Шешендік сөздер
5-сынып диктанттары: I–II тоқсан
Төмендегі мәтіндер — ауыз әдебиеті, шешендік өнер, ұлттық тәрбие, табиғат көрінісі және көркем прозадан алынған қысқа үзінділер. Оқу мақсаты — сауатты жазу дағдысын қалыптастыру, мәтінді мағыналық талдауға және грамматикалық тапсырмалар арқылы тіл білімін бекіту.
Оқу дағдысы
Түсініп оқу, негізгі ойды табу, сөздік қорды байыту.
Жазылым
Емле, тыныс белгісі, сөйлем құрылымын дұрыс қолдану.
Тілдік талдау
Дыбыстық талдау, синоним-антоним, термин, кірме сөздер.
Диктант №1
I тоқсан
«Сөздің көркі — мақал»
«Сөздің көркі — мақал» деген аталы сөз бар. Мақалдың көмегімен айтқың келген ойды ұнамды да ұтымды жеткізуге болады. Мақалды көп біліп, көп қолданатын адамның білімі де, ақылы да арта түседі.
Мақал-мәтелдер — ауыз әдебиетінің бір түрі. Оларда көбінесе нақыл сөз бен ақыл айтылады: жаманнан сақтандырып, жақсыны үлгі етеді. Халық өмірдегі бақылауларын қорытындылап, тұжырым жасап, ұйқасты сөздермен өнеге боларлық мақалдар тудырған.
Мақал-мәтелдер өлең секілді көркем әрі ұйқасып тұрады. Сөйлемдері өте ықшам, басы артық сөз болмайды; сөздерін басқа сөзбен алмастыруға келмейтін тұрақты үлгіде беріледі. Мақал-мәтелдерді сүйіп оқып, көңілге тоқып жүрсеңдер, тілдерің байып, сөйлеу мәнерлерің көркем де әсерлі бола түседі.
Грамматикалық тапсырмалар
- Көп мағыналы сөздерді теріп жазыңдар.
- «Ертегі» сөзіне дыбыстық талдау жасаңыздар.
Дереккөз: «Шешендік сөздер» (шамамен 95 сөз)
Диктант №2
I тоқсан
«Ертегілер — ел мұрасы»
Ертегілер ауыз әдебиетінің ең көне жанрларының қатарына жатады. Онда көбінесе өмірде сирек кездесетін немесе мүлде кездеспейтін, ойдан шығарылған оқиғалар баяндалады. Ертегілер ауызша айтылып, ел есінде ғасырлар бойы сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, бүгінгі дәуірімізге жеткен.
Әр кезеңде айтушылар ертегі мазмұнына өз жанынан жаңа оқиғалар қосып отырған. Сөйтіп, ол үнемі жаңарып, толықтырылып, жетілдіріле түскен. Халық ерте кезден-ақ зұлымдықты әділдік жеңеді, адам табиғаттың асау сырларын танып, амалын табады деп сенген.
Жақсы өмірді аңсаған жұрт қашыққа тез жетуді, ғажап күшке ие болуды, көкке ұшуды, жер астына түсіп қазына алып, игілікке жаратуды армандаған. Соның бәрі ертегілерге арқау болған. Сондықтан ертегіде халықтың қиялы, арманы, даналығы және ғасырлар бойы жинақталған өмір тәжірибесі бар.
Грамматикалық тапсырмалар
- Көп мағыналы сөздерді теріп жазыңдар.
- «Ертегі» сөзіне дыбыстық талдау жасаңыздар.
Дереккөз: Қазақ әдебиеті (5-сынып) — шамамен 106 сөз
Диктант №3
I тоқсан
«Жиренше шешен»
Баяғыда Жиренше деген кедей шешен болыпты. Ол туралы ел арасында көптеген аңыз-әңгіме тараған. Жиренше асқан ақылды, сөзге ұста, шешен адам екен.
Жиренше туралы аңыздарда көбінесе Жәнібек ханның аты қатар айтылады. Жиреншенің шешендігіне қызыққан хан оны шақыртып алып, өз қасына ертіп жүреді екен. Бірақ Жиренше ханның сөзін сөйлемей, елдің сөзін сөйлепті.
Ол ханның алтын сарайына тұрақтамай, өзіне тән шағын күркесіне келіп жатады екен. Өз үйіне келгенде бір жасап, бой жазып қалатындай көрінеді. Күркесі өте кішкентай болса керек. Қырық жамау киіз үйіне кіріп: «Қайран менің өз үйім, кең сарайым — боз үйім!» деп керілгенде, екі аяғы тізесіне дейін сыртқа шығып жатады екен.
Грамматикалық тапсырмалар
- «Кедей», «кішкентай», «кең» сөздерінің антонимдерін жазыңдар.
- «Жақтамапты», «күрке» сөздерінің синонимдерін табыңдар.
- «Қырық» сөзінің омонимдік мағынасын түсіндіріңдер.
Дереккөз: «Шешендік сөздер» (шамамен 103 сөз)
Диктант №4
II тоқсан
«Шешендік сөздер»
Қазақ ауыз әдебиетінің бір саласы — шешендік сөздер. Шешендік сөздер — елге белгілі адамдардың белгілі бір оқиғаға байланысты айтқан ойлы сөзі. Бұл сөздер мәйекті, өткір, көңілге қонымды болғандықтан, ел арасына тез тарап, ауыздан-ауызға көшіп сақталған.
Сондықтан шешендік сөздерді айтушылар көбіне билер мен шешендер болған. Олардың сөздері жазылып сақталмағандықтан, бізге ауызекі түрде, түрлі өзгерістер мен түрленулер арқылы жеткен.
Шешендік сөздерде халықтың бастан кешкен оқиғалары, ақыл-ойы, арман-тілегі бейнеленеді; тілінің байлығы мен орамдылығы танылады. Олар адамды жақсы мінезге баулиды, бірлікке, татулыққа, үлкенді-кішілі сыйлауға шақырады. Ой-сананы оятып, байқағыш әрі зерек болуға үйретеді, тілді байытып, ұтқыр да ойлы сөйлеуге жетелейді.
Шешендік сөздерді көпті көрген өнегелі адамдар бата-тілек, насихат-өсиет түрінде де айтып отырған.
Грамматикалық тапсырмалар
- «Ой-санасын оятып» тіркесінің мағынасын түсіндіріп жазыңдар.
- «Шешендік сөз» тіркесіне дыбыстық талдау жасаңыздар.
Дереккөз: «Шешендік сөздер» (шамамен 112 сөз)
Диктант №5
II тоқсан
«Машықтанған жігіттер»
Қауіпті кезде керегі болар деп Сібір губернаторы аға сұлтан Шыңғысқа қырық адам қарулы казак-орысты беріп қойған еді. Олар әрі аға сұлтанды қорғаушы, әрі тырп еткізбейтін бақылаушы болатын.
Әуелі солар ат үстіндегі ойындарын көрсетті. Казак-орыстар әбден машықтанған айлакер жігіттер екен: шауып келе жатқан атқа қарғып мініп кетеді. Аттары да әбден үйретілген: шауып келе жатып кілт тоқтайды, кейде бір жағына сұлап түсіп, тыпыр етпей жата қалады.
Бір кезде казак-орыстар қару-жарақтарын түгел асынып, жарқылдасып шықты. Қылыш, мылтық, найза кезек-кезек жалт-жұлт етеді. Әсіресе күнге шағылысқан қылыштар жан түршіктіргендей. Шыңғыс Тілеуімбет биге қарап қояды. Керазу, қыңыр би: «Бұлар аттарын жатқызып-тұрғызғанда, біз де қарап тұрмаспыз!» — деді.
Грамматикалық тапсырмалар
- Мәтіннен көнерген сөздерді теріп жазыңдар.
- «Шыңғыс Тілеуімбет биге қарап қояды» сөйлемін сөйлем мүшелеріне қарай талдаңдар.
Дереккөз: Ғ. Мүсірепов (шамамен 102 сөз)
Диктант №6
II тоқсан
«Спортшы Бейбіт»
Бейбіт сыныптағы балалардың ең кішісі әрі нәзігі еді. Бұл, әсіресе, дене шынықтыру сабағында анық байқалатын. Сапқа тұрғанда ол көбіне оқушылардың ең соңында қалатын, соған өзі де намыстанатын.
Бойының аласа болуынан ба, әлде сыныпта өзі аттас тағы бір оқушы болғандықтан ба, балалар оны «Кішкентай Бейбіт» деп атайтын. Бірақ сол кішкентай Бейбіт жүгіргенде құстай ұшып, жарыста алдын бермейтін.
Оның арманы — тез өсіп, үлкен болу еді. Ағалары ауланың бір бұрышына турник орнатып берді. Бейбіт күн сайын турникке тартылып, ақырында ұршықтай айналатын болды. Дене шынықтыру мен спорт Бейбіттің бұлжымас әдетіне айналды. Үшінші сыныпқа келгенде бойы өсіп, қайраттана түсті. Бастауыш мектепті бітірген жылдың жазында ол спортқа әуес бір топ ауыл балаларының үйірмесіне қатыса бастады.
Грамматикалық тапсырмалар
- Мәтіннен кірме сөздерді теріп жазыңдар.
- «Бейбіт» сөзіне дыбыстық талдау жасаңыздар.
Дереккөз: «Жалын» журналынан (шамамен 106 сөз)
Диктант №7
II тоқсан
«Ойын — тәрбие құралы»
Халық ойынды тәрбие құралы деп таныған. Халықтық педагогиканың ең көне құралдарының бірі — ойын. Ойын арқылы бала қоршаған ортаны өз бетінше зерделейді.
Этнограф-ғалымдардың зерттеулеріне жүгінсек, қазақтың ұлттық ойындары аңға, малға байланысты, түрлі заттармен ойналатын, зеректікке, ептілік пен икемділікке, батылдыққа баулитын ойындар болып бірнеше түрге бөлінеді.
Ұлттық ойындардың, әсіресе жасөспірімдерге арналған түрлері өлеңмен өрнектеліп отырған. Өлең-жыр арқылы ата-бабаларымыз ойынның эстетикалық әсерін арттырып қана қоймай, бүлдіршіндердің өлең-жырға деген ықыласын оятып, дүниетанымын кеңейте білген. Кейбір ойындар арқылы жас ұрпақты еңбекке баулып, қиындықтан қажымайтын етіп тәрбиелеуді мақсат еткен. Демек, халқымыз ұлттық ойын арқылы жастарды өмірге дағдыландырып, қиын сәттен жол табуға машықтандырған.
Грамматикалық тапсырмалар
- Мәтіннен термин сөздерді теріп жазыңдар.
- Қандай ұлттық ойын түрлерін білесіңдер? Жазып шығыңдар.
Дереккөз: Ж. Молдахметұлы (шамамен 102 сөз)
Диктант №8
II тоқсан
«Барлас пен Байкөкше жырлары»
Тілі ұғымды, өмірі таныс болғандықтан ба, әлде Барлас пен Байкөкшенің кезектеп айтқан жырларының бірде шырқаған, бірде қалқып баяулаған, бірде лекітіп соқтырып, ескектете желген әуенінен бе — қалай болғанда да, Абай бұл күнге дейін дәл осы Барлас пен Байкөкше баяндаған дастан-жырларға барабар ештеңе естімегендей әсерде болды.
Күндіз де, түнде де Абай Барластардың қасынан шықпайды. Екі ақын Ұлжанның үйін үлкен ауылға қан базардай қалың жиынның ордасына айналдырды. Осы жолы Абай әрі өзі, әрі шешесі арқылы салмақ салып, Барлас пен Байкөкшені тура бір айдай жібермеді.
Бұл уақыт ішінде жас Абай Барлас пен Байкөкшемен біржолата дос болып, жақын тартып алды.
Грамматикалық тапсырмалар
- «Бұл уақыт ішінде жас Абай Барлас пен Байкөкшемен біржолата дос болып, жақын тартып алды» сөйлемін көшіріп жазыңдар.
- Сөйлем ішінен үш дыбысты сөздерді теріп жазып, дыбыстық талдау жасаңыздар.
Дереккөз: М. Әуезов (шамамен 106 сөз)
Диктант №9
II тоқсан
«Ахметтің лашыны»
Ес білгелі құс салуды кәсіп еткен Ахмет жайылымға шыққан құстың қомағайлана оттайтын кезіне дәл барады. Бұл — таңның жаңа ғана бозамықтана бастаған шағы.
Құс деген алаңғасар халық қой деймін: сақтануда бар «қаруы» — құлағы ғана. Бірақ сол қарауылына келер жаудың дыбысын тыныш тыңдаудың орнына, өздері азан-қазан у-шу шығарып, құлақтарын «керең» етіп алады. Сондықтан жасырынып келген саятшыны көбіне нақ қасына жеткенше сезбей қалады.
Ахмет жақындап келіп, дабылын қағып жібергенде, құстар у-шу көтеріліп ұша жөнеледі, сол сәтте Ахметтің қолынан лашын да көтеріледі. Неге екенін кім білсін, дабылдан үрке ұшқан құстар бірден лағып кетпей, кең сазды айнала жүйткіп, қайта-қайта қонып, қайта ұшады. Лашын сондайда талайын іліп алады.
Грамматикалық тапсырмалар
- Буын үндестігіне бағынбайтын қосымшасы бар сөздерді және буын үндестігі сақталмаған сөздерді теріп жазыңдар.
- «Лашын» сөзіне дыбыстық талдау жасаңыздар.
Дереккөз: С. Мұқанов (шамамен 108 сөз)
Диктант №10
II тоқсан
«Шашубай жаршы»
Кең көшенің басында су жорғаны тайпалтып, жалғыз аттылы келеді. Ат үстінде жас бала тікесінен тік тұр. Қолында — сырнай. Сырнайдың кеңірдек көрігін жыртып жіберердей құлаштай созған бала айғайын салып, әнге басып, шырқап барады.
Көшенің екінші басына жеткенде қайта бұрылып, қолындағы сырнайын анадай тұрған топқа лақтырып жіберді де, енді ат үстінде неше түрлі ойын көрсетіп, жүз құбылды.
Тиіндей домалап, басымен тік тұрып, біресе екі қолымен көтеріліп, енді бірде жорғаның мойнына жыланша оратылып, аттың кеудесінен, астынан бикештей сумаңдап өтеді. Кейде ер үстінде қаздиып тұрып, оқыс құлап, бір аяғын таралғыға іліп, басын салбыратып, жерден күміс алғандай созыла түседі де, қайта лып етіп ат үстіне көз ілеспей шығады.
Грамматикалық тапсырмалар
- Мәтіннен кейінді ықпал байқалатын сөздерді теріп жазыңдар.
- «Кең көшенің басында су жорғаны тайпалтып жалғыз аттылы келеді» сөйлемінен сөз аралығындағы ілгерінді ықпал байқалатын сөз тіркесін көрсетіп, астын сызыңдар.
Дереккөз: С. Жүнісов (шамамен 99 сөз)
Диктант №11
II тоқсан
«Қазақ пен қырғыз достығы»
Бір ененің емшегін таласып емген егіз қозыдай қазақ пен қырғыз ежелден-ақ Алатау бөктерін қанаттас қоныстанып, қатар жайлап келген ел. Айналайын Алатау — екі елдің құт-береке мекені, асыраушы анасындай.
Жаз шығысымен екі жақтың малшылары уәделескендей, бір таудың екі қапталымен жарыса көшіп келеді де, жонға шыққан соң тіпті жақындасып, «аулы аралас, қойы қоралас» дегендей, тым тақау отырады. Жайлаудағы жұрттың «Қырғыз асып келдік» деп былайша добырайтқандары болмаса, барып-қайтатын ауылдары бір-екі қырдың астында ғана болушы еді.
Жаз бойы көкпарды бірге тартысып, тойларын бірге тойласып жүріп, кейде қыз алысып, қыз берісіп жататын жайлар да бар. Қазақтың талай қара көзі қырғыз жігітінің етегінен ұстаса, қырғыздың небір шырайлы қызы қазақ ауылына келін болып түсіп отырған.
Грамматикалық тапсырмалар
- Мәтіннен біріккен сөздер мен қос сөздерді теріп жазыңдар.
- «Достық» сөзіне дыбыстық талдау жасаңыздар.
Дереккөз: Қ. Жұмаділов (шамамен 106 сөз)
Диктант №12
II тоқсан
«Ақсай алқабы»
Күн қыздыра түсті. Кешегі қуарып жатқан кішкентай төбешіктер көз алдына көгеріп шыға келді. Дәл ертегідегідей: аңыздың ана шетіне шықсаң да — көгал, мына шетіне шықсаң да — көгал.
Жасарып, жаңғырып жатқан жерден бір жағымды иіс аңқиды. Ал соқалар артында бұйра-бұйра борозда қалдырып, Ақсай төсінде қатарласа тартып келеді.
Дүр етіп бозторғай ұшты. Әуелі біреуі құйқылжыта жөнелгенде, қасынан екіншісі шырқай қоя берді, оған анадайдан үшіншісі қосылды. Сұлтанмұраттың жүзіне күлкі үйірілді.
Баспана түгілі басына қалқа болар қу бұтақ та, қу жапырақ та жоқ тырдай жалаңаш түзде жүрсе де, бұлардың әні таусылмайды: қашан көрсең, мәз-мейрам. Көктемге де қуанады, күн көзіне де шаттанады. Ал кешегідей лайсаңда бұл пақырлар қайда жүрді екен? Иә, «өткен істің өкініші жоқ» деген осы ғой.
Грамматикалық тапсырмалар
- «Сұлтанмұраттың жүзіне күлкі үйірілді» сөйлемін сөйлем мүшелеріне қарай талдаңдар.
- «Ақсай» сөзіне дыбыстық талдау жасаңыздар.
Дереккөз: Қ. Жұмаділов (шамамен 112 сөз)
Жұмысқа қысқа нұсқаулық
Диктант жазу
- Алдымен мәтінді тұтас тыңдап, негізгі ойды түсініңдер.
- Сөйлем соңындағы тыныс белгілерін қадағалаңдар.
- Қиын сөздерді буындап, дыбыстап тексеріңдер.
Талдау бөлімі
- Синоним, антоним, омонимді мәтіннен мысалмен дәлелдеңдер.
- Дыбыстық талдауда әр дыбыстың түрін (дауысты/дауыссыз) нақты көрсетіңдер.
- Термин, кірме, көнерген сөздерді контекст арқылы түсіндіріңдер.