Пырақтардың қанаттары болашақтың ертеңі жас ұрпақтың арманы биікке самғау талабы
Автор туралы
Оқушы
Акиш Алтынай
10-сынып
Мектеп
№3 орта мектебі
Іле ауданы, Жетіген ауылы
Жетекші
Жексетова Ә.С.
Тәуелсіздіктің айрықша белгілері
Тәуелсіздігін алғанына жиырма екі жыл болған мемлекетіміздің айрықша белгілері — Ту, Елтаңба, Гимн. Әр нышанның өз болмысы, ерекшелігі, өмір салты мен мұраты бар. Бұлар жай ғана белгілер емес — қазақ елінің, қазақ жерінің қасиетті идеясы. Бұл рәміздерді көрген әр адам еркіндік пен бірліктің мәнін терең сезінеді.
Рәміз — белгілі бір ұғымды, құндылықты танытатын сырлы таңба. Ол өзге елдердің алдында мемлекеттің қадір-қасиетін, жер байлығын ғана емес, рухани байлығын да айқындайды. Осындай елде өмір сүріп, осы құндылықтармен бірге дамып келе жатқаныма қуаныштымын.
Мемлекеттік Ту
Мемлекеттік Ту — аспан түстес көк реңді. Бұл кездейсоқ таңдау емес: ол адалдықтың, кіршіксіз тазалықтың, пәктіктің белгісі ретінде танылады. Көк түс ашық аспан реңімен үндес болғандықтан, халқымыздың түсінігінде ынтымақ пен бірлік, тұрақтылық, береке-байлық ұғымдарымен сабақтас.
Күн бейнесі
Тудың қақ ортасындағы күн — мәңгілік өмір мен тіршіліктің нышаны.
Қыран
Қыран — арман, мақсат, мұрат, азат күн мен кеңдікке ұмтылған бейне.
Осы мағыналардың бәрі бір тұтасқа айналғанда, жүректе ерекше күш пен үміт оятып, елдік бақыттың бір сәтін сезіндіреді.
Елтаңба
Елтаңбаның өзегі — көгілдір түс аясындағы шаңырақ. Бұл — Отанымыздың ошағы, біртұтастығы мен бастауы. Шаңырақты айнала орналасқан уықтар күн сәулесіндей тарамдалып, елдің береке-бірлігін айқындайды.
Шаңырақ пен уық
Бірлік, тұтастық, ортақ үйдің берік іргесі.
Қанатты пырақтар
Мәңгілік өмір мен шексіз даму идеясы, көпұлтты елдің рухани байлығы.
Жұлдыз
«Бағымыз ашылып, жұлдызымыз жана берсін» деген асыл арманның нышаны.
Жұлдыздың бес бұрышы — қазақтың кең пейілі секілді, дүниенің бес құрлығына теңдей ашық құшағын меңзейді. Ал пырақтардың қанаты — болашаққа ұмтылған жас ұрпақтың биік арманы мен талпынысын танытады.
Мемлекеттік Гимн
Мемлекеттік Гимн — еліміздің музыкалық эмблемасы. Ол — қазақ халқының өзге жұртқа жолдаған ақ ниетті сәлемі, жүректен шыққан үн.
Гимннің әр сөзі — ел намысының, азаматтық ардың айнасы. Оны жай тыңдап қана қоймай, бірге шырқағанда бойыңда ұландылық пен отаншылдық сезімі оянып, ерекше рух береді. Мұны сезіну — маңдайға біткен бақ.
Қорытынды ой
Осы құндылықтарды санасына сіңірген адам еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек етуге, білім алуға және Қазақстанның іргетасын бекітуге ұмтылады. Өйткені рәміздер — тәуелсіздіктің көрінісі ғана емес, жауапкершілікке шақыратын ұлы аманат.