазық, алтын бақ.
Дамир (Б.)
Әлпештеген әжем қымбат,
Қамқор болған анам қымбат.
Бірге ойнаған досым қымбат,
Көмектескен інім қымбат,
Білім берген ұстаз қымбат.
2-бөлім: Өнер көрсету
Жадырап, сәуле бейне күн дидары… Бұлбұлдай дауысыңмен ән сыйлашы! Күй тартып, би де биле, өлең оқы — аруға қай өнер де жарасады.
Би нөмірі
«Матрос» биі: Шыңғысхан, Айбек, Аят, Нұрислан, Болат.
3-бөлім: Қолөнер (Шеберлік)
«Ана көрген тон пішер» деген сөз бар. Бұл кезеңде қыздар мен аналар түрлі-түсті қағаздан өз қиялымен бұйым жасап, шеберлігін көрсетеді.
Рахман
Анам мені «айым» дейді — мен мұңайсам, уайым жейді.
Анам мені «күнім» дейді — мен қуансам, күлімдейді.
Алижан
Таусылмайды өлеңі — күнде айтып береді.
Барған сайын бір жаққа кәмпит алып келеді.
Әжем мені, өйткені, өте жақсы көреді.
Жантөре
Ана — өмір мәңгілік, жүзі нұрлы, таң күліп.
Ана — әркімнің көкірегінде жанды үміт.
Мансур
Еркелесем — күлімдейтін, ұрысқаны білінбейтін.
Маңдайымнан иіскеп менің: «Құлыншағым, күнім» дейтін.
Көрме
Қыздарымыздың өз қиялымен жасаған жұмыстарын тамашалау.
Жан
Жақсы көрем күлкіңді, айналайын ақ мамам.
Менің мамам сүйкімді, бәрінен де жақсы адам.
Нұрислан
Ана десем, шешек атып жанары,
Өмірімнің бастау алар жаңа әні.
Ана деген — тіршілікте пана боп,
Әрбір үйде жұлдыз болып жанады.
Дамир (Ж.)
Өзіңсің өмірдегі бар ардағым,
Жыр жаздым тұңғыш саған, ән арнадым.
Анашым, айтарым көп — тіл жетпейді,
Бір сендей асыл жанды таба алмадым.
Айбек
Маған қымбат жан жоқ, сірә, анадан,
Бар жақсылық аналардан таралған.
Жер бетіне өмір нәрін себуші —
Ана алдында борышты ғой бар адам.
4-бөлім: Сән үлгісі
Сұлулық табиғаттан басталады, көктеммен бірге шаттанады. Бәйшешектей құлпырып, гүлдей жайнаған сүйкімді қыздарымызды ортаға шақырамыз.
Ақмырза
Дүниедегі ең ардақты асыл жан —
Анам менің мәпелеген жасымнан.
Мен қуансам — қуанады ол бірге,
Мен қиналсам — табылады қасымнан.
Аят
Ана — біздің күніміз,
Ананың біз — гүліміз.
Ұландарды қуантып,
Ұзақ өмір сүріңіз.
Құттықтау
Бізді өсірген апатай, еңбегіңіз зор екен.
Құтты болсын, апатай, құтты болсын мерекең!
Ән
Ер балалардың орындауында.
Би және хор
Би: «Вальс»
- Света — Дамир (Ж.)
- Дария — Жантөре
- Эльза — Рахман
- Аружан — Мирас
- Бибіфатима — Мансур
- Аяулым — Жан
- Айерке — Ақмырза
- Жанерке — Дамир (Б.)
- Сабина — Алимансур
- Інжу — Алижан
Ән: Хор
Балалар аналарына гүл шоқтарын сыйлайды.
Қорытынды және марапаттау
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші, бүгінгі сайыс нәтижесін таразылап, әділ бағасын береді деген сеніммен сөз кезегі әділқазылар алқасына беріледі. Жеңімпаздар марапатталады.
Би билеп, ән мен күймен кешіміз өз мәресіне жетті. Көктеммен қоса келген ару қыздар мен аяулы аналар мерекесі аяқталды.
Құттықтау сөз кезегі ата-аналарға ұсынылады.