Бүгінгі күннен

«Өре» деген не: ұмытылып бара жатқан ұғым ба?

«Өре!» — архаизмге, яғни көнерген сөзге айналып бара жатқандай көрінеді. Ал мәніне үңілсек, бұл ұғымның салмағы жеңіл емес. «Өре» сөзінің бір мағынасы — құрт-ірімшік жайылатын құрал. Екінші мағынасы — адамның ақыл-ой деңгейі, яғни адамды адам ететін ішкі ингредиент. Деңгей, өре дегеннің аясы кең: дүниетаным, пайым-парасат, ойдың тереңдігі — бәрі осы ұғымға сыйып кетеді.

Өре — адамның дүниетанымы, ойлау мәдениеті, пайым-парасаты. Оны көтеріп отырмаса, адамның төмендей беретіні шын.

Өрені не көтереді?

Өрені көтеретін нәрсе көп: кітап, өнердің сан алуан түрі (театр, бейнелеу өнері, музыка, қолөнер және т.б.), кәсіби іс, сапалы ақпарат. Осы тұста бір сұрақ мазалайды: бүгінгі замандастардың өресі қай деңгейде? Ал өремізді көтеруге қызмет ететіндердің өз өресі ше?

Өзіңізге қоятын қысқа сұрақтар

  • Соңғы рет әдеби кітапты қашан оқыдыңыз?
  • Сізді ойландыратын поэзияны іздейсіз бе?
  • Тыңдайтын музыкаңыз сізді көтере ме, әлде уақытша қызық қана ма?
  • Театрдан не түйіп қайтасыз: ой ма, әлде жай ғана «өтуі тиіс» кеш пе?

Кітап: оқымау — ең ауыр қиянат

«Кітапты өртегеннен де жаман қиянат — оны оқымау».

Осы сөзді өзімізге қаратып көрейік: біз шынымен әдеби кітап оқып жүрміз бе? Бұл тұрғыда өреміз қалай?

Поэзия: жанды сәулеттендіретін өнер

Мұқағали: «Поэзия! Менімен егіз бе едің?» — деп жазды. Ол — ақын. Өлеңмен бір туған. Өшпейтін дүние қалдырды. Біз сол мұраны оқып жүрміз бе? Адам жанын сәулеттендіретін поэзияға қаншалық жақынбыз?

Музыка: көтере ме, әлде «тойшыл» әуенге тұсай ма?

Музыка туралы әңгімені таңды таңға ұрып таусыра алмайсың. Бірақ кейде ойлаймын: өреміз «тойшыл» әндерді тыңдап, қызықтаудан әрі аса алмай қалды ма? «Қызыл өрік» (әлде «бөрік»), «ана жақта жоқ-жоқ, мына жақта жоқ-жоқ» тәрізді жеңіл сөзді әндермен бүгінгі ұрпақ қанаттанып келеді. Сонда мұндай әнсымақ тыңдаушының өресін қай деңгейге көтереді?

Талғамның өлшемі

Өнер көңіл көтерумен ғана шектелмей, адамның ойын тереңдетіп, сезімін тәрбиелеп, деңгейін биіктетуі керек.

Театр: ой салатын кеңістік пе, әлде тұрмыстың көшірмесі ме?

Театрға барып тұрасыз ба? Бүгінгі сахналық қойылымдар өрені көтеруге жарап тұр ма? Ой сала ма? Әлде кешегі-бүгінгі күнкөрісті ғана жырлаған дүниемен шектеліп қалды ма? Театрдан соң өзіңізге сұрақ қойып көрдіңіз бе: не ойладыңыз, не түйдіңіз?

Жеңіл қабылданатын дүние көбейген сайын өре жұқара ма?

Қазір күрделі дүниеден (кино, музыка, спектакль, көркемөнер) гөрі тез ұғылатын, тез қабылданатын — әрі тез ұмытылатын — көбік сериалдар мен жеңіл-желпі әуендерге ықылас басым түсіп бара жатқандай. Классикалық туындылар, үлкен музыка, салмақты спектакльдер, әйгілі қаламгерлердің қалың томдарына қарағанда, жеңіл оқылатын, езу тартқызатын дүниелер тартымдырақ көрінеді. Қызыл-жасыл жылтырақ пен жеңілтек әуен салтанат құрып тұрғандай.

Кешеден қалған мұра бар. Ертеңге не қалдырамыз?

Кешеден бізге дәулескер күйшілердің, әншілер мен бишілердің, әйгілі суретшілердің мұралары қалды. Бүгін соларды зерттеп, үйреніп, орындап, жазып күнелтіп келеміз. Ал ертеңгі, арғы күнгі буынға бүгінгі бізден не қалады? «Қызыл өрік» пе? «Ана жақта жоқ-жоқ, мына жақта жоқ-жоқ» дегендер ме?

Жақсыны іздеу керек. Адассақ та, қателессек те, құласақ та, дауға іліксек те — іздеу керек. Бүгінгі күннен ертеңге жететін мол мұра қалуы тиіс.

«Жатқан — адаспайды, жүрмеген — құламайды». Бірақ жүрмеген ешқайда бармайды.