Қазір бала емессің
О, дариға, алтын бесік туған жер, Қадіріңді кеше жүріп білмей ем. Топырағыңда тебіренбей жата алмаспын, Ақын болмай тасып кетсем мен егер. — Қасым
Пойыз жүрер алдындағы сәтті есіңе түсірші: қоңырау соңғы рет соғылады. Жолаушылар мен шығарып салушылар айырылар алдындағы сөзін асыға-үсіге айтып, құшақтарын енді ғана жаза бергенде, әлденені ұмытқандай қайта оралады да, қайта құшақтасады. Қызыл бояулы ерін қайтадан қайыс ерінге тиеді; бас-аяғы жоқ бір-екі ауыз тілек айтылады. Ал кеш қалған жолаушылар өрттен шыққандай, есі-тісі қалмай етек-жеңі далақтап жүгіріп келеді.
Жасыратыны жоқ: жылжып бара жатқан пойызға екі етегі далақтап әрең жеткен жолаушының бірі — менмін. Қара терге түсіп, алқынып келем. Шығарып салған жолдастарым да ренішті. Бірі құрдастығын арқаланып боқтап жатыр. Қалай қоштасқанымды өзім де білмеймін: құшағымдағы кішкентай баламды шешесіне ұстата салдым да, көк шолақ пойызға бір-ақ ырғыдым.
Кей сөздер жиі айтыла берген соң әсерін жоғалтады: кісі ұрысқанға да үйренеді.
Купеге заттарымды кіргізе сала қайта шықтым. Терезеге үймелеген жұртқа жақындап, мен де үңілдім. Бірақ көк шолақ пойыз құлдилап, сыпыртып ұзап та кетіпті.
— Жә, қайтесің… — деді сырт жағымнан салқын дауыс.
Жолдас: жазушы, сапар: Арал
Бұл — жолдасым. Жазушы. Осы сапарға бірге шықтық: Арал теңізіне барамыз, балықшыларды аралаймыз. Бүйірімізден Барсакелмеске де соғып қайтсақ деген ой бар.
Барсакелмес туралы әсірелеу
Жолға шығар алдында атақты жиһангерлер туралы көп оқитын бір жігітке осы ойымды айтып едім, басым пәлеге қалды. Барсакелместі ести сала көзі бақырайып: «Онда жылан көп. Айдаһар да бар дейді» — деп шыға келді. Тіпті «теңізге төніп тұрған құздың басында птицезаврдың жұмыртқасы миллион жыл жатыпты» дейтін мақаланы мысалға келтірді. «Күлме, леаргиялық ұйқыға кетуі мүмкін ғой» деп өзеуреді.
Әр қалада өзінен басқа ешкім білмейтіндей болып, қыр соңынан қалмай ақыл айтатын «білгіш» табыла береді.
Ал шындық ше? Барсакелместе үш күн болып, аралдың бас-аяғын қанша араласақ та, бұта түбіндегі інге кіріп бара жатқан бір қарыстай сұр жыланды әзер көрдім. Улы жыланға «тақымы толмаған» жұрт енді әнекей айдаһар мен самұрықты ойлап табады.
Купедегі үнсіздік және ыстық
Ішіме сыймай бара жатқан ренішімді айтқым кеп жолдасыма бұрылып едім. Бұл шақта ол терін басыпты: костюмін шешіп, көйлегінің жоғарғы түймелерін ағытып тастаған. Әдеттегідей аузында темекі. Бір аяғын бір аяғына салып, жастыққа жауырынын сүйеп шалқалап жатыр.
Ақжарқын, ашық жігіт. Бірақ кейде қайдағы бір көңілсіз ойды іздеп тауып алғандай, өз ішіне өзі үңіліп, үнсіз сарылып кетеді. Ондайда қашанғы қарасұр жүзі көкшіл тартып, кең маңдайына әжім жиып, әлденеге іштей жиырылғандай болады.
Ресторан вагоны
Көңілін көтергім кеп ресторанға апардым. Есікті ашар-ашпастан-ақ неше түрлі тағам иісі аңқып қоя берді. Адам көп, вагон іші қапырық. Байқаймын: жолдасыма ішіп-жем ұнамады, ыстықтан мазасы қашты.
Ас ішіп отырып темекі тартты. Көрші столдағылар наразылық білдіріп күңкілдеді, бірақ ол құлағына ілмеді: түтінін будақтатып отыра берді.
Түркістаннан өткен соң
Күн тіпті қатты ысиды. Купе іші қайнап кетті. Терезені сәл ашайын десең-ақ сырттан аптап лап беріп, бетіңді жалын шарпиды. Мен бір отырып, бір тұрып мазам кетіп жүрмін. Ал жолдасым осы ыстықты да сезбейтіндей, баяғы бейжай қалпынан танбай жатыр.
«Аралға барғасын рахат көреміз… Арал суы асыл ғой, табаныңа тас та, ұйық та батпайды, күмістей ақ қайыр сықыр-сықыр…» — дей бергенімде, ол мырс етіп күлді.
Сол күлкі менің ішіме сыймай келе жатқан сөзді көмейіме тіреп тастады. Қайыс беттеніп алған қарасұр жігітке енді қайтып жұмған аузымды ашқым келмеді. Осыдан бастап оны өлердей жек көріп келем.
Туған жер: мінін көрмей, қасиетін көру
Мінін жасыратын кісілер болады: тым қуысшыл ма, шамшыл ма, секемшіл ме — өз намысына өзі өртеніп, жұрт білетін мінін шалғайымен жапқандай қымтанады. Сол сияқты туған жеріңнің мінін де өз бойыңдағы міндей көріп, намыстанып, «шалғайыңмен жапқың» келіп тұрады.
Туған жердің қадірі
Туған жер — туған анаңдай ыстық. Тасы мен топырағына дейін жүрегіңді шоқтай қарып тұрады. Сен өзгелердің де осы жұпыны даланы дәл өзіңдей жаны үзіліп жақсы көргенін қалайсың. Туған жеріңді мақтаса, тап бір өзіңді мақтағандай төбең көкке жетеді: ол — алғаш жауырының тиген, кіндік қаның тамған жер.
Баяғы бала күнің есіңе түседі: май топырақты жалаңаяқ бұрқылдатып басып, қозы-лақ қуып өстің. Табаныңа шөңге кірді. Сарша тамыздың қапырығында топырақ қайнап, табаныңды шоқтай қарып бара жатқанда, кір-кір тұмсығыңның ұшын қинала кіржитіп, екі аяғыңды алма-кезек көтеріп, желге қақтырып алатынсың да, қайтадан зырлап жөнелетінсің.
Басқа балалардан гөрі менің табаным жалпағырақ еді. Сондықтан Әрен сияқты әзілқой ағаларым «майтабан бала» деп мазақтайтын. Бір аумақ құмды алдына үйіп алып, төбесінен алақанымен баса қалғанда өз аяғымның ізін көретінмін. Ол кезде ызаланып жылаушы едім. Қазір күлем. Тек қасымдағы көкбетке көзім түссе, күлкім тыйылады.
Жас кез: аңғырттық, есейген шақ: қатал сын
Кісі үлкейген сайын кекшіл болатын көрінеді; жас кезімізде намысшыл едік. Жас кезде аңғырт, алаңғасарсың: сезімің асау аттай, көп нәрсені байқамайсың. Қазір бала емессің, ақыл тоқтатпаған жас та емессің, жамандықты көп көріп шар тартқан шал да емессің. Енді өзіңе-өзің қатал сыншысың: көлденең кісіден бұрын өз мініңді өзің байқайсың.
Сонда бір сұрақ: неге туған жеріңнің «міні» көрінетін жерде түк көрмей, көз байлаулы кісідей жүресің?
«Сондаң шаңы бұрқылдаған Арал ма?»
Кейінгі жылдары кең дүниенің қай қиырында жүрсем де, Арал теңізі мен Арал даласы бір сәт есімнен шыққан емес. Бірақ «Сондаң шаңы бұрқылдаған Арал ма?! Сол да жер ме?» деп қолын бір сілтеп қоятындар бар. Соның бірі — қасымда келе жатқан мына көкбет.
Көрмегеннің кесімі
Атаң қазақ «көрмес түйені де көрмес» деген. Көк шолақ пойызбен тұсынан сыпыртып өте шыққан адам сырты жүдеу өлкенің қай сырына көз жеткізді дейсің? Кісі өтірікті өтірік айтайын деп айтпайды: көңіліндегі қиялы ажарлап алған әсерін ғана айтады.
Аралдың көктемін айтпай-ақ қояйын: қай жерде болса да көктем — жігітін күткен қыздай, жасыл желекке оранып жасарады. Ал жаз ортасында сары дала қурап, қылтанақ шөп күйгенде салт атпен жолға шығып көрдің бе? Аузыңды шыт орамалмен байлап аласың. Тақтайдай жазықта көз ұшындағы бір қара ноқатты бетке алып, сылқытып келесің.
Сілесі қатып, шөлдеп шаршағанда алдыңнан бір терең сай — Үкілі сай ма, Тораңқұл сайы ма — кездеседі. Сай бойының көгалы ыстыққа шалдықпаған. Ат қапталынан келетін қаракөк жусан сыймай, қақалып тұрғандай. Ық жақтан келген жолаушыға жақындай бере-ақ көк майқара жусанның иісі бұрқырап, мұрныңды жарып жібереді.
Жусанға кеудеңді басып жатсаң…
Аттан түсіп, ат тұсарлығынан келетін көк майқара жусанға кеудеңді басып, көміліп жата кетсең болды: тау басынан сылдырап аққан су болмаса да, аздан соң денең салқындап, бойың сергіп, жол соғып шаршағаныңды ұмытып кетесің. Ән салғың келеді. Өмірінде «әу» деп көрмеген кісі де осы арада өзін әнші сезініп кетеді.
Ал біреулер пойыз терезесінен-ақ: «Япыр-ай, мына араның халқы қалай тұрады екен? Кісі саялар бір түп тал жоқ. Күні қандай қайнап тұр!» — деп кіжінеді. Бұл — екі көзіңді бақырайтып қойып, шаршы топта насырыңды шұқып айтқанмен бірдей. Бір күн де тұрмаған, бір жанмен де тілдеспеген адамға сондай тұрпайы сөз қалай оп-оңай айтылады?
Аралдың байлығы: балық, еңбек, думан
Әлі есімде: бір жылы Аралға бара жатып ел үстінде жатқан Мұқан Иманжановқа соқтым. Марқұм балықты жақсы көретін. «Балықты армансыз жейсің-ау енді» деді. «Сазан бола ма?» деп сұрады.
Сазанның өлшемі
Үлкенін дәл айтқым келді. Үй ішінен теңеу іздеп тұрғанда Мұқанның екі баласына көзім түсті де: «Дәл ана Мақсұттай сазандар болады» — деп қалдым. Мұқан жымиып: «Қой, бауырым, мынауың артық болар» деді. Қатемді түзегім кеп: «Онда ана Рүстемдейі анық» дедім. Ол одан сайын күлді. Мен қызарып қалдым.
Кейін Аралда балықшылардың ауынан шыққан кісідей-кісідей сары бауыр сазандарды көріп, сол жолы бекер қысылғанымды білдім: көрмеген кісі қайдан сенсін?
Аралда бір центнерден асып түсетін бекірелер бар. Қармаққа түскен жайынды жазылы қардың беліне кесе көлденең салғанда, басы жерге тиіп, құйрығы сүйретіліп жататынын көрдім. Асырып айтқаным емес: Арал өзім көрген теңіздердің көбінен балықты.
Изендідегі «Шулыған»
Көктемде Изенді деген жерде шемая маусымы басталады — қызғалдақтай тез өтіп кететін ойын балық. Су ортасында үйдей биік көк тас бар, оны «Шулыған» дейді. Айдын аппақ болып тып-тынық жатса да, Шулығанның маңы ақ жалданып, өкіріп-шулап тұрады.
Шемая атаулы осы көк тасқа жиналғанда, балықшылар да жылда-жылда Аралдың өр түкпірінен келіп, бір айдай ұлы дүбір салады: әнші, сауықшы шығады, отты айтыс тұтанады, кино, концерт қойылады. Балықтың көптігі сонша — кей жылдары заводтар игере алмай, Изенді басы қан сасып кетеді.
Теңіз үстіндегі өзгеріс
Пойыздан түскесін біз де катерге отырып, теңіздің шығыс жағына тарттық: Бөгенге, Қарашалаңға, Қаратереңге барамыз. Бұлар — балықшылардың киіздей ұйысқан қалың жері әрі Сырдарияның теңізге құяр сағасы. Тұщы суы мол болғандықтан, жұрт балықпен қатар үй іргесіне бақша-бау да егеді; күзге қарай Арал қаласына қауын-қарбызды төгіп тастайды. Бір кездері қырық бір килолық қара қарбызды көріп, жағамызды ұстағанбыз.
Мақтан мен даңғаза
Мақтанатын жеріңде мақтану керек. Бірақ бос шелекті даңғыр-даңғыр қаққандай беталды даурықпаған жөн. Кейбір «тұзы жеңіл» бастықтар істің ақиқатын жасырмақ болып, жұртты дақпыртпен желөкпелендіріп, жұмыс орнына думан қуғызады. Іс таба алмаған еріккеннің бір галошты бір галошқа сұққан ермегіндей, барды да бүлдіретіні жаман.
Катер теңізге шыққалы жел басылып, шырадай тынды. Көк аспанда анда-санда ақ бұлттар ғана көрінеді. Шілдеде күн тас төбеден шақырайса да теңіз үсті — қағу. Ашық айдын аппақ атластай жалтырап, көз қарып тура қаратпайды.
Жүрдек катер бір әуеннен жаңылмай гүрілдеп келеді: сүйір тұмсығы қанжардай, ақ тымықты ақ шарбы майдай жарып, екі жағына жарпақ-жарпақ аударып тастайды.
— Тамаша! Рахат мұнда екен ғой! — деді жолдасым.
Қанша көкбет болса да, райынан қайтыпты.
Кеше жол үстінде көрген жәбірімді ұмыта алмадым. Бірақ бүгін ұшан-теңіз үстінде жүзіп келеді. Ертең Қарашалаң көлінен моторлы қайыққа мініп, ит тұмсығы батпайтын нар қамысты Жарма каналымен қақ жарып өтіп, Сырдарияға шыққанда, Арал табиғатының талай таңғажайыбын көретініне көзім жетеді.
Жарма каналы: ну қамыстың құпиясы
Аралда туып өссем де, дәл Жарма бойындағы нар қамыстай қамысты көрген емеспін. Жапонияның бамбук орманын көрмедік, бірақ Фенимор Купер романдарында үрей ұшыратын ну тоғай дәл осындай шығар деп ойлайсың.
Үрейдің себебі — белгісіздік
Жармадан жүзіп өткен сайын ертегідегі хикаялы дүниенің құпиясына кіріп бара жатқандайсың. Қамыстың әрқайсысы кісі білегіндей, төбесі көкке шаншылған. Бір қайық әрең сыйғандай тар каналмен қақ жарып келесің. Қалыңға кірген сайын өзің де, қайығың да, қасыңдағы кісілер де қораштанып кішірейіп барады.
Бұл жалғыз көзді дәудің мекені емес екенін білесің, алып жыртқыш аңдып тұрмағанын да білесің. Бірақ сонда да қамыстың көз жетпей түксиіп тұрған қарауытына үрейлене қарайсың: бірдеңе сытырласа, селк ете қаласың. Сол кезде қайықшының жол тапқыштығына да іштей күмән келтіресің.
Жо-жоқ, Жарма — Арал табиғатының оқшау біткен ғажайып дүниесі. Айта берсең…