БІРІНШІ БӨЛІМ

Бірінші бөлім

Басын Арқаның аласа тау сілемдерінен алып, шығыстан батысқа қарай садақша иіліп, баяу аққан Жыланды өзені бетеге, жусан, бұйырған өскен боз топырақты жазық даланы, сиыртаңдай құм төбелерді, ақ сорға айналған көл табандарын және қазаншұңқырлы алқаптарды басып өтіп, көктемгі тасқында Ащыкөлге құятын.

Өзеннің мінезі

Жаз айында суы кеміп, кей тұстары жағасына қамыс, құрақ, анда-санда шоқ-шоқ шілік өскен, бірде тұщы, бірде ащы үзік-үзік қара суға айналады. Жағасы биік әрі құлама болғандықтан, суаттан басқа жері тіршілікке қолайсыз.

Елдің көбі жайылым қуып, шашырай қонып, ауыз суды құдықтан ішіп, малды да құдықтан суарып әдет қылған. Қыста қар суымен күн көреді. Әсіресе егіні жоқ, біржола мал бағып, құм жайлаған шаруалардың өзен суына күні түсіп көрген емес.

Судың аз-көбі — жұрттың көңіл күйі

Әйтсе де солардың өзі биыл Жыландының суы аз десе, айдалада отырып уайым қылады; көп екен десе, «е, бәрекелді» деп қуанып, шүкіршілік етеді.

Сол Жыландының «арғы бет» деп аталатын түстік аймағында елді мекеннен тым жырақ қоныстанған жалпақ ауыл сырттан келген адамдарға өздерін: «Қосымнан тараған бір атаның балаларымыз ғой», — деп таныстыратын.

Бірақ Қосым қайда, біреу қайда: бұл күнде біраз ата бір-бірімен қыз алысып, қыз берісіп, нағашылы-жиенді күйге ауысқан. Жиын-кеңесте бір-бірін қағытпай отыра алмайды.

Ауылдың әзілі — ащы қағытпа

Еріккен шалдар таяғымен жерді шұқып қойып, әлдекімдерге: «Шірік неме, сені бүлдірген анау шөккен түйеге міне алмайтын жаман әкең ғой, сірә», — деп тиісер еді.

Ал пысықтау біреу болса: «Өзің бізге тартып адам болып жүрген шығарсың; егер аталарыңа қараған күн болса, біржола жынды болып кетер ме ең», — деп кеңк-кеңк күліп, қажаған адамының шақшасын сұрап, насыбай атысып отырар еді.