Қабай жырау

Поэманың алғашқы сазы: қаралы көш пен тарихи елес

Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!» поэмасы мына жолдармен басталады:

Қара таудың басынан көш келеді,
Қара жорға шайқалып бос келеді.
Қара күнді жамылып, қара қазақ,
Қара түнді басынан кешкен еді.

Өлеңнің алғашқы тармағын оқыған сәтте-ақ тарихтағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» секілді ел басына күн туған аласапыран кезең көз алдыңа келеді. «Қара жорға шайқалып бос келеді» деген бір тармақтың өзінде-ақ ауыр қайғының, бос қалған жұрттың, еңсе түскен елдің сұлбасы бар.

Қара күн, қара қазақ, қара түн — ақынның осы қайталамалары қаралы дәуірдің салмағын дәл бедерлейді.

Қайғының суреті және намысты оятқан үн

Поэмада қасіреттің кескіні «кесілген қанат», «шұлғау болған кесте», «өшкен қара шаңырақ» сияқты бейнелермен күшейе түседі. Мұндай сурет жүректі қарыстырып, аза бойыңды қаза етеді: тіршіліктің оты өшкен қара шаңырақтар — халық трагедиясының ең өткір ишарасы.

Қара жауың әкеліп қара қайғы,
Тас уатты-ау төбеңе тайраң қағып.
Аңырайды доғарып аттан, қазақ,
Алты жасар ұлыңды майданға алып.

Бұл жолдардың қаһарлы үні әлсіреген жүйкені қайта ширықтырып, елдікке, ерлікке шақырғандай әсер қалдырады. Қабай жыраудың «Жау келеді, жау келеді!» деген дабылындай — жұрттың бойына қайтадан қайрат құйылады.

Қиқулаған қалың қол, құйын дерсің,
Қайтып оған шағын жұрт тиым берсін.
Тозған жұртты топырлап талай кетті,
Қатыгез жау қайсыбір бұйым көрсін!

Қанды майданнан тірі қалған Қабай жырау қаза тапқандарға аят оқиды. Сол тұста поэма кеңістігіне бір баланың шырылы енеді. Ақын бұл көрініс арқылы елдің ертеңі бар екенін, болашақтың үміті үзілмегенін меңзегендей.

Бала — ел ертеңі: аманат пен әулиеге сыйыну

Сен ғанасың, құлыным, сен ғанасың,
Мен де көпке бармаспын, сен қаласың.
Ойран болған ордаңның орнына кеп,
Отау тігіп, оттарын сен жағасың.

Бұл — Қабай жыраудың ертеңгі күнге қалдырған аманаты. Алайда бүгінгі күннің жарасы тым терең: жырау әулие мекеніне бас иіп, мұңын шағады.

Жайлауымды жау алып,
Өрісімді өрт алып.
Өзегімді дерт алып,
Келдім саған, әулие.

Жырау тек зарын төгіп қана қоймай, елді соңынан ертетін бір тұлға тілек етеді:

Дегеніне сенгізер,
Соңынан жұртты ергізер.
Бар қазақтан бір қазақ
Тумас па екен, әулие?!

Бірлік жоғындағы қасірет және жас жүректің ызасы

Көп ұзамай жырау өзі тілегендей бір баланы жолықтырады. Ол баланың сөзінен-ақ елдің сорлы хәлі ашылады: қара жау сырттан ғана емес, ішкі алауыздық арқылы да жеңгендей.

Қабай жырау «ата қазақ бір-бірін арашалай алмай» деген өкінішке бой алдырса, жас бала елбасылардың сатқындығына күйінеді. Бірінің жанын бірліктің жоқтығы күйдірсе, екіншісін ел мүддесін аяққа басқан екіжүзділік өртейді.

— Осыншама ақылды кімнен, балам, үйрендің?
— Ішіндегі шалдардан, анау қараша үйлердің.

Жырау баланы сынайды. «Қара жау қайтадан шапса не етер едің?» дегенде, баланың жауабы — қайсар мінездің, намыстың, қайтпас серттің айғағы:

Қатын болып күн кешіп жүргеннен де қырқысып,
Қылша мойным талша боп, қанжығада кетер ем.

«Өзің бала болсаң да сөзің дана» деп жыраудың мойындауы — болашақ батырдың болмысын танытқан шешуші сәттердің бірі.

«Өз атын өзі ұрандап»: тосын көрініс және мінездің жария болуы

Поэманың әсерлі тұстарының бірі — бәйге үстіндегі көрініс. Түкеннің күреңі көпке мәлім дүлдүл болғанымен, оқиға күтпеген арнаға бұрылады: қараңғыда «жалғыз бір қара жұлдыздай» ағып келе жатқан бала — өз атын өзі ұрандап келеді.

Жалғыз бір қара жұлдыздай ағып келеді,
Қараңғы түнде қақ жарып тілген аспанды.
Өз атын өзі ұрандап бала келеді,
Қамшы сабына жейдесін ту ғып байлаған.

Дәстүр бойынша аруақ шақырып, ата-бабаның атын ұран ету үйреншікті еді. Ал мұнда — бала өз есімін ұрандайды. Осы тосын қадам жұртты есеңгіретіп, ел ішіндегі үлкендердің ашуын қозғайды.

Дәл осы сәтте Қабай жырау көпшілікті сабырға шақырып, мәселені тереңнен таратады: өз атын өзі ұрандау — айып емес, керісінше, ертең жауға шапқанда тірі аруақ та, өлі аруақ та қолдайтын қайраттың нышаны болуы мүмкін.

Райымбектің ашу үні: әлсіздікке қарсы сөз

Дәрменсіз сорлы кедей-кепшікті бұқтыра,
Күшік тазыдай жылмыңдайсыңдар мықтыға!
...Халықпысыңдар?! Қазан аңдыған қатындар!

Бұл — Райымбектің мінезін ашатын өткір тұс. Ақын аз сөзбен-ақ оның ел жақсыларының дәрменсіздігіне, күштіге жалтақтаған екіжүзділікке, желөкпелікке сыни көзбен қарайтынын танытады.

Райымбекті мазалаған басты сауал — «Неге ел қарсы тұра алмады?» Ол бұл сұрақтың жауабын таппай тыншымайды, шерін Қабай жырауға ақтарады. Жау — бала күнінен-ақ көз ашқан дұшпаны, ал оның арманы — ел намысын қорғау.

Билік алды: іріткі, тартыс және сынақ

Қабай жырау Райымбекті жалғыз кетуден сақтандырып, жұртты соңынан ерте алмаса, арманы қырқылып қалуы мүмкін екенін ескертеді. Сөйтіп оны Іле бойындағы бидің үйіне бастайды.

Қара сақал, ақ сақал — алқалы топ іс қарап отыр. Пәтуаға келе алмай, бірі олай тартып, бірі былай тартады.

Ақын бұл сүреңсіз көріністі қазақы мінездің бір қыры ретінде көрсетеді: бірлікке келмейтін даукестік, бір сәт ұйып, бір сәт іру. Алқалы топтағы би Райымбекке шарт қояды: таңдалған атымен Ілені кесіп өтсін, қайта оралсын — сонда ғана елден қол алсын.

Іледен өту: өлім мен өмір арпалысы

Жұрт «өлесің ғой текке» деп жалынып тұрса да, Райымбек райынан қайтпайды. Күреңнің қапталына қамыс арттырып, Ілеге беттейді. Осы тұстан бастап адам мен тілсіз жау — адуын айдынның алпарысы басталады.

Артқан қамыс тірліктің белгісі боп,
Демеу жасап, жылымға бергісі жоқ.
Ақ айдыннан екі бас көрінеді,
Адамның да, аттың да өлгісі жоқ.

«Кетті, өлді!» деген үрейлі лептің артынан — аң-таң қалған жұрт: Райымбек пен күрең ағынды бұзып, арғы бетке аман өтеді. Осы ерлік бидің де, елдің де көңілін бір арнаға түсіреді.

Халық шешімі: батырды мойындау және жорыққа әзірлік

Би шешімін кеседі: қыранды қамауда ұстай алмайсың — ұшсын. Сөйтіп алдағы әрекеттің бағытын анықтайды: сауыт кигізу, қылыш сүйгізу, ту алдына алып келіп тәуба еткізу. Ел ішінде қол жинау басталады.

Би кесті. Қара халық қабылдады.
Қару алып, қол жимақ қабырғалы.
Жорыққа әзірленіп жатты қауым,
Қасынан Райымбек табылғалы.

Поэманың бас кейіпкері — қазақтың біртуар қолбасыларының бірі Райымбек батыр — тарих сахнасына осылай көтеріледі.

Қорытынды ой: елдік пен ерліктің ұлы ұраны

Райымбек батырдың бейіті Алматы қаласында. Жұрт оны батырлығымен қатар, айтқаны айдай келетін әулие деп те таниды.

«Райымбек! Райымбек!» — ел қорғаны болған батырға, алдынан ел тараған данагөй, әулие бабаға арналған көркем туынды. Ол оқыған жанның намысын қайрап, патриоттық сезімін оятатын, елдіктің де, ерліктің де айбынды үні іспетті.

Сүлеймен Баязитов