Бұл күн, яғни, 15 - 16 ақпан күндері мен үшін есте қаларлықтай сәттерге толы болды
15–16 ақпан күндері мен үшін есте қаларлық сәттерге толы болды. Бұл күндерді журналистика саласына деген махаббатым айқын оянған уақыт деп сеніммен айта аламын.
“Qazaqstan” телеарнасының 60 жылдығына арналған конференция
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында “Qazaqstan” – еліміздің телеэпопеясы: ұлттық арнаның даму моделі” тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараға қазақ журналистикасының тарихында орны бар тұлғалар мен беделді қонақтар қатысты.
Қатысушылар
- ҚР БҰҰ Ақпарат бюросының басшысы Властимил Самек
- Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының жаратылыстану ғылымдары бөлімінің басшысы Кристине Товмасян
- ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов
- Ардагер журналистер: Сұлтан Оразалин, Төлеубай Қаймолдин
- Клара Қабылғазина (құттықтау және ұстаздар тарапынан ұсыныстар)
Ерекше сәттер
- Ардагерлерге ҚазҰУ-дың мерейтойлық төсбелгісін тапсыру салтанаты
- Ұлттық арнаның 60 жылдық жетістіктері мен тарихи кезеңдеріне шолу
- Арнайы бейнеролик арқылы арнаның болашағына сенімнің нығаюы
Журналистика факультетіндегі мастер-кластар
Конференциядан кейін Журналистика факультетінде қазіргі қазақ медиа кеңістігінде білімімен және тәжірибесімен танылған мамандар мастер-класс өткізді. Бұл кездесулер кәсіби бағдарымды нақтылап, салаға деген қызығушылығымды одан әрі арттырды.
Мастер-класс өткізген журналистер (іріктеп)
Төлеубай Смағұлұлы, Фатима Бегенбаева, Гүлмария Барманбекова, Құсман Игісінов, Гүлнар Салықбай, Ботагөз Исмайыл, Бейсен Құранбек, Нартай Аралбайұлы, Мейіржан Әлібек, Жаңыл Асылбекова, Баян Бақкелді, Алмат Әбдірахман, Марс Омаров, Ерлан Атамбай.
М. Барманқұлов атындағы зертханадағы дәрістер
Мен қатысқан М. Барманқұлов атындағы зертханада Гүлмария Барманбекқызы, Төлеубай Смағұлұлы және Мейіржан Әлібек дәріс оқып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Тақырыптар теледидар эстетикасы, спорттық бағдарлама, жаңалықтар және мобильді журналистика төңірегінде өрбіді.
Есте қалған ойлар мен кәсіби тұжырымдар
Гүлмария ханым теледидар алдындағы жүріс-тұрыс, ұстаным, сөйлеу мәдениеті туралы айтқанда ерекше әсер алдым. Оның “әлемді түйсіктік сезіммен қабылдау телевизияға тікелей қатысты; журналист терең сезінбей қабылдаса, көрерменді тарта алмайды; әртіс болмау керек” деген ойы мен үшін журналистиканы танудағы маңызды қағидаға айналды.
Осы айтылған қасиеттерді тележурналистикада мен Бейсен Құранбек ағамыздың болмысынан көремін. Оның бойынан қазақылықтың айқын аңқып тұратынын атап өткім келеді.
Төлеубай Смағұлұлы: ақпаратқа апарар сұрақтар және логика
Төлеубай Смағұлұлы журналистикадағы бірегей жетістіктерімен бөлісті. Сол жетістікке жеткізген үздіксіз еңбек бізге анық үлгі болды. Ақпарат іздеу кезінде санада “іші не?”, “сырты не?”, “астары не?” деген сұрақтардың басым болуы керектігін айтты.
Негізгі қағида
“Жеті рет өлшеп, бір рет кесу” — журналистің басты ұраны болуы тиіс.
- Ақпаратты ұсынуда логикаға басымдық беру
- Материалда философиялық ойдың болуы
- Көрерменнің ақпаратты психологиялық тұрғыда қабылдауын ескеру
Мейіржан Әлібек: шынайылық, тіл тазалығы және кәсіби тәртіп
Келесі кезекте тәжірибесімен бөліскен Мейіржан Әлібекті ерекше ықыласпен атап өткім келеді. Жаңалықтарды қызыға тыңдайтын сәттерімде, мен үшін экран саңлағы ретінде ол әрдайым алдыңғы қатарда болды. Экрандағы ұстанымы, қоңыр үні, ақпаратты көрермен назарын баурай отырып жеткізе білуі — оны көпшілікке танытқан басты ерекшелік деп ойлаймын.
Ол тың идеяларымен бөлісіп, кәсіби жолда қажет болатын өмірлік сабақтарды да айтты. Төмендегі кеңестер кез келген журналистке бағыт-бағдар бола алатыны сөзсіз.
Мейіржан Әлібектің 10 кеңесі
- 1 Мамандыққа махаббат болуы керек.
- 2 Журналистикада жасандылық емес, шынайы болмыс маңызды.
- 3 Өз сөзіңді бақылауда ұста.
- 4 Тіл тазалығы мен сөздік қордың байлығы — басты талап.
- 5 Саяси сауаттылық қажет.
- 6 Проблеманы студияның сыртында қалдыр: жұрт алдында айтылар сөзге зияны тимесін.
- 7 Студияға шығар алдында тәтті жеме.
- 8 Қиын сөздерді күн сайын айтып жаттық.
- 9 Еңбек жолын бірден республикалық арнадан емес, өңірлік телевидениеден бастаудың да пайдасы зор.
- 10 Көңілдегі жауапты алмайынша, сұрақ қоюдан жалықпа.
Салаға жауапкершілік туралы ой
Мейіржан мырза бүгінгі күні мамандығына салғырт қарайтындарды ашына айтты. Журналистиканы қосымша табыс көзі ретінде ғана көріп, негізгі қызметіне кереғар бағытта жұмыс істейтін жандарды да атап өтті. Бұл — ойландырмай қоймайтын шындық.
Қазір ол “Apta” бағдарламасын жүргізіп, көрерменімен тұрақты байланыс орнатып, арна рейтингіне үлес қосып келеді. Оның “телевизия ардагері” атану мақсатына жететініне сенемін.
Қорытынды: мен үшін жасалған бір қадам
Осылайша, 15–16 ақпан күндері мен үшін мазмұны терең, әсері ерекше оқиғаларға толы болды. 16 ақпан күні дәрістерге қатысқанымыз үшін Журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек қол қойған сертификат алып, өзім үшін журналист мамандығына тағы бір қадам жасадым.