Жүздері солғын
Тойдың қызуы
Күмбірлеген күймен бірге Қонысбайдың үйлену тойы үйдің ішінде басталып та кетті. Ерлі-зайыптылардың денсаулығы мен бақытты ғұмыры үшін дүркін-дүркін тост көтеріліп, жас отбасыға инабатты құттықтау сөздер айтылып жатты.
Жаңа ғана пешке салынған көмір қып-қызыл шоқ болып, салқын үйді қыздыра бастады. Сол сияқты қызғылт ішімдіктер де тым-тырыс отырған жұрттың бойын жылытып, әңгімені қозғап жіберді. Т әрпіндей ұзын үстелді жағалай отырған қонақтар дабырласып, өзара ду-ду әңгімеге кірісті.
Бір сәттің көрінісі
Мұндай көңілді шақта әркім ағынан жарылып, біреуі мансабын, біреуі тұрмыс-тіршілігін, енді бірі күнделікті күйбеңін сөз етеді.
Босағадағы өсек
Босағада отырған екі әйелдің әңгімесі созылып сала берді:
- — Бетім-ау, Шайзада ажырасып кетіпті!
- — Жиырма бес жыл отасқан күйеуімен бе?
- — Иә.
- — Тәуба! Алиментін алып тұра ма екен?
- — Алғанда қандай, үш баласына елу пайыз!
- — Мен өзім сауатты әйелдерді жақтыра бермеймін.
- — Е, неге?
- — Байының үстінен арызды қарша борататындар бар... Қыздарды тек шағым жазу үшін оқытпайды ғой, құдағи-ау!
Дүкеншілердің мұңы
Бір бұрышта отырған екі дүкенші де жайлап сырласа бастады.
- — Ойбай, Үмеке-ау, саудадан пайда түсіру қиындап кетті. Бір кезде таңсық болған тігін машинасы мен түбіт орамалға қазір жұрт пысқырып та қарамайды.
- — Несін айтасың, — деп ауыр күрсінді екіншісі. — Бес-алты кәмпитті таразыға сылқ еткізіп салып, бес-он тиынды жылп еткізіп қалтаға жымқыратын заман әлдеқашан өтті. Екінің бірі — тексеруші. Қымқырғаныңды сезсе, әкеңді танытады.
- — Қызыл мұрындарға ақтелпекті құйып сатып, там-тұмдап пайда табушы едік, оны да құдай көп көрді. Оның үстіне, ішермендер де азайып барады...
Ақындардың айтысы
Екі жастың тойында өз өлеңдерін ыстық шабытпен оқыған қызуқанды ақындар да қызыл кеңірдек болып, бір-бірімен сөз таластырып жатыр.
- — Сен білесің бе, тәуір жаза бастаған тракторшы ақын қайда?
- — Тыңға аттанған болар.
- — Сеніңше, Хамбай қандай ақын?
- — Хамбай ақын емес, Жамбай ақын.
- — Ал әлгі мұртты лирик ше?.. Аты кім еді?
- — Әзіл-оспақ жазатын артист ақынсымақты айтасың ба?
- — Жо-жоқ, құрылысшы ақынды айтам...
- — Шахтер ақын — Лақаңның талқаны таусылды-ау, ә?
- — Таусылғаны несі, алпыс мың жол өлең-роман жазды дейді ғой!
Жүргізушілердің назары
Ақындарға жанаса отырған нығыз денелі жігіттер — көлік жүргізетіндер болса керек. Сөз саптаулары-ақ соны аңғартады.
Нарықтың өзгерісі
«Қара қазан төңкерілді. Жарты-байлық нәпақа көзден ұшты... Қазір автобус, такси құмырсқадай қаптап кетті. Жүк машинасына кешеуілдеген жолаушы ғана отырады. Оның өзі бір сом сұрасаң, көзін алартып: “Автобус отыз тиын, сен не көкіп тұрсың?” — деп ат-тонын ала қашады».
Тексеріс пен қорлық
«Бәрінен де ГАИ-лықтардың қорлығы өтеді: тормозыңды ырғап-ырғап көреді, баллоныңды тепкілейді, тұмсығын жақындатып аузыңды иіскейді. “Жолдамаңды көрсет!” — деп ит әуреге салады».
Бастықтың «баяндамаға» беріліп кетуі
Төр жақта қасқайып отырған колхоз бастығы Кәупек Кәукенич екі қолын ерсілі-қарсылы ербеңдетіп, орнынан әрең тұрды. Терлеген желкесін сүртпек болғанда, жуан шүйдесінің терең жыпқылдары бет орамалын қысып қалып, бар күшіне салып тартқанда орамал ортасынан қақ бөлінді. Ол қолына іліккен шүберекпен быржиған бетін рақаттана сүртті де, жұртқа сүзіле қарап, сөзін бастап кетті:
— Жолдастар! Қылышын сүйретіп қыс келеді. Ал біздің дайындығымыз мардымсыз. Шопандарға қой қора салу жұмысы баяу. Сүрлем қоры жеткіліксіз. Жантақсайдағы мая-мая пішенді көрінгеннің малы жеп жатыр. Өлі су ішіп, іш тастаған буаз қойларға дереу шара қолдану керек. Қолхозымыздағы жеті жүз елу екі килограмм...
— Ғафу етіңіздер, яғни жеті жүз елу екі бас жылқының тұқымын өсірейік. Қысқасы, жылқы атаулыны молайталық!
Кәупек Кәукенич қолындағы арағын қағып салды. Тағы сөйлейін деп ыңғайланғанында, қасындағы сапалақ сары бәйбіше оның етегінен тартып қалды:
- — Шалым-ау, саған не көрінді? Біреудің тойында баяндама жасағаның не? Кеңсеңе барғанда айтарсың. Көкіме, тыныш отыр. Қыздар ән салсын, тыңдайық!
Жиынның той екенін енді сезінгендей, не зайыбының сөзін жерге тастағысы келмегендей, басекең ләм-мим демей орнына қонжиып отыра кетті.
Терезе түбіндегі екі мұң
Терезе тұсында екі адам үнсіздеу отыр: жүздері солғын, көңілдері жүдеу. Оқта-текте ыбыр-сыбыр сөйлеседі.
- — Өсеке, хал қалай?
- — Несін сұрайсың, Қосеке-ау... арақты ерте бастап, міне, денсаулықтан айырылдық. Дәрігерлер «асқазаныңның түгі түскен» дейді. Былтыр Қырымға барып емделдім. Жаманы — ет жеуге де, арақ ішуге де мүлде болмайды.
- — Менің де дертім сол, достым. Бір грамм ішсем де, асқазаным түйіліп, көгеріп-бозарып кетемін.
- — Той-думанда елден ерек жабығып отыру — барып тұрған сорлылық екен.
- — Бойында күші жоқ Сарыағаштың салқын суы көңілді қайдан шалқытсын?
- — Жүр, дастарқанға жақынырақ отырайық. Мына сүт қатқан күріш көжені ішіп жіберейік. Екеумізге диетаны қатаң сақтау керек. Әйтпесе денсаулықтан айырыламыз... Нарзаннан құяйын ба саған?
Еңбек пен серілік туралы сөз
Оларға іргелес отырған егделеу екі адам да өз «ақиқатын» айтып отыр. Әңгімені қызыл шырайлы кісі бастады:
Еңбек есебі
«Сенесіз бе, биыл екі мың еңбеккүн таптым. Қойшылыққа не жетсін! Мемлекетке артығымен жүн тапсырып, құда қаласа, келесі көктемде “Волга” сатып алам. Еңбек етсең — емерсің».
Сері мінез
«Сіз мені үгіттемекшісіз бе, тақсыр? Қойдың рақатын өзіңіз-ақ көріңіз. Бізге серілік өмір жетеді: той көп болсын, көкпар мен бәйге үзілмесін. Ақбоз атым аман болса, дастарқанымнан тегін соғым үзілмейді. Үзеңгіні бір тебінсем, үйге тақымым бос қайтпайды... Шіркін, көкпар — ыю-қыю дүние-ай!»
Үй ішіндегі ұсақ мінез
Манадан бері аузы тынбаған қысық көз, шыпылдақ, шұбар келіншек шарапқа шама бермей отыр. Қасындағы күйеуі оны түйгіштеп-түйгіштеп қояды:
- — Аз іш деймін, мас болып қаласың!
- Күйеуі әйеліне тесірейе қарап: — Бүйірімді оясың, тәртіпсіз неме, — деді де, қолындағы тостағанын төңкере салды.
- — Қап, сені ме! Үйге барған соң сазайыңды бермесем, Ақбике деген атым құрысын!
Әркімнің бір дерті бар деген осы шығар.
Тойдың соңы
Сөйтіп, не керек, әйтеуір той да тарқап тынды.