Қазақстан халық­тарының бірлігі күні

1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні

Бұл күн еліміздегі татулық пен өзара сыйластықтың терең тамырланғанын еске салады. Қазақстандағы ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты сақтаудың ерекше үлгісі ретінде 1995 жылдың наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бұл — саяси маңызы жоғары, көптеген мемлекеттерде баламасы жоқ институт.

Ассамблеяның ауқымы мен қоғамдық рөлі

Ассамблея 365 мүшені, 471-ден астам республикалық, өңірлік, облыстық және қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктерді, сондай-ақ 500-ге жуық кіші ассамблея мүшелерін біріктіріп, ортақ үйіміз — Қазақстанда шынайы достық пен қоғамдық келісімді нығайтуға қызмет етіп келеді.

Бүгінде әрбір этностың салт-дәстүрін жаңғыртуына, мәдениеті мен әдебиетін дамытуына, тілінің өркендеуіне жүйелі қолдау көрсетіледі. Бұл үрдіс азаматтық ынтымақтастықты және ішкі саяси тұрақтылықты сақтауға бағытталған мемлекеттік саясаттың нәтижесі ретінде көрініс табады.

Ортақ құндылықтарды қалыптастыру

Өзара түсіністік, ұстамдылық және әртүрлі этностардың рухани-мәдени құндылықтарына құрметпен қарау мәдениеті жалпыұлттық идеалдар мен ортақ қасиеттердің орнығуына ықпал етті.

Нәтижесінде әрбір этнос конституциялық-құқықтық негіз аясында өзіне тән ерекшелігін сақтай отырып, Қазақстанның қоғамдық құрылымына үйлесімді түрде кіріге алды.

Қоғамдық институт ретінде толық қалыптасқан жүйе

Ассамблея Қазақстанның саяси жүйесінде маңызды тетікке айналып, барлық этностардың мүддесін ортақ қазақстандық мүддемен ұштастыруға ықпал етеді. Ол ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан әр азаматтың құқығы мен еркіндігін қорғауды қамтамасыз ететін қоғамдық институт ретінде орнықты.

Қазақстанда қалыптасқан бірлік пен тұрақтылықты сақтау тәжірибесі этносаралық мәселелерді шешудің халықаралық тәжірибесіне еніп келеді. Жолдауда көрсетілгендей, қоғамдық келісімді одан әрі нығайту — елдің қалыпты дамуы мен әлемдегі бәсекеге қабілетті мемлекеттердің қатарына қосылу секілді жоғары міндеттерді орындаудың негізгі шарты.