Ұлтым тәжік
«Басынан көне тарих төмен құлдап, тағдырын туған елдің келем жырлап. Өзегім талып жеткен Тәуелсіздік — өмірде не бар екен сенен қымбат?»
Бұл жолдар менің ойымды айқындайды: тәуелсіздік — халқымыздың ең қымбат мұрасы, ең биік бақыты.
Өзімді қазақ елінің перзенті санауым
Мен 7-сынып оқушысы Ятимов Жахонгирмін. Ұлтым — тәжік. Соған қарамастан, мен өзімді қазақ халқының перзентімін деп мақтанышпен айтамын. Себебі мен осы кең-байтақ, азат елде дүниеге келдім.
Қазақ халқының тұрмыс-салтын, әдеп-ғұрпын, ақындары мен жазушыларының көркем шығармаларын мектеп қабырғасында оқып, үйреніп жүрмін. Ал қазақ тілінде сөйлеу — мен үшін үлкен абырой. Мен қазақ тілінде өз ойымды еркін жеткізуге тырысамын.
Неге тарих маңызды?
Қазақ құрбыларым көп болғанымен, бұл мен үшін жеткіліксіз. Өйткені мен қазақ елінің перзенті болсам, оның тарихын, ұлы тұлғаларын, ерлік жолын терең білуім керек деп есептеймін.
Өзіме қойған мақсат
Сол мақсатпен сабақтан тыс тарихи шығармаларды оқып, ел тарихында қалған ұлы тұлғалардың есімімен танысып келемін.
Ерлік дәстүрі және елдіктің сын сәттері
Қазақтың арғы-бергі тарихында халық қамын көздеген қаһармандар, азаттық үшін алысқан батырлар аз емес. Ереулі атқа ер салып, егеулі найза қолға алып, қылыш сермеген, елінің азаттығы жолында құрбан болған батыр бабаларымыз халық жадында мәңгі қалады.
Қазақ хандығының құрылуы — ерліктің бастауы
XV ғасырдың орта шенінде Керей мен Жәнібек сұлтандардың бөлініп шығып, қазақ деген ел болып ұрандап, ту көтеруі — тарихи ерлік. Олар алда қаншама қиындық пен шайқас күтіп тұрғанын білсе де, артқа қайтпай, жарқын келешекке ұмтылды.
Қазақ елінің бірігуіне талай кедергі болды, халық қаншама қилы кезеңдерді бастан кешірді. Соған қарамастан, елдік туы биік көтерілді. Жан-жағынан анталаған жауға қарсы тұруда қазақ жұрты үйде қалмай, ту астына жинала білді. Ұранға шықпай, өз шаңырағында отыру — намысқа сын, рухқа ауыр еді.
«Ақтабан шұбырынды» — қайғы мен қайсарлық сабақтастығы
Тарихта қалмақтармен болған қанды соғыс «Ақтабан шұбырынды» деген атпен есте қалды. Сол қырғын кезеңде де қаншама батырлар «елім, жерім» деп құрбан болды. Қиындыққа қарамастан, халқымыз жеңіске жетіп, еңсесін тіктеді.
Елді қорғаған тұлғалар
Абылай хан, Тәуке хан, Есім хан, Тәуекел хан сияқты хандардың жанында жүріп, ерлігін көрсеткен Наурызбай, Жалаңтөс, Бөгенбай, Қамбар секілді батырлар аз болған жоқ. Олардың бәрі ел бірлігі мен тәуелсіздігін қорғауға күш салды.
Отарлық кезең және азаттық үшін күрес
Кейін саясат пен өмір талабы өзгеріп, қазақ елі Ресей империясына бағынуға мәжбүр болды. Бұл кезеңде халқымыз талай ауыртпалықты бастан өткерді: құнарлы жерлерінен айырылу, төрт-түліктің азаюы, жас балаларды тыл жұмыстарына әкету, азаматтарды соғысқа аттандыру сияқты қанаушылық саясат елді тығырыққа тіреді.
Қарсылық рухы
Сол тұста Махамбет, Исатай, Амангелді сияқты батырлар қолына қару алып, ереуілге шықты. Күші аз болса да, ел мүддесі үшін қайта-қайта бас көтерді.
Жеңіліс емес, сабақ
Ол кезеңде бірлік пен биліктің әлсіреуі күресті ауырлатты. Дегенмен ерік-жігер мен намыс оты сөнген жоқ.
Желтоқсан — тәуелсіздікке бастаған жол
Тәуелсіздік қарсаңындағы Желтоқсан көтерілісі — қазақ жастарының батырлығына айқын дәлел. Жастар ел басқаруын сырттан келген Колбинге беруге қарсы шығып, қанды ереуілге көтерілді. Сол күндері Ләззат, Қайрат, Ербол, Сабира, Түгелбай сияқты талай жас қыршын өмірін қиды.
Бірақ осы көтеріліс еліміздің тәуелсіз мемлекет болуына үлкен әсер етті. Бұл — еркіндік үшін төленген қымбат баға.
Мен үшін батырлықтың мәні
Мен қазақ елінің тарихын қазақ тілі сияқты қызығып оқимын. Бұл жазбамда бір ғана батырға, ханға немесе ірі тұлғаға арнайы тоқталған жоқпын. Өйткені тарихты оқыған сайын қазақ халқының қаншама батыр перзенттерімен танысамын.
Олардың ерлігін оқу — мен үшін үлкен қуаныш. Сондықтан мен қазақ халқының әрбір азаматын батыр, тарихи мәні зор тұлға деп санаймын. Қаншама қилы заманды бастан кешіріп, сол қиындықтарға төтеп берген қарапайым халықтың өзі батыр емес пе?
Өз уәдем
Келешекте қазақ халқының қамын, тағдырын ойлайтын, еліне адал қызмет ететін Қазақстанның нағыз перзенті бола аламын деп сенемін.
Тілек
Елім деп соғар жүрегім,
Кеудемнен жаным кеткенше.
Ел қамын ойлап жүргеймін,
Елімді ешкімге бермеймін.
Тәуелсіздігіміз мәңгі болып, Қазақстанда тұратын әрбір азамат қазақтың батыр бабалары сияқты отаншыл болсын!
Мәтін редакциялық өңдеуден өткізілді: орфография, тыныс белгілері және стиль біріздендірілді.